ЖАСТАР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Заң мен тәртіп
Өнер орталығында облыс жастары бас қосты. Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен TEDx форматындағы кездесуге облыс әкімі Асхат Шахаров, Yandex Kazakhstan GR директоры Мейірбек Мұқатов, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин, т.б. қатысты.

Қоғамда өз орны бар, әр салада табысқа жеткен азаматтардың өмір жолын үлгі ету арқылы жастарды табандылыққа, білім мен еңбекке баулып, патриотты және белсенді азамат ретінде қалыптастыру, жастардың саналы таңдау жасауына жол ашу, оларды зиянды әдеттерден сақтандыру мақсатында өткізілген кездесуде спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Өңір басшысы Асхат Шахаров «Тәуелсіздік пен отаншылдық» тақырыбында сөз сөйлеп, жастарды ел тағдырына бейжай қарамауға, тәуелсіздіктің құндылығын терең түсініп, мемлекеттің дамуына үлес қосатын белсенді буын болуға шақырды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға идеологиялық бағыттағы нақты тапсырмалар қойған болатын, бүгінде өңірде барлық салада бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде ең маңыздысы — жастармен жұмыс. Жылдың басында жастар саясаты мәселелері басқармасы құрылған болатын. Бүгінде жастарға қатысты діни сауаттылық, бос уақытты тиімді пайдалану, болашақ мамандық таңдау және кәсіби бағдар беру сынды түрлі мәселелер айтылып, сарапшылар мен мамандар жан-жақты талқылау жүргізеді. Сол арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімім мол, — деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров бүгінгі жастар — ертеңгі ел тірегі екенін айтып, олардың алдында түрлі мүмкіндіктерпен қоса, сынақтар да болуы ықтималдығын тілге тиек етті. Еліміз үшін ең маңызды құндылық тәуелсіздік пен отаншылдық екенін, жастардың міндеті егемендігімізді сақтап қана қоймай, оны нығайту, елді дамыту екендігін айтты.
— Отанға қызмет ету дегеніміз тек әскери борышпен шектелмейді. Ол, ең алдымен, білім алу, бәсекеге қабілетті болу, еңбектену, әділдік пен жауапкершілік таныту. Өзімнің өмір жолымда да осы құндылықтарды бірінші орынға қоямын. Отбасымнан алған тәлім — адал еңбек, әділ шешім қабылдау, ешкімге қиянат жасамау. Әкем өмір бойы қара жұмыс істеді, механизатор болды, жастайымнан еңбекке баулыды. Анамыз медбике болып еңбек етті. Осындай қарапайым отбасында өстім, бірақ, ең бастысы, ата-анамыз ұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамға қызмет ету парыз екенін, ертеңгі күнге сеніммен қарау керегін ұқтырды. Сенім болса, адал қызмет арқылы барлық мақсатқа қол жеткізуге болады. Жастардың алдында мүмкіндік көп. Біздің арамыздан шыққан Димаш сияқты таланттар әлемге танылып жатыр. Сол секілді сіздердің араларыңызда да талай дарынды, алғыр жастар өсіп келеді. Сіздерге айтпағым, еңбек етіңдер, білім алыңдар, елге қызмет етіңдер. Болашақ сендердің қолдарыңда! — деген облыс әкімі отанды сүю, ең алдымен өзің өмір сүретін ортада тәртіп пен тазалық сақтаудан басталатынын айтты. Елімізде жастарға сапалы білім алуға, өз қалауынша мамандық таңдауға, кәсіби білім мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік мол. Соларды тиімді пайдалану керектігі айтылды.
— Өмірдің әр кезеңінде күмән, қиындық, тоқырау болуы мүмкін. Бірақ сенімдеріңізді жоғалтпаңыздар. Сенімді адам ғана биікке жетеді. Жастардың жетістігі — елдің жетістігі. Бәрімізді біріктіретін нәрсе — еліміздің болашағы. Болашақ қандай болса, біз де сондай өмір кешеміз. Сондықтан бейбітшілік, тұрақтылық, бірлік бәрінен қымбат.
Білім — ең үлкен қару. Әрбір шешімді ой елегінен өткізу, әр әрекетке жауапкершілікпен қарау — болашаққа барар жол. Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Біз бір-бірімізді қолдап, жаңа заманның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалансақ, үлкен жетістікке жетеміз. Бүгінгі кездесу сіздерге жаңа серпін, жаңа ой береді деп сенемін, — деді облыс әкімі.
Жастарға өз тәжірибесі туралы айтқан Yandex Kazakhstan GR директоры Мейірбек Мұқатов өмір бойы білім алу қажеттігін, бүгінгі мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керектігін алға тартты.
— Диплом алу маңызды, бірақ ол білім мен табысқа кепілдік бермейді. Сондықтан білім алуды үздіксіз жалғастыра беріңіздер. Егер сен оқымасаң, артта қаласың, елің де артта қалады. Сондықтан әрқашан ізденіп, білім алуды тоқтатпаңыздар, армандарыңызға жету үшін бар мүмкіндікті пайдаланыңыздар, — деген М.Мұқатов жастарға жетістікке жету үшін қажетті дағдыларды айтты, олар — арман мен адал еңбек, жетістікке жеткен адамдардан ақыл-кеңес сұрау, солардан үлгі алу, үлкен мақсат қоюға, қателік жасауға қорықпау, жаңа технологияларды меңгеру, атақ, байлыққа қызықпай, жауапкершілікпен қызмет ету, қайда жүрсе де елге қызмет ету.

«Заң мен тәртіп» тақырыбында сөз алған Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев құқықтық мәдениет пен заңды құрметтеу әр азаматтың басты міндеті екенін түсіндіріп, жастарды тәртіпке, әділдікке және жауапкершілікке шақырды. Актер Дәурен Серғазин «Әділдік пен жауапкершілік» тақырыбында сөз сөйлеп, адами құндылықтар, әділдік пен адалдықтың өмірдегі рөлі туралы ойымен бөлісті. «Әр адам өз өміріне деген жауапкершілікті өз қолына алуы керек. Әркім өзінен бастаса, онда біз салауатты, әділ және саналы қоғам құрамыз», — деді ол.
Халықаралық Heriot-Watt университетінің 3-курс студенті Аида Кадын бірлік және ынтымақ тақырыбында сөз қозғап, қоғамдағы бірлік пен өзара қолдаудың, толеранттықтың маңызды екенін айтты.
— Мен көпұлтты отбасының өкілімін: анам — қазақ, әкем — гагауз. Кішкентай кезімнен ата-анам маған тілге деген сүйіспеншілік — отанға деген сүйіспеншілік екенін айтып өсірді. Қазіргі таңда «Сөйле» тілдесу клубының жетекшісімін. Клубымыздың мақсаты — тұрғындарға қазақ тілін тегін үйрету, тіл арқылы адамдар арасында сенімді көпір орнату, — деді ол.

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің бөлім меңгерушісі, «Шапағат» орденінің иегері Дархан Шанбаев «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» тақырыбында сөз сөйлеп, жастарға мамандықты игеру, үздіксіз дамуды мақсат ету және еңбекқор болудың тұлға қалыптастырудағы рөлі жайлы айтты:
— Жетістік — бір күннің жемісі емес, жылдар бойы төгілген маңдай тердің нәтижесі. Осыдан 2 жыл бұрын Германия мен Францияның өндіріс орындарында тағылымдамадан өтіп жүргенде, сол жақта 60 жастағы инженермен таныстым. Ол күні бойы жұмыс істеп, кешке онлайн курс тыңдап отыр екен. «Сізге бұл не үшін керек, тәжірибеңіз жеткілікті ғой?» деп сұрағанымда: «Білім — зейнет жасына дейін емес, өмір бойы қажет нәрсе» деді. Міне, кәсіби біліктілік деген осы — үнемі іздену, үнемі жаңару, үнемі өз ісіңді жетілдіру, — деді ол.
Кездесу соңында әнші Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы «Мен қазақпын» әні шырқалды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



