Басты жаңалықтар

АГРАРЛЫҚ САЛА ҮЗДІКТЕРІ

Мереке

Ақтөбеде Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.  Оған сала қызметкерлері мен ардагерлері жиналды. 

Жиналғандар әуелі Өнер орталығының фойесінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесін тамашалады. Көрмеге қойылған өнімнің бәрі «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген. Мұнда еттен жасалған түрлі тағам мен сүттен жасалған сан алуан өнім, жеміс-жидектерден жасалған тосап түрлері қойылған, өсімдік өсіру тәсілі мен аграрлық сала мамандарына қажетті құрал-жабдықтар да таныстырылды.

Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Асхат Шахаров сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, олардың  аграрлық секторды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

— Аграрлық сала — халықтың өмір  сапасына тікелей әсер ететін экономиканың негізгі секторы. Ауыл еңбеккерлері азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірдің дамуына зор үлес қосуда. Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында атап өткендей, өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, адал азаматтар қашанда табысқа жетеді. Бүгінде ауылда жұмыс істеп жүрген мамандар заман талабына сай білімді, тәжірибелі әрі еңбекқор. Олар — ауылдың болашағын қалыптастырып жатқан нағыз патриоттар. Саланы мемлекеттік қолдау артып келеді. Тек биылдың өзінде субсидияларға 15 миллиард теңге, көктемгі егіске  5,9 миллиард теңге жеңілдетілген несие бағытталды. Біз заманауи технологияларды енгізуді жалғастырып, шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуі мен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыруға жағдай жасап келеміз, — деді облыс әкімі.

Саланы жаңғырту тақырыбын жалғастыра отырып, Асхат Шахаров ауыл шаруашылығына озық технология мен инновациялық тәсілдерді енгізу жөнінде сөз етті. Атап айтқанда, ол «KazFeltec» компаниясының қой жүнін терең өңдейтін Қазақстандағы алғашқы цехының іске қосылғанын, оның жылына 2 500 тоннаға дейін жүн өңдеп, өнеркәсіптің түрлі саласы үшін ассортименті мол өнім шығара алатынын алға тартты. Облыс әкімі «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуовті ерекше атап өтті.  Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл — өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы тынымсыз еңбегі мен жетістіктерінің жарқын дәлелі.

Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады. Әйтеке би ауданындағы «Томирис» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жолмұрат Орынбай —  «Құрмет» орденімен, «Жаңажол+» ЖШС директоры Сұлтанғали Мамитов, «Айс» ЖШС бас инженері Иван Золотарев, «Ақ тілек» шаруа қожалығының бригадирі Серікқали Исламов — ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, ал «Рассвет» шаруа қожалығының механизаторы Сергей Горобец пен «Алтынсарино» ЖШС бухгалтері Джаверт Бермағанбетов «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Сонымен қатар тағы бірқатар сала қызметкері Премьер-Министрдің Алғыс хатын, «Еңбек ардагері» медалін, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарын, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Марапаттау рәсімінен кейін «Степное» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аманғос Төлеуов сөз сөйледі. Ол ел Президентіне аграрлық салаға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, жетістік еңбеккерлердің ерен еңбегінің нәтижесі екенін айрықша атап өтті.

— Көрсетіліп жатқан қолдау сала үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына тың серпін беруде. Бүгінде аграрлық сектор жаңарып, озық технологиялар енгізіліп, тиімді тәсілдер қолданыла бастады. Бұл өзгерістердің нәтижелі болуы, ең алдымен, сіздердің біліктіліктеріңіз бен тынымсыз еңбектеріңіздің арқасы. Тер төгіп, адал еңбегімен ауылдың әл-ауқатын көтеріп жүрген сіздердей азаматтар барда еліміздің еңсесі әрдайым биік боларына сенім мол. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, аптап ыстықта да, күздің қара жауынында да тыным таппай еңбек етіп, жерге дән сеуіп, мал бағып, халық несібесін арттырып жүрген барша еңбек адамдарына шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді ол.

Аманғос Төлеуов еңбек жолын Қарғалы ауданындағы Чапаев атындағы ұжымшарда бас зоотехник болып бастаған. Кейін «XVIII Партсъезд» кеңшарында бас зоотехник қызметін атқарды. 1998 жылдан бері Қарғалы ауданындағы «Степной» ұжымын басқарып келеді. Зайыбымен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді, бүгінде сүйікті ата-әже атанып, сегіз немеренің шаттығына бөленіп отыр. Ол — экономика ғылымдарының кандидаты, «Отан», «Құрмет», «Құрмет белгісі», сондай-ақ III дәрежелі «Әулие Даниил Московский» ордені секілді көптеген марапаттың иегері. Былтыр ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен шаруаларға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетіп, 100 бас мал және 400 тонна тұқым бөлген еді.

Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында лайықты марапатқа ие болғандардың бірі — «Құрмет» орденінің иегері, Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемоданов.Белгілі фермерге бұл марапатты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады. Бұл салаға жарты ғасыр өмірін арнаған тәжірибелі агрономның 26 жыл бойы басшылық жасап келе жатқан шаруашылығы бүгінде облыстағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымның бірі . Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, «Құмқұдық» — өңірдегі элиталық тұқым шаруашылығымен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Онда бірінші, екінші және үшінші репродукциялы тұқым өсіріледі. Осы арқылы серіктестік аймақтағы диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге зор үлес қосып отыр.

— Кәсіпорынның техника паркі өте қуатты. Бізде түрлі маркада 143 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Бүгінде 1 396 асылтұқымды ірі қара және 515 жылқы өсіріліп жатыр. 2022 жылы мың малға арналған бордақылау алаңы салынып, іске қосылды, — дейді орден иегері. Александр Чемоданов басқаратын серіктестік Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосуда. Кәсіпорын ауылдастарына тұрақты түрде көмек көрсетіп, жалғызбасты қарттарға, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға қолдау білдіріп келеді.

Марапаттау рәсімінен соң мереке иелері Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымдарының концертін тамашалады.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button