ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Бәрекелді
Елімізде дәстүрге айналған «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар байқауы биыл да жас таланттардың басын қосты. 18-22 қараша күндері Астана қаласында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің концерт залында өткен XXVIII байқауға әлемнің 9 елінен 800-ден астам өнерпаз қатысты.

Аталған байқауда жүлдегер атанған ақтөбелік үш ұжымды теміржол вокзалында өнер ұжымдары мен мәдениет саласының мамандары күтіп алды.
— Биылғы байқауда Ақтөбеден барған үш ұжым да үздік өнер көрсетіп, жүлдемен оралды. Қазақ камералық хор ұжымы жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеп, «Камералық хор» номинациясында бірінші орынды жеңіп алды. Фольклорлық бағытта өнер көрсеткен «Достық сазы» ансамблі де өз шеберлігін көрсетіп, екінші орынды еншіледі. Ал «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі байқауда Абай Құнанбайұлы атындағы арнайы жүлдені иеленді.
Жалпы, Ақтөбеде хор өнерінің деңгейі өсіп келеді. Осы орайда біз дирижердің хорлармен жұмысының ерекше екенін көрсету үшін арнайы бенефис ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, — деді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Дина Ниязова.

Қатысушылар академиялық ән айту, камералық музыка, фольклорлық музыка, бейнелеу өнері, поэзия, эстрадалық вокал және басқа да 8 аталым бойынша бақ сынады. Байқаудың қазылар алқасы Қытай, Италия, Әзірбайжан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген білікті музыканттар болды.
— Біз бұл байқауға өте жоғары деңгейде дайындалдық. Шеберлік сабағын өткізуімізді сұрағандар көп болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздардан осындай ұсыныс есту біз үшін үлкен мәртебе.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңге онлайн видео жолдадық. Кейін келесі кезеңге өткеніміз туралы хабар келіп, шақырту алдық. Екінші тур талабы бойынша міндетті түрде Ғазиза Жұбанованың шығармасын орындауымыз керек болды. Ал соңғы кезеңде заманауи және этникалық бағыттағы шығармаларды орындадық. Әр туынды кезінде зал ерекше қошемет көрсетті, тіпті таңданысын жасырмады, — деді Қазақ камералық хор ұжымының көркемдік жетекшісі және дирижері Мербол Құспанов.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



