ШАПАҒАТЫ МОЛ ЖАН ЕДІ…

Ол көпшіліктің ортасында жылы жүзімен, ақ көңілімен, адамгершілік абзал қасиетімен дараланатын. Сондықтан да оны білетін адамдар оған құрметпен қарайтын, сыйлайтын, ерекше ілтипат танытатын.
Осындай пайым-парасаты мол, өзінің еңбегімен, елге қызмет етуімен жоғары биікке көтерілген Нәйла Бөртебаева 1960 жылы 4 қаңтарда дүние есігін ашты.
Сол уақытта Комсомол аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқаратын Хасен Бөртебаевтың шаңырағында бұл күн ерекше қуаныш ала келді. Тыңгерлер түлеткен өңірде өмір есігін ашқан сәбиге Нәйла деген есім берілді. Осы арада айта кететін бір жәйт, өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарында қазақ қыздары арасында белгілі ғалым-физиолог, академик, қоғам қайраткері Нәйла Базанованың атақ-даңқы өрлеп-ақ тұрған еді. Сондай болса екен деген ата-ананың ақ тілегімен де бұл аттың таңдалғаны жасырын емес-ті.
Аудандық ауруханада аға медбике болып қызмет атқаратын анасы бұған дейін өзі де талай нәрестеге ақ жол тілесе, енді өз бөбегін құшағына алып, өз отауына шаттық ала келді.
Бұл үйдегі қыздардың үлкені болғандықтан да Нәйланың алдында тұрған міндет жүгі де салмақты еді. Оны ол кішкентайынан сезінді. Сондықтан да болар, бір-біріне тетелес өскен төртеуінің ішінде топ бастап, бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алды. Мектепте өзі де үздік оқыды, соңынан ерген сіңілілерінің де сабағын қадағалап отырды.
Бәлкім, өзіне тапсырылған жұмыстарды жауаптылықпен атқару, өзіне де, өзгеге де талап қоя білу, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттері оның бойында сол бала кезінен қалыптасқан болар.
Нәйла он алты жасында мектепті үздік бітіріп, Алматы энергетика институтына оқуға түсті. Нәзік жанды қыз баланың энергетика саласын таңдауы сол уақыттарда біреулерге таң көрінуі де мүмкін, бірақ оның жүрегіндегі жастық жалын, алау атқан ұшқын заманауи білім алуға, қоғамға қажеті мол мамандықты игеруге жетелегені анық-ты. Оның студенттік жылдары қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен, мақсаттас, мүдделес жаңа достар табуымен ерекшеленеді. Шынында да, жастық шақтағы жолдастықтың орны ерекше екен. Кейін әрқайсысы кең-байтақ Қазақстанның әр қиырында жүрсе де, бір-бірінен байланыстарын үзген емес. Және ортақ жүздесулері мен бас қосуларының, өзара игі бастамаларының да қозғаушысы, дем берушісі Нәйла Хасенқызы болып келетін көбіне.
Ол жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, қолына диплом алғаннан кейін Ақтөбеге оралып, теміржол жүйесі саласында инженер-электрик болып еңбек жолын бастады. Кейде ер адамдармен қатар жүріп, жұмысына белсене кірісіп кеткен сәтінде оның алдына бірқатар әріптесі шыға да алмай қалатын. Оның еңбекқорлығы, өз ісін кәсіби тұрғыдан жетік меңгергені жоғары басшылық тарапынан еленбей қалған жоқ. Сол кездегі кез келген еңбек адамының қолы жете бермейтін биіктік — Коммунистік партия мүшесі болып қабылданды. Бұдан кейін қызметін мамандығы бойынша өзіне етене жақын Комсомол ауданында жалғастырды.
Бұл өңірде егіншілік басымдық сипатта болды да, бұл бағыттағы шаруашылықтардың басшылары, негізінен, орыстар болып келетін. Қалыптасқан, бірақ жазылмаған қағида бойынша партия комитетінің хатшылығына қазақтар жіберілетін. Әрине, дандайсыған совхоз директорлары көбіне мұндай парткомдарға шекесінен қарайтын.
Бір күні мамандығы инженер-электрик Нәйла Хасенқызын аудандық партия комитетіне шақырып, оған «Щербаков» совхозына партия комитетінің хатшысы болып баруы туралы ұсыныс айтылды. Ол осы қызметті екі жыл атқарды. Бірақ өзінің іскерлігі, көздеген мақсатынан таймайтын табандылығы, ұйымдастыру қабілеті, халықпен тіл табысып жұмыс істей білу дағдысы арқылы көпшілік сеніміне ие болды. Сонымен бірге партия жетекшісі қызметінің беделін де көтерді. Совхоз директоры онымен санасып жұмыс істейтін болды. Бұған, бір жағынан, шаруашылық партия ұйымының жиналыстарында, бюро мәжілістерінде күн тәртібіне маңызды мәселелердің қойылатыны, жекелеген коммунистердің есебі тыңдалып, олардан партиялық тапсырмалар қатаң сұралатыны да әсер етсе керек.
Кезінде аудан басшылығында абыройлы қызмет атқарған әкесі Хасен Бөртебаевтың жақсы есімін ол осылайша жалғастырды.
Содан кейін оны Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Бұл сол тұстағы ерекше бір шыңдалу, жан-жақты жетілу кезеңі болып еді. Ел ішінде халықпен жұмыс істеу тәжірибесін біршама меңгерген, өмір ағымын жақсы түсіне бастаған оған жоғары саяси білім игеру болашағына бастау болатын жақсы жол іспетті еді. Шынында да, мұнда қоғам дамуы, әлемдік өркениет пен саяси талас-тартыстар, жаһандық жаңалықтар, басқа да тақырыптар кеңінен қамтылып, азуын айға білеген сарабдал саясаткерлер, танымы терең тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері өз білгендерін ортаға салатын-ды. Олардың әрбір дәрісі тыңдаушылар үшін өздерінің руханият әлеміне қосылған бір олжа іспетті еді.
Бір қызығы, сол тұста қоғам да өзгерді. Кеңестер Одағы туы астына біріккен бұрынғы он бес республика өз алдарына тәуелсіздіктерін алды, қай салада да нарықтық экономика үстемдік ала бастады.
Білімі мен тәжірибесін құстың қос қанатындай еркін қағып, пайдалана білуге бейім Нәйла Хасенқызы жаңа жағдай талаптарын тез ұғынды. Чехия еліндегі кәсіпкерлермен әріптестік байланыс орнатып, «Прокоп» фирмасының ұн тартатын диірмендерін елге жеткізуге ықпал етті. Осындай қарбалас жұмыс көбейгесін Ақтөбе қаласы қыздары арасында алғашқылардың бірі болып жеңіл көлік тізгініне ие болды.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің физика кафедрасының доценті Мақсат Құрманбаевпен шаңырақ көтеріп, жаңа өмірдің жақсылығына бірге беттегені оның ғұмырындағы ең бір бақытты сәттері еді. Бұл уақытта Нәйла Хасенқызы Ақтөбе қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы қызметін атқаратын. Шуағы мол шаңырақта Нұргүл, Нұрбек есімді перзенттер дүние есігін ашты.
Немерелерін аяулы әжелері Алма апа құшағына алды. Ондағы ойы балалары алаңсыз жұмыстарын істесін дегендік еді.
Осы арада айта кету керек, ене мен келіннің сыйластығы көпке үлгі еді. Алма әже Нәйлаға ылғи да «Сен менің алтын келінімсің! Қолымда болса, мен саған алтын медаль беретін едім» деп айтып отырады екен еркелетіп.
Көпті көрген, тағылымы мол Алма Төлепбаева әженің де өмір өрнегі өзгеше.
Ол бұрынғы Жұрын ауданындағы Жаңатұрмыс ауылында туып-өсіп, мектепте белгілі ғалым Есет Жұбановпен бірге оқыған. Өзі облыстық газетке жиырма бір жасында мәшеңке басушы болып келді. Содан зейнет демалысына шыққанша осында еңбек етті. Оның есімі ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің шежіресінде жазулы.
Осындай ене тәрбиесін көрген келіні Нәйла барлық тума-туыспен, жекжат-жұрағатпен де жақсы сыйластық ахуалын орнатты. Үйге қонақ келсе, төріне шығарып, дастарқанын жасай қояды. Отбасылық, әулеттік мерекелер, той-думандардың да ұйытқысына айналды. Ол қатысатын отырастардың сән-салтанатымен бірге тағылымдық-тәлімдік, тіпті тәрбиелік те мәні мол болып келуші еді.
Нәйла Хасенқызының үй шаруасының қай түрін де дөңгелентіп алып кететіні маңайындағыларды риза ететін. Ол қолы да шебер, тігін машинасына отыра қалып, кез келген көйлек-көншекті әдіптеп шығара қояды екен.
Ал Мақсат екеуінің бау-бақшадағы тіршілігі тіпті басқаша. Олар еккен алма, алмұрт, өрік ағаштары мол өнім беріп, күз айларында жемістері төгіліп тұратынын көршілері қазірге дейін тамсанып айтады. Ал бақшадағы гүлдер қашаннан көздің жауын алатын. Нәйланың өзі ақиқатында әсемдікке құштар жан еді ғой…
Жарасты отбасы мүшелерінің кешке қарай таза ауада самаурынның шайын рахаттанып ішетіндері де қандай бір ерекше сәт еді…
Бұрыннан қалыптасып қалған дағды бойынша Жаңа жылды да олар жақсы дайындықпен қарсы алатын. Бұлардың үлкен шаңырағы сол күні өзгеше күйге бөленіп тұратын. Нәйла Хасенқызы балалары мен бауырларының басы қосылғанына мәз болатын. Отағасы Мақсат та қуаныш құшағында отыратын. Әсем жасақталған шырша аясында керемет сыйлықтар жасырынып жатады. Үлкендері ән шырқап, кішкентайлары өлең оқып, бәрі де сияпатқа ие болады.
2000 жылдардың басында Нәйла Бөртебаева Ақтөбе қалалық әлеуметтік қамту бөліміне жетекшілік етті. Нақ осы тұста жағдайы нашар, көмек-қолдауды қажетсінетін адамдар аз емес-ті. Оладың ортасында қауқарсыз мүгедек жандар да жетіп артылатын. Сол кезде жігерлі басшы аз қамтылғандардың тауқыметін жеңілдету мақсатында қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасады десе де болады. Оның телефон анықтамасында көптеген таныс-бейтаныс адамның аты-жөндері жазулы тұратын. Солардың қай-қайсысы да назарынан тыс қалған емес.
2018 жылы Нәйла Хасенқызы құрметті еңбек демалысына шықты. Бірақ ол бәрібір үйде қол қусырып қарап отыра алмайтынын байқайды. Осы тұста облыс әкімшілігінің қолдауымен «Асыл рух» қайырымдылық қорын ашып, бұрынғы ізгілікті істерін әрі қарай жалғастырып әкетеді. Пандемия кезінде бұл қор медициналық тауарларды тегін жеткізу жұмысымен шұғылданады.
Тағдырдың сынағы адамға ойламаған жерден келетіні бар ғой. Сондай жағдайды ол да бастан кешірді. 2020 жылы елге келген қатерлі дерт қайынағасы Айсұлтанды, енесі Алма апайды, жездесі Бисембайды, өмірлік серігі Мақсатты бірінен соң бірін араларынан мәңгілік сапарға алып кетті.
Қайғы оңай емес еді. Бірақ Нәйла осының бәрін көтере білді. Жүрекке түскен салмақ оңай болмағанымен, сырт көзге сыр білдірмеуге тырысты. Күш-жігерін бойына жиып алып, алға ұмтылды. Ең алдымен қалған отбасын сақтауы керегін ұғынды, тіпті өзінің қоғамға керегін де санасымен сезінді. Балаларының бақыты үшін күресуге бел буды.
Нұргүлі Әділет атты жігітпен тіл табысып, өз отауларын құрды. Олардың шаңырағында Аянұр есімді сәбидің дүниеге келуі Нәйланың жүрегіне жылулық нұрын шашып, көңіліндегі қайғысын біршама сейілткендей де болады. Осылайша ол әже атанып, өмірдің тағы бір қуанышын ұғынады. Кішкентай балапанына ақ жол тілеп, оған арнап қоржын тігеді, оның ішін әсем ойыншықтарға толтырады. Қызының арқасында қадірлі құдағай атанады.
…Осылайша өмір көші ілгері тарта береді. Медициналық академияны бітіріп, неонатолог мамандығын игерген Нұргүл отбасымен Астанаға қоныс аударады. Баспа ісінің білгірі атанған баласы Нұрбек те Елордаға барып еңбек етуді қалайды. Балаларының жанында болып, немерелерінің қызығына бөлену Нәйла Хасенқызының сол кезгі арманы еді. Өкінішке қарай, кенеттен келген дерт оның ойын жүзеге асыруға кедергі келтірді.
Нәйла Бөртебаеваның аяулы есімін, жарқын бейнесін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Оның мейірімді жүзі, адам баласына жылыұшырап тұратын қабағы, жүрек жылуы талай жанға шапағатын тигізді.
Сондықтан да жақсының аты өшпейді, оның игілікті істері біздің жадымызда ұзақ уақыт сақталмақшы.
Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ.



