Басты жаңалықтар

ОН АЙДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТАБЫСТЫ ЖОБАЛАР

Облыс әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңірдің биылғы он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы кеңінен айтып берді.

Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық өсім көрсеткіші — 103,6 пайыз. Өнеркәсіп өнімінің индексі 101,3 пайыз болса, ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіш 101,8 пайызға жетіп отыр.

Биыл ең жоғары өсім инвестициялар саласында байқалды — 129,1%. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 17 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру 3,5 пайызға, көлік және қоймалау саласындағы көрсеткіш 10,3 пайызға, сауда саласындағы өсім 2,1 пайызға артқан. Жыл басынан бері облыс экономикасына 892 млрд теңге инвестиция тартылған.

Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы — елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және шетелдік капитал тартудың жаңа тетіктерін қарастыру. Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз, — деді Асхат Шахаров.

Биыл облыста жалпы құны 110 млрд теңгеден асатын 8 ірі нысан іске қосылды. Соның ішінде ERG компаниясының қуаты 150 МВт құрайтын жел электр станциясы бар. Инвестиция көлемі — 74 млрд теңге.

Сондай-ақ өңірде шикізатты терең өңдеуге бағытталған жобаларға айрықша көңіл бөлінуде. Мысалы, KazFeltec компаниясының бастамасымен Қазақстанда алғаш рет қой жүнін терең өңдейтін және құрылыс материалдарын өндіретін цех ашылды. Жобаның құны — 5,3 млрд теңге, қуаттылығы — жылына 2 мың тонна өнім. Өндірістің іске қосылуының арқасында 50 жұмыс орны құрылды, өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен кооперация жолға қойылды.

Іске асырылған басқа жобалар қатарында ауылшаруашылық химикаттарын өндіру («MKR Plus» ЖШС), гофроқаптама өндірісі («Capital Plast KZ» ЖШС), өртке қарсы құралдар («Ort tehnika-Qazaqstan» ЖШС), сондай-ақ өнеркәсіптік қалдықтардан хром өндіруге арналған ERG Green («Қазхром» ҰК» АҚ) флотация учаскесінің іске қосылуы бар.

Жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 350 млрд теңгені құрайтын тағы 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында «Лиманное» кен орнын игеру («КазГеоруд» ЖШС), «Болашақ» шахтасының екінші кезеңін салу («Қазхром» ТҰК» АҚ), Ақтөбе станциясында рельс дәнекерлеу өндірісін ұйымдастыру («ПЗТМ LTD» ЖШС) және металл өңдеу және жөндеу орталығын құру («Метэкс Сервис» ЖШС) жобалары бар.

Болашақта карбамид, битум және цемент өндіретін зауыттар салу жоспарланып отыр.

— Өңірде бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасалуда. Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында аумағы 570 гектар болатын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы, сондай-ақ Хромтауда аумағы 150 гектарды құрайтын республикалық маңыздағы индустриялық аймақ өз жұмысын бастады. Әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы — жеке бақылауымда. Біз мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен инвестициялық штабтың отырыстарын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Инвесторлардың мәселелері жедел түрде жергілікті жерде шешімін табуда, — деді Асхат Шахаров.

 

«Ауыл аманаты»: 16,4 млрд теңге несие берілді

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту — облыс экономикасының басым бағытының бірі. Бұл орайда биыл мемлекеттік қолдау шараларының арқасында аталған салада оң динамика сақталып отыр. Мәселен, биылғы 10 айда өңірде шамамен 353 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көлемнің 171,8 млрд теңгесі — мал шаруашылығына, 177,6 млрд теңгесі  өсімдік шаруашылығына тиесілі. Мал басы өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 7 пайызға артқан.

Біз Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесіне сүйене отырып, өңірде «АЙС» сүт-тауарлы фермасын 1600 басқа дейін кеңейту жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл мақсатта жылдық 2,5 пайыз мөлшерлемемен 7,5 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілді. Жоба толық қуатына шыққан соң, сүт өндіру көлемі жылына 20 мың тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Бірінші кезеңде 800 бас ірі қара малы алынды, — деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, биыл «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 5,9 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінген. Бұл 554 мың тонна өнім жинауға мүмкіндік берді, бұл өткен жылға қарағанда 40 мың тонна артық (2024 жылы — 515 мың тонна).

Ауыл шаруашылығына инвестициялар да белсенді тартылуда. Биыл жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2883 жоба мақұлданып, 16,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелер берілді.

— «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға айтарлықтай серпін береді, — деп атап өтті өңір басшысы.

Жол: 186 жоба жүзеге асырылды

Облыста көлік қызметінің қолжетімділігін жақсарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.

— Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуына байланысты облыстың транзиттік әлеуеті жоғары. Сондықтан жолдардың сапасы мен көлік желісін дамыту — әрдайым тұрғындар мен біздің басты назарымызда, — деді облыс әкімі.

2025 жылы автожол саласын дамытуға 68 млрд теңге бағытталды. Жалпы, жолдарды салу және жөндеу бойынша 186 жоба іске асырылып, 565 шақырым жол жабыны қалпына келтірілді. Осылайша жыл соңына дейін жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 78 пайыздан 82 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.

Сондай-ақ халықаралық Самара-Шымкент автожолының Ақтөбе-Ұлғайсын учаскесін реконструкциялау басталды. Оның жалпы ұзындығы — 262 шақырым. Атап айтқанда, биыл Ақтөбе-Хромтау жолының 28 шақырым учаскесі жаңарды, жаңа көпір өткелі салынды. Нәтижесінде жолдың 791-819 шақырым бөлігінде төрт жолақтың екеуі бойынша қозғалыс ашылды. Қалған 234 шақырымда құрылыс-жөндеу жұмысы жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек Орталық-Батыс көлік дәлізі құрамындағы Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз республикалық трассасына жөндеу жүргізілуде. 110 шақырым пайдалануға берілді.

— Қауіпсіз жол көлік жүйесі ғана емес, сонымен қатар экономикалық өсудің, қозғалыс ыңғайлылығы мен тұрғындар қауіпсіздігінің маңызды факторы, — деді Асхат Шахаров.

Өңірде 12 мектеп, 29 медициналық нысан салынады

Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асхат Шахаров өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады.

Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді, тағы бір мектеп Үкімет резерві есебінен салынды. Атап айтсақ, облыс орталығындағы Алтын Орда шағын ауданында — 2000, Бауырластар-3 тұрғын алабында — 600, Саяжай-1 және Сазды тұрғын алаптарында 300 орындық мектеп халық игілігіне берілді. Сондай-ақ Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында 300 орындық мектеп есігін айқара ашты.

Жыл соңына дейін жалпы саны 5800 орынға арналған тағы 7 жайлы мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Оның 4-еуі — Ақтөбе қаласында, 3-еуі ауылдарда бой көтеріп жатыр.

Бұдан бөлек биыл Ащысай, Жазық және Ойыл ауылдарында тағы үш жаңа мектепті, Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектеп пен арнайы мектепке қосымша құрылыстарды, сондай-ақ Мәртөк, Ембі және Қаракөл ауылдарындағы мектептерге қосымша спортзалын пайдалануға беру жоспарланған.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жоспарланған 29 нысанның 22-сі іске қосылды. Бұл шамамен 13 мың ауыл тұрғынын медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді.

Жыл соңына дейін тағы 7 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 4 мыңнан астам адам сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді. Жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар Ырғыз, Қобда, Мұғалжар және Шалқар аудандарында ашылады, — деді Асхат Шахаров.

Бүгінде облыста денсаулық сақтау саласын цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Мәселен, биыл облыстық көпсалалы аурухана базасында телемедицина мен PACS ақпараттық жүйесін қамтитын Ахуалдық орталық жұмысын бастады.

Телемедицина заманауи технологияларды пайдалана отырып, онлайн-консультациялар жүргізуге мүмкіндік береді, бұл шалғай ауылдар үшін аса маңызды. PACS жүйесі КТ, МРТ және рентген зерттеулерінің нәтижелерін жасанды интеллект көмегімен өңдеуге және талдауға жағдай жасайды.

— Ақтөбе өңірі елімізде алғашқылардың бірі болып «Яндекс.Карталар» платформасы арқылы жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын нақты уақыт режимінде мониторингтеу жобасын іске асырды. Қазіргі уақытта 60 жедел жәрдем көлігі GPS-навигация жүйесімен жабдықталған, бұл жедел қызметтің жұмыс тиімділігі мен әрекет ету жылдамдығын арттырады, — деп атап өтті облыс әкімі.

Жаңа спорт кешені және сапалы интернет

Асхат Шахаров баспасөз конференциясында өңірдің әлеуметтік саласында жүзеге асырылып жатқан жобалары мен даму перспективалары туралы айтты.

Оның айтуынша, өңірде халықты спортқа тарту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Ақтөбеде «ALAN» жобасы аясында бюджеттік емес қаражат есебінен футбол алаңы жаңартылды, ал Хромтау ауданында «FIFA ARENA» бағдарламасы бойынша заманауи мини-футбол стадионы ашылды.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірегей спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Онда 25 спорт түрі бойынша оқыту жоспарланған. Нысан Қазақстандағы инклюзивтік стандарттарға бейімделген алғашқы кешендердің бірі болады және жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, — деді облыс әкімі.

Футбол ақтөбеліктердің өмірінде ерекше орынға ие. Бұл спорт түрінің жоғары танымалдығын ескере отырып, облыс орталығында УЕФА-ның төртінші деңгей талаптарына сай 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталды. Ол «Ақтөбе» әлеуметтік-іскерлік орталығының аумағында салынуда. Жанында 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Асхат Шахаров мәдениет саласының да басты назарда екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбеде жаңа заманауи драма театрының құрылысы басталды. Жобаға облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс жүргізілуде.

Өңір басшысы өз сөзінде ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.

Биыл өңірдің 12 ауылы интернет желісіне қосылды, жыл соңына дейін тағы үш елді мекенде интернет пайда болады, — деді Асхат Шахаров.

Халқы 100 адамға дейінгі шағын ауылдар үшін OneWeb спутниктік технологиясы енгізілуде. Бүгінде 19 ауыл осы жүйеге қосылған, жыл соңына дейін тағы 5 ауылды қамту жоспарлануда. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстың 9 ауданында 17 антенна-мачта құрылғысын орнату үшін орындар анықталды. Барлық қажетті құжаттар дайындалды.

Биыл 28 ауыл газбен қамтылады

Асхат Шахаровтың айтуынша, облыста тұрғындарды ауызсумен, газбен және тұрғын үймен қамтуға бағытталған жобалар нәтижелі жүзеге асырылуда. Мәселен, өңірдің ауылдық елді мекендерін газдандыру қарқыны 2025 жылы рекордтық деңгейге жетті. Табиғи газ 9 мыңға жуық тұрғыны бар 22 ауылға жеткізілді, ал жыл соңына дейін тағы 3,5 мыңға жуық тұрғыны бар 6 ауыл табиғи газға қосылады. Осылайша бір жылдың ішінде жалпы саны 12,3 мың адам тұратын 28 ауыл газдандырылады. Жыл қорытындысы бойынша өңір халқының табиғи газбен қамтылу деңгейі 97 пайызға жетеді.

Өңір басшысының айтуынша, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде биыл 1,3 мыңнан астам тұрғыны бар 4 ауылға су құбыры жеткізілген. Жыл соңына дейін тағы шамамен 2 мың адам тұратын 6 ауылды орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды міндет — халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жыл соңына дейін Үкіметпен бекітілген 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарын толықтай орындаймыз. 10 айдың өзінде 745 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұдан бөлек кезекте тұрған 419 отбасын биыл баспанамен қамтамасыз еттік, жыл соңына дейін тағы 1063 отбасының қоныстойын тойлауына мүмкіндік жасаймыз, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Асхат Шахаров келер жылға арналған бірқатар жоспарлармен де бөлісті. Атап айтсақ, алдағы жылы өңірімізде экономикалық өсім көрсеткішін 105 пайыз деңгейінде қалыптастыру күтілуде. Өнеркәсіп саласында 3 трлн теңгенің өнімін өндіріп, Үкімет қойған жоспарға сәйкес облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, т.б. салаларда да жаңа жобалар жүзеге асырылатынын атап өтті.

***

 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімі журналистердің сауалдарына жауап берді. Қойылған сауалдың бірі «Ақтөбе» футбол клубына қатысты болды.

Асхат Шахаров «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы Нұрлан Артықбаев клубтың жаңа қожайыны болғанын хабарлады. Ол — ақ-қызылдардың жанкүйері.

Футбол клубтарын жекешелендіру — Мемлекет басшысының басқару тиімділігін арттыруға және бюджетке түсетін салмақты азайтуға бағытталған тапсырмасы.

— Кәсіпкер, «Qazaq Stroy» компаниясының директоры және негізін қалаушы Нұрлан Артықбаев клубқа қызығушылық танытты. Ол бала кезінен «Ақтөбе» футбол клубына жанкүйер болған және ата-анасымен матчтарға қатысқан. Ол клубтың дамуына әрқашан үлес қосқысы келетінін жеткізді, —  деді А.Шахаров.

Барлық қажетті құжат алдағы бір-екі айдың ішінде толық аяқталады деп күтілуде. Кәсіпкердің командасы алдағы уақытта клубты дамытудың жоспарларымен және инвестиция көлемімен таныстырады.

— Клуб жекешелендірілгенмен, біз шетте қалмаймыз. Инфрақұрылымды, соның ішінде жасөспірімдер футболын дамыту біздің басты назарымызда болады, — деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров өңірімізде салынатын 35 мың орындық стадионның құрылысына да тоқталды. Оның айтуынша, ФИФА стандарттарына сай стадион салу — күрделі процесс әрі бағасы қымбат. Сыйымдылықты анықтау кезінде сарапшылар мынаған назар аударыпты: Еуропа кубогы матчтары әдетте шамамен 160 мың жанкүйерді тартады, ал отандық лига матчтарына орташа есеппен 50-55 мың жанкүйер қатысады. Осыны ескеріп, 35 мың көрерменге арналған аренаның дизайнын жасау туралы шешім қабылданған. Мердігерлердің бағалауы бойынша тұрақты қаржыландыру аясында нысанды екі жылда салуға мүмкіндік бар.

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері облыс әкімінен өңірде өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқанын және жергілікті билік азаматтардың өтініштеріне қалай жауап беретінін сұрады.

Асхат Шахаров қазіргі таңда өңір тұрғындарының 65 пайызға жуығы облыс орталығында  тұратынын, сондықтан Ақтөбе қаласын дамытуға басты басымдық берілетінін жеткізді.

Бүгінде облыстағы кері байланыс тетіктерінің бірі Ахуалдық орталық болып отыр. Мұнда тұрғындардан коммуналдық мәселелер мен қалалық ортаны жақсарту бойынша ұсыныстар түседі. Орталыққа 109 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

— Ахуалдық орталығы түскен шағым-өтініштерді талдау үшін жасанды интеллектіні пайдаланатын бақылау тақтасы бар цифрлық жүйені пайдаланады. Бұл бізге тұрғындар қандай мәселелермен көбірек сұрау салатынын анықтауға мүмкіндік береді және шұғыл әрекет етуді талап етеді, — деп түсіндірді облыс әкімі.

Оның айтуынша, бұл жүйе жергілікті мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың маңызды құралына айналып отыр, өйткені әрбір өтініш бойынша нақты орындау мерзімі белгіленген әрі тұрғындар кері байланысқа шыға алады.

Әкімдік пен халықпен өзара байланысы қазіргі уақытта осы орталық арқылы жүзеге асуда.

Бұл ретте әкімдік тұрғындармен жеке кездесулердің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осы кездесулер барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, кейін барлық деңгейдегі депутаттардың талқылауына ұсынады.

Баспасөз мәслихатында тазалық мәселесі де сөз болды. Мәселен, қазір жергілікті билік Ақтөбеде қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын инвестор іздеп жатыр.

— Бұған дейін тұрғындардан қоқысты уақтылы жинауға қатысты шағымдар көп болды. Біз бұл мәселені жаңа жабдықтар сатып алу арқылы шештік. Полигонға күніне 800 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықтар шығарылады, — деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі қалдықтарды өңдеуге инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тартуға мүдделі екенін жеткізді. Облыста бұрын сатып алынған сұрыптау кешені бар, бүгінде ол «Жасыл даму» АҚ-на тиесілі.

Бұл жобада қалдықтар қайта өңделеді немесе өртеледі. Бірінші кезекте біз экологиялық талаптарды орындауымыз керек. Барлық жоба қоғамдық тыңдаудан өтеді. Біздің өңірде белсенді табиғат жанашырлары көп. Шешім қабылданған соң қосымша ақпарат беретін боламыз, — деді өңір басшысы.

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button