АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

«Сақ стилі» жаңа сериясынан номиналы 1 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығару туралы Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі — ҚҰБ) 2025 жылғы 28 наурыздан бастап жаңа дизайндағы номиналы 1 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарды.
Бұл — «Сақ стилі» сериясымен шыққан төртінші жаңа банкнота. Ол қазақы ою-
өрнектің түп негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі
Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Ақша белгісінің дизайны мен формасы туралы
Банкноталардың түсі — қоңыр және ашық қоңыр.
Банкнотаның бет жағында:
– көкте қалықтап ұшқан құс пен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б.з. д. 5-4 ғғ., Алтын адам баскиімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
– ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
– артефакт төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символы ретінде (Бесоба қорғаны, б.з.д. 6-4 ғғ., Орал өңірі, Батыс Қазақстан).
Банкнотаның артқы жағында:
– ою-өрнекпен стильденген қалқан фонында Төбет пен Тазы тұқымдас иттер;
– дөңгелек қазақ халқының ою-өрнегі, «қалқан» бейнесі — құндылықтарды қорғау нышаны, ежелгі символ — төрт тарап, ортасындағы күн белгісі — жасампаздық энергиясы мен өмір нышаны.
Сонымен қатар банкнотаның сырт жағында артефакт, төс айыл (тартпа) элементі бұралған жыртқыш формасымен беріктік пен төзімділіктің символын (Қырық-Оба қорғаны, б.з.д. 7-6 ғғ., Батыс Қазақстан) көрсетеді. Банкнотаның ортасында фон ретінде ою-өрнек стилінде бейнеленген шексіздік символына тән Қазақстанның дала жоталары берілген.
Банкноталарды айырбастау және айналымда қатар жүру кезеңін белгілеу тәртібі туралы
Номиналы 1 000 теңгелік жаңа банкноталар айналымда жүрген 2014 жылғы үлгідегі номиналы 1 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі — ескі үлгідегі банкнота) 24 ай бойы ауыстырылады.
Яғни ескі үлгідегі барлық банкнота екі жыл ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2025 жылғы 28 наурыз – 2027 жылғы 27 наурыз аралығын қамтиды.
Ол кезең аяқталған соң, яғни 2027 жылғы 28 наурыздан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноталарды 3 жыл ішінде, яғни 2030 жылғы 27 наурызға дейін жаңа үлгідегі банкноталарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында оларды мерзімсіз айырбастауға болады.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноталар айналымда қатар жүретін кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оларды атаулы құнына қарай қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз.
Олар еліміздегі ҚҰБ, Қазпошта және екінші деңгейлі банктердің барлық филиалында, сондай-ақ Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.
Заңды төлем құралына жататын банкноталар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатынын еске саламыз.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172)77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz



