Басты жаңалықтар

ОҚУШЫЛАР МАЗМҰНДАМА ЖАЗДЫ

Заң және Тәртіп

Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназия оқушылары «Полиция және балалар — қауіпсіздік үшін бірге» тақырыбында мазмұндама жазды.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің «Заң және Тәртіп» идеологемасын ілгерілету жөніндегі жобаларды іске асыру мақсатында өткізілген іс-шараға гимназияның 7-11 сынып оқушылары түгел қатысты.

— Оқушылардың құқықтық білімін арттыру, заңға бағынудың және қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіру, заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және дұрыс шешім қабылдай білу дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізіп жатырмыз. 9-11 сынып оқушыларына арналған мазмұндаманың тақырыбы «Полиция мен балалар — қауіпсіздік үшін бірге» деп аталады. Онда жалпы қазіргі қоғамдағы қауіпсіздік мәселелері, қоғамдық тәртіпті сақтауда жасөспірімдердің үлесі, жасөспірімдердің құқығы мен міндеттері, қауіпті жағдайларда қалай әрекет ету керегі, сондай-ақ цифрлық ортада өзін қорғау секілді мәселелер айтылған. Ал 7-8 сынып оқушыларына арналған «Заң мен тәртіп — бейбітшілік пен әділдікке бастайтын жол» атты мазмұндамада заң мен тәртіп ұғымдары түсіндіріледі.

Мазмұндама жазу шамамен 40 минуттан 1 сағатқа дейін созылады. Мектебімізде қыркүйек айынан бастап жылдық жоспар аясында осы тақырып бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, оқушылар бірнеше мәрте полиция қызметкерлерімен, басқа да мамандармен кездесулерге қатысты, — дейді аталған гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлшара Мусина.
Гимназияның 10-сынып оқушысы Арсен Еришовтың айтуынша, заң мен тәртіп, қауіпсіздік, кез келген ортада, соның ішінде цифрлық ортада өзін-өзі қорғау тақырыптары тәрбие сағаттарында жиі талқыланады екен.

— «Заң және тәртіп» тақырыбы аясында бүгін мазмұндама жазып жатырмыз. Мазмұндама жасөспірімдер арасындағы буллингке қарсы күрес, оның алдын алу жолдары және полицияның оқушыларға көрсете алатын көмегі туралы екен. Жалпы, қазіргі уақытта егер оқушы буллингке ұшыраса, қысым көрсе немесе өзі шеше алмайтын қиын жағдайға тап болса, міндетті түрде полициядан, мектеп психологінен немесе ұстаздарынан көмек сұрай алады деп санаймын. Мұндай тақырыптар жасөспірімдер үшін өте маңызды, — дейді ол.
Гүлшара Мусинаның айтуынша, үздік жазылған жұмыстар гимназияның әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшасында жарияланатын болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button