САМБО САҢЛАҒЫ

Ақтөбе өңіріне ғана емес, бүкіл республикаға танымал спортшы Самат Құрманов — самбо мен дзюдо күресінен әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген азамат.
Жасы 60-тан асса да спортты серік етіп келе жатқан Самат ширек ғасырдан астам уақыт ішкі істер органдарында қызмет атқарған, бүгінде — отставкадағы полиция полковнигі. Ол Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылында дүниеге келген. Спортқа бетбұрысы 7-сыныпта басталды. Қабілетін алғаш байқап, күреске баулыған ұстазы — Нұрлан Елемесов. Бапкердің үкілеген үміті ақталып, 13 жасында алғашқы жүлдесін еншілейді.

Мектеп қабырғасында жүріп-ақ самбодан спорт шеберлігіне үміткер атанған жасөспірім кейін дзюдо мен самбодан Ақтөбе және Қазақстан чемпионаттарының жеңімпазы атанды.
1982-1984 жылдары Ленинград өңірінде әскери борышын өтеген жылдар Самат Құрмановтың спорттық мансабында айрықша орын алды. Ол Қарулы Күштер арасындағы ірі додаларда 57 кг салмақ дәрежесінде самбо және дзюдодан чемпион атанып, «КСРО бойынша дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер» болды.

Әскерден кейін оның шеберлігіне қанық болған жергілікті басшылар Самат Құрмановты ішкі істер органдарына қызметке шақырады. Сөйтіп, 1985 жылы полиция қатарына қабылданды.
Ішкі істер саласындағы 28 жылдан астам адал қызметінде ол күзет полициясы қызметкерінен бастап жедел кезекші, жедел уәкіл, учаскелік инспектор, бөлім бастығының орынбасары, штаб бастығы, «Динамо» ДШСҚ бастығының орынбасары секілді жауапты лауазымдарды атқарған. Сондай-ақ салық полициясы, қаржы полициясы және арнайы жасақта жемісті еңбек еткен.
Қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін «ҚР ІІМ үздігі», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі үздік қызметі үшін», «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері және медальмен марапатталған.

Полицияда қызмет ете жүріп Самат Құрманов спорттық бабын жоғалтқан емес. Қызметке кірген алғашқы жылы бүкілодақтық самбо біріншілігінде күміс жүлде алып, КСРО спорт шебері атанады. Бұл атақты елімізде самбодан алғаш алған спортшы — Самат Сейітұлы.
1987-1988 жылдары Астрахан мен Уфада өткен КСРО ІІМ чемпионаттарында жас полицей Самат Құрманов дзюдодан екі мәрте чемпион атанды. Отандық және халықаралық додаларда қоян-қолтық ұрыс, қазақ күресі, самбо, дзюдо бойынша сан мәрте жүлдегер болды. Самбодан спорт шеберлері арасында 2010 жылы Чехияда өткен әлем чемпионатында — күміс жүлде, 2011 жылы Грецияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдені иеленді.

Зейнетке шыққаннан кейін де Самат Құрманов спорттан қол үзген жоқ. Аптасына бірнеше мәрте жаттығып, республикалық және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Самбодан спорт шеберлері арасында 2015 жылы Иерусалимде өткен әлем чемпионатында — күміс жүлдегер, 2024 жылы Азия чемпионы болды. Биыл Өзбекстанда ардагер спорт шеберлері арасында өткен әлем чемпионатында қола жүлдені қанжығасына байлап, ел мерейін үстем етті.
Спорттағы табысы үшін «Самбо саңлағы», «Самбо күресіне қосқан үлесі үшін», «Самбо күресінің құрметті ардагері» медальдарымен марапатталды.

Самат Сейітұлы — үш баланың әкесі, бес немеренің атасы. Кенже қызы Көркем әке жолын қуып, бүгінде жасөспірімдер арасында жүзуден Қазақстан чемпионы атанды.
«Спорт — менің өмір салтым. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағының астында белдесу — ерекше сезім. Жеңістің құпиясы — тек білек күшінде емес, рухтың мықтылығында», — дейді бүгінде жастарды спортқа баулып жүрген ардагер-спортшы.
Индира Өтеміс



