Ақтөбеде 15 саябақ пен сквер демеушілер есебінен абаттандырылуда

Ақтөбеде қоғамдық демалыс алаңдарын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Биыл демеушілердің қолдауымен 15 саябақ пен скверді абаттандыру жобалары жүзеге асырылуда. Олардың көпшілігі бұрын бос жатқан аумақтарда салынып жатыр.

Қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру бастамасына қосылған ірі инвесторлар: «Зерде Керамика» ЖШС, «Анвар» ЖШС, «BS Holding» ЖШС, «Алихан-Ойл» ЖШС, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «Center Group» ЖШС, «Максимус» ЖШС, «ЦентрКредит Банк» АҚФ, «Gorilla Asia» ЖШС, «Rakhmet Group» ЖШС, «Dastan Group» ЖШС және «GRANT ADAL» ЖШС. Аталған серіктестіктердің қолдауының арқасында ондаған мың шаршы метр қоғамдық кеңістіктер жаңартылуда.
Қазіргі таңда 7 нысан пайдалануға берілді, қалғандары абаттандырудың соңғы кезеңінде.
Жақында аяқталған жобалардың бірі — қараша айында Карғалы тұрғын алабында ашылған жаңа сквер. Оның құрылысына Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Анвар» ЖШС-ның бас директоры Талғат Салфиков демеушілік жасады. Сквердің жалпы ауданы — 1,3 гектар. Аумағында шағын футбол алаңы, әткеншектер, ыңғайлы орындықтар және балаларға арналған аттракциондар орнатылған. Отбасылық демалыс үшін қолайлы жағдай жасалған.

Заманауи әрі жайлы демалыс аймақтарын құру жұмыстары жалғасуда. Көп ұзамай ақтөбеліктер жаңартылған жаңа кеңістіктерді пайдалана алатын болады.



