Басты жаңалықтар

ТАРИХ ПЕН ТІЛДЕР ТОҒЫСЫНДАҒЫ РУХАНИ МҰРА

Мектеп

Шалқар қаласындағы №4 орта мектепте гуманитарлық пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен «Абай шығармашылығы: тарих пен тілдер тоғысындағы рухани мұра» атты онкүндік өз мәресіне жетті.

Онкүндіктің негізгі мақсаты ұлы ақын Абайдың өмірі мен шығармашылығын терең таныту, оның рухани мұрасын дәріптеу, тіл мен тарих пәндерін ұштастыра отырып, оқушылардың танымдық қабілетін дамыту болды.

Апталықтың салтанатты ашылуында оқушылар мен мұғалімдер Абайдың өмір жолына шолу жасап, оның өшпес даналық ойларын насихаттады. Іс-шара барысында бірлестікке қарасты пән мұғалімдері түрлі форматтағы ашық сабақтар, сыныптан тыс жұмыстар мен шығармашылық кештер өткізді. Гуманитарлық онкүндік аясында ағылшын тілі пәні мұғалімі Л.Жиенбаева 5-сыныпта «Asking for and giving directions» («Сұрау және нұсқау беру») атты ашық сабақ өткізсе, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Бижанов 8 «Ә» сыныбында Шалкиіз жыраудың «Би Темірге бірінші толғауы» бойынша танымдық сабағын ұсынды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Шындаулова 3 «А» сыныбында «Любимая Родина» («Сүйікті Отаным») тақырыбында шығармашылық сабақ ұйымдастырып, жас оқырманның тілдік қорын байытты.

Апталықтың мазмұнын толықтырған маңызды шараның бірі — «ЖИ оқу технологиялары арқылы оқытудың тиімділігін арттыру» атты коучинг. Г.Мұхамбетқалиева, Д.Қонақбаева және А.Дәрібаева жүргізген бұл жұмыс педагогтердің кәсіби тәжірибесін жетілдіруге бағытталды.

15 қазанда Г.Тлеубаева мен С.Бижанов жетекшілігімен «Әдебиет білгірлері» сайысы мен ақын Әбу Сәрсенбаевтың 120 жылдығына арналған «Сен құрметте оны!» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Бұл шаралар оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, олардың бойында патриоттық рух қалыптастыруға ықпал етті. Тарих, жаратылыстану және тіл пәндері де онкүндік аясында маңызды орын алды. Г.Мұхамбетқалиева 5-сыныпта «Ежелгі адамдардың өміріне саяхат» атты танымдық сабақ өткізсе, Д.Ақжанова 10-сыныпта «Масғұт поэмасындағы құндылықтар» бойынша терең мазмұнды сабақ жүргізді. А.Қанатбаева ұйымдастырған «Өлкеңді таны» танымдық ойыны оқушыларды туған жер тарихымен таныстыруға бағытталды.

Онкүндіктің ерекшелігі пәндер арасындағы өзара байланыс пен оқушылардың белсенділігі болды. «Brain Rain», «Своя игра», «Кальмар ойыны», «Спортивный Казахстан» сияқты заманауи форматтағы интеллектуалдық және шығармашылық ойындар білім алушылардың қызығушылығын оятты.

22 қазанда онкүндік салтанатты түрде қорытындыланып, белсенді мұғалімдер мен оқушылар марапатталды. Осындай іс-шаралар ұстаздардың шығармашылық ізденісін арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтар мен елжандылық сезімін сіңіруге зор ықпал етеді.

С.БИЖАНОВ,

№4 орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button