ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, БАЙЛАНЫС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ауыл — ел бесігі
Қобда ауданына қарасты Өтек ауылдық округінде биыл елді мекен инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірнеше маңызды жоба іске асырылды. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Өтек ауылының Есет батыр көшесіндегі 2 шақырымнан астам жол жөнделіп, пайдалануға берілді. Ауылдық округ әкімі Ерлан Саркуловтың айтуынша, жол жөндеуге 123 млн теңге қаржы бөлінген.
— Жаңа жол көлік қозғалысын жақсартып, тұрғындардың әрлі-берлі қатынауын жеңілдетті. Жол сапасы барлық талапқа сай. Мердігер компания «ДенГрупПлюс» жұмысты белгіленген мерзімде толық аяқтады, — деді Е.Саркулов.
Сонымен қатар ауылда 20 метрлік Kcell байланыс мұнарасы орнатылып, 4G желісі іске қосылды. Қазір Өтек ауылымен байланыс тұрақты.
А.АЛТЫБАЕВА,
Қобда ауданы.



