БОЛАШАҚТЫҢ БАСПАЛДАҒЫ

Спорт мектебі
Биыл Әйтеке би аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі толықтай күрделі жөндеуден өтті. Мектептің бокс пен күрес залдары жаңа құрал-жабдықтармен, ал тренажер залы заманауи құрылғылармен жабдықталды. Сонымен қатар талапқа сай жаңа футбол алаңы салынды.
Мектепте күндіз — оқушылар, ал кешкі уақытта ауыл тұрғындары мен жастар спортпен шұғылданады. Мұнда 11 спорт түрі бойынша 59 оқу тобы жұмыс істейді. Жалпы 716 жас спортпен айналысады. Оның ішінде 6-13 жас аралығында — 535, 14-29 жас аралығында 181 бала бар. Қыздар саны — 108.
Спорт мектебінің 6 ауылдық округте филиалы жұмыс істейді. Олар — Талдысай, Құмқұдық, Жабасақ, Аққұм,Толыбай, Басқұдық ауылдары. Бұл ауылдарда барлығы 26 жаттықтырушы еңбек етеді, олардың ішінде жоғары санатты мамандар бар.
Әйтеке би спорт мектебінде қазақ күресі ерекше дамыған. Жас спортшылар республикалық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындар алып келеді. Мектептің басты мақсаты — облыс құрамасына мықты спортшыларды дайындау және ауданда бұқаралық спортты дамыту.
Аталған мектеп директоры Қуаныш Надировтің айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде спорт мектебіне келушілердің саны артқан.
— Бұл мектепте аудандық және республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Бұрын сырттан келетін жас спортшылар пәтер жалдайтын, орналасу кезінде қиындықтар болатын. Сондықтан сырттан келетін спортшыларға арнап жатақхана дайындадық. Яғни бұрынғы бөлмелер қайта жаңарып, 20 орындық жатақханаға айналды. Жаңартылған спорт мектебі жасөспірімдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда, — деді спорт мектебінің директоры Қуаныш Надиров.
К.ҚОПАЕВА.



