Басты жаңалықтар

ҚОС АУЫЛДЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ  

Әлеуметтік әріптестік

Қопа ауылдық округінде биыл бірқатар ірі  жоба іске асырылып, Ебейті мен Қопа ауылдарында жаңа демалыс орындары ашылды. Бұл жұмыстар мемлекет, аудан әкімдігі және жергілікті мұнай компаниялары арасындағы әлеуметтік әріптестіктің нақты нәтижесі болып отыр.

Өткен жылы республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қопа ауылдық округі облыстық «Үздік ауыл» конкурсында ІІ орынға ие болып, 12 млн теңге грант ұтқан болатын. Конкурс қорытындысы бойынша «Эколайт Плюс» ЖШС 8 млн теңгеге Ебейті ауылында жаңа саябақ құрылысын жүргізіп, жобаны толық аяқтады. Жаңадан салынған «Ардагерлер саябағына» тас төселіп, жарықшамдар орнатылды, аумақтың бәрі абаттандырылды. Жалпы көлемі 4 400 шаршы метр аймақ заманауи 3D қоршаумен қоршалды. Болашақта саябақта ауыл тарихында еңбегімен еленген ардагер механизаторлар, малшылар, ұстаздар мен түрлі сала қызметкерлерінің есімі жазылған тақта орнатылып, көшеттер егілді. Бұл қадам — өскелең ұрпаққа үлгі, ауыл тарихын түгендеудің маңызды бір шарасы.

Қазан айында Қопа ауылында жаңа саябақ ашылды. Жоба аудан әкімдігі мен «Сағыз Петролиум Компани» арасындағы меморандум аясында жүзеге асты. Компания 3 000 шаршы метр аумақты қоршап, су скважинасын қазып, төрт түрінен барлығы 290 түп көшет екті. Ауыл әкімдігі Ақтан Керейұлының 175 жылдығына орай  саябақ ортасына тарихи тұлғаға ескерткіш орнатып, тас төсеп, жарықшамдар, орындықтар мен демалыс нысандарын жасақтады. 1 қазан — Қарттар күніне орай саябақ ресми түрде ашылып, тұрғындардың игілігіне берілді.

Қопа ауылдық округіндегі қос ауылда балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысы үшін жаңа ойын алаңдары салынды. Нақтырақ айтқанда, Қопа ауылында «Oil Reloading Corp» ЖШС көмегімен құны 15 млн теңге болатын балалар ойын алаңы мен воркаут аймағы ашылды. Байғанин ауданы әкімдігі мен «Сағыз Петролиум Компани» арасындағы меморандум бойынша Ебейті ауылында да құны 15 млн теңгеге бағаланған балалардың жаңа ойын алаңы жасақталды. Бұл нысандар ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен айналысуына және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына мүмкіндік береді.

Қопа ауылдық округіндегі бұл жұмыстар ауыл келбетін көркейтіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Округ әкімдігі алдағы уақытта саябақтарды толық абаттандыру, жасыл желек аумағын кеңейту және қоғамдық демалыс орындарын көбейту жобаларын жалғастыра бермек.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button