ЕҢБЕК ЕТСЕҢ ЕРІНБЕЙ…

Кәсіп
Қаратоғай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Алтын Өмірзақова — сүйікті ісін кәсіпке айналдырған жан. Бүгінде ол тапсырыс бойынша ағаштан түрлі жазуларға лазерлік бейне жасап, естелік бұйымдар дайындайды.
Маусым айында «Бастау» бизнес-жобасы арқылы 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грантты жеңіп алған кәсіпкер ең алдымен гравировка станогын сатып алыпты.
— Бұл станок тек ағашпен емес, көптеген материалмен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзіміз кәсіпті енді бастағанымызбен, тапсырыс берушілер көп. Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылына 12 жыл бұрын келін болып түстім. Ауылда кәсіп бастаймын деушілерге барлық жағдай жасалған. Осы кәсіпті бастауыма жолдасым себепші болды. Мұнда дүкен де, шаштараз да бар. Сондықтан лазерлік гравировкамен айналысатындар некен-саяқ деп, аталған кәсібіме бағыт-бағдар көрсетті, — дейді ол.
Алғашында оның бұл кәсібіне күмәнмен қарағандар да болыпты. Алайда алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын Алтын әлеуметтік желінің көмегімен кәсібін жандандырыпты.
— Қазір тапсырыс Қаратоғай ауылынан ғана емес, Ақтөбеден де түсіп жатыр. Кейбір ауыр жұмысты жолдасым атқарады. Бұл аппаратпен көп нәрсе жасауға болады. Станокты Алматыдан арнайы алдырдық. Болашақта ісімізді кеңейтіп, білгенімізді балаларымызға да үйретпекшіміз. Қызым станоктың тілін бірден меңгеріп алды. Қолы қалт етсе, шеберханамызға асығады, — дейді ол.
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,
Мәртөк ауданы.



