Басты жаңалықтар

ШАРУАЛАРДЫ ШАТТЫҚҚА БӨЛЕДІ

Мереке

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Темір ауданында «Еңбек — ырыстың бұлағы» атты мерекелік шара өтті.

Салтанатты жиында аудан әкімі Алмас Жақсылықов аталған сала қызметкерлерін алдымен төл мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді:

Ауыл шаруашылығы — азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты саласының бірі. Бүгінде  отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. 

Қазіргі таңда ауданымызда 335 шаруа қожалығы, 16 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істеп тұр. Сіздердің тынымсыз, тіршілікке қажетті қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауыл шаруашылық өнім өндіру көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 103,1 пайызға дейін өсті.

Ірі қара мал, былтырмен салыстырғанда, 102 пайызға, ұсақ мал 101,2 пайызға, жылқы 109,1 пайызға, түйе 111,4  пайызға артты. Әрине, мал басының артуы — сіздер төккен тердің жемісі.

Ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту мақсатында 24 трактор, 56 мал азығы дайындайтын техника сатып алынып, ауыл шаруашылығы капиталының негізгі қорына 1, 235 миллион теңге инвестиция ретінде салынды. 

Осындай ауданымыздың көркейіп, дамуына, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына қосып келе жатқан үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіре отырып, сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілеймін, — деді.

Артынша Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының малшысы Қаршыға Смағұловқа тапсырып, басқа да сала өкілдеріне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы төрағасының марапаттарын табыс етті. Өзінің атынан да бірқатар жылқышы, шопан, механизатор сынды еңбек адамдарына құрмет көрсетті.

Соңында темірлік өнерпаздар мерекелік көңіл күй сыйлайтын ән-жырын тарту етті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button