Басты жаңалықтар

Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі маңызды әріптес ретінде қарастырады – Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі, сондай-ақ жалпы Еуропалық одақтағы өте маңызды әріптес ретінде қарастырады. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Кариспен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Қазақстан Эстонияны Балтық өңіріндегі, сондай-ақ жалпы Еуропалық одақтағы өте маңызды әріптес ретінде қарастырады. Шынымен де инновациялық және өркендеген мемлекет құру жолындағы Эстонияның заманауи жетістіктері айтарлықтай әсерлі және аса маңызды. Эстония цифрлық басқаруда көшбасшы әрі цифрлық мемлекет, цифрлық үкімет, цифрлық қоғам, ашықтық, транспаренттік, тиімділік пен азаматтардың жалпы қатысуын қалыптастырудың жарқын әрі табысты үлгісі саналады. Біз Эстонияның заң үстемдігіне, білім беруді дамытуға және тұрақты дамуға деген тұрақты бейілділігін де жоғары бағалаймыз. Қарқынды дамып келе жатқан халықтарымыз еуропалық аренада елеулі дауысқа ие және бейбітшілікті, инновацияларды әрі жалпы адамзаттың ұжымдық ілгерілеуін дамытуға адал, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Эстония барлық қызмет саласында берік әріптестік орнатқанын, дамуы да өте жақсы екенін айтты.

– Біз ашық әрі нәтижелі саяси диалогты, сондай-ақ өзара түсіністі нығайтуда маңызды рөл атқаратын парламенттік топтарымыз арасындағы тығыз байланыстарды күтеміз. Сондай-ақ Эстония тарапының Қазақстанның реформалар күн тәртібіне тұрақты қолдау көрсетуін бағалаймыз әрі халықаралық ұйымдарда сындарлы ынтымақтастықты жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Каристы қарсы алған еді.

https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-estoniyani-baltik-onrndeg-manizdi-arptes-retnde-karastiradi-tokaev-562daf/

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button