Қазақстан студенттері Эстония университеттерінен тағылымдамадан өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан студенттері Эстония университеттерінен тағылымдамадан өтеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
– Эстонияда негізгі 6 мемлекеттік университет бар. Бірақ сапа жағынан, зерттеу әлеуеті жағынан өте мықты оқу орындары. Бүгін алғаш рет екіжақты үкіметаралық келісімшартқа біздің министрлік пен Эстонияның Ғылым және білім министрлігі арасында қол қоямыз. Қазір ғана арнайы ұйымдастырылған конференция аясында 6 меморандумға қол қойылды. Осы меморандумдардың арқасында студенттер алмасу, академиялық ұтқырлық орын алады. Ең басты Тарту университетімен және Таллин техникалық университетімен тағылымдама серіктесі ретінде келісімшарт рәсімделді, – деді ол Ақордада БАҚ өнімдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның Эстониядан орта білім саласында да үйренері бар.
– Өздеріңізге мәлім, Эстония PISA халықаралық салыстырмалы зерттеулерде ТОП-5, ТОП-3-ке дәстүрлі түрде кіреді. Сондықтан осы саладағы ең мықты сарапшылар келіп, бүгін бірнеше семинар өткізді. Мұнан бөлек, жасанды интеллекті мен цифрландыру саласында арнайы бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Эстония электронды қызмет, электронды үкімет, жасанды интеллект салаларында мықты позицияда тұр, – деді министр.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эстония Президенті Алар Карис келіссөз өткізеді.
https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-studentter-estoniya-universitetternen-tagilimdamadan-oted-526b02/



