Басты жаңалықтар

ТӘЛІМІ БӨЛЕК КЕЗДЕСУ

Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде жастарға арналған тәрбиелік бағыттағы маңызды кездесу өтті. Іс-шара «Ағадан ақыл» жобасы аясында ұйымдастырылып, оған облысқа белгілі спортшылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің басты қонақтары — қол күрестен облыс чемпионы Мұрат Зульянов және Ақтөбе қаласының бөлім прокуроры, үшінші сыныпты заңгер Камила Ратжанова. Олар жастармен ашық әңгіме құрып, өмірлік тәжірибесін бөлісті. Кездесудің мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың бойына жауапкершілік, тәртіп, спортқа деген қызығушылықты сіңіру.

Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнардың айтуынша, бұл жоба бойынша осындай іс-шара биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Онда 200-ге жуық студент қамтылған.
— Негізінен, жоба бойынша полицияның бақылауында тұрған, сабақтан жиі қалатын, тәртібі нашар жастар қамтылады. Мысалы, кейбір студенттерден тексеріс кезінде суық қару табылған. Осы санаттағы жастарға бағытталған кездесудің негізгі мақсаты — оларды спортқа, салауатты өмір салтын ұстануға, тәртіпті болуға шақыру, — деді Заманай Қайнар.
Кездесуде Мұрат Зульянов жастарға қол күрестен шеберлік сағатын өткізді.
Ол жастарға спорттың бұл түрінің ерекшеліктерін түсіндіріп, негізгі әдіс-тәсілдерін көрсетті.
— Қол күрес — денеге ауыр жарақат келтірмейтін спорт түрі. Мен, негізінен, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеймін. Олардың арасында чемпион атанғандар бар. Бүгінгі кездесуде студенттерге осы спортты үйретіп, қызығушылығын арттыруға тырыстым. Қарап отырсам, жастардың ынтасы жоғары. Спорт тәртіпке, табандылық пен сабырға баулиды, — деді Мұрат Зульянов.
Кездесу барысында Ақтөбе қаласының бөлім прокуроры, үшінші сыныпты заңгер Камила Ратжанова студенттерге кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу туралы кеңінен әңгімеледі. Ол жастарды есірткі қылмысына жоламауға, заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
— Қазіргі таңда жастар интернеттегі алаяқтардың құрбанына жиі айналып жатады. Сондықтан әр қадамды ойланып жасау керек. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Қандай да бір шалыс басқан әрекеттің арты жазамен аяқталатынын естен шығармаңыздар, — деді Камила Ратжанова.
Жиын барысында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин мен Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің директоры Яна Сұлтанғалиева сөз сөйлеп, жастарға жылы лебіздерін білдірді. Олар кездесудің тәрбиелік маңызына тоқталып, студенттерге дұрыс жолды таңдауда табандылық пен жауапкершілік тіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button