Мәдениет

Жаны сұлулыққа суарылған қыз

«Әлемді сұлулық құтқарады». Десек те, жан сұлулығы бірінші кезекте тұруы тиіс. Қалалық, облыстық, республикалық түрлі би байқауларының жүлдегері, жақында өткен «Көктем аруы — 2012» қалалық байқауының жеңімпазы Сәулет Қуандыққызы осылай дейді. Оның ойынша,

адам қандай жағдайда да жан сұлулығын жоғалтпауы керек.

 

Жалпы адам баласының өмірі сұрықсыздыққа емес, сұлулыққа суарылуға тиіс. Ал адамның жан дүниесі бет әлпетінің айнасы іспетті. Адами қасиеттің құяр сағасы, сірә, сұлулық болса керек. Бұл тұрғысында Сәулет былай дейді:

— Мен де бала кезімнен әдемілікке, өнерге, әсіресе, биге құштар болдым. Менің сонымды байқаған ата-анам бес жасымнан бастап жеке хореограф жалдап, би әлеміне қадам басуыма тілектестігін білдірді. Әсіресе анам әрдайым ақыл-кеңесін айтып, қолдап, қанаттандырып отырады. Ал би әлемінің қыр-сырына Дандығариев Қаршыға ағайым баулып жүр. Ұстазыма айтар алғысым шексіз.

Алғаш рет би байқауына мектепте оқып жүрген кезімде қатысып, бағымды сынадым. 2010 жылы қаладағы №50 мектепте өткен «Көктем шуағы» атты мектепішілік би байқауында бас жүлдені иелендім. Сондай-ақ «Жас дарын — 2010» жастар шығармашылығы қалалық байқауында «Хореография» жанры бойынша І дәрежелі лауреат атандым. Былтырғы жылы Алматыда өткен «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі әннен және жеке аспапта орындаушылардың республикалық ән-би байқауының «Би» номинациясы бойынша жүлделі екінші орын алдым.

Ал жақында өткен «Көктем аруы — 2012» қалалық байқауына қатысуым мен үшін үлкен сын болды. Байқауда алты кезең бойынша сынға түстік. Жалпы мұндай байқаулар өнерімді шыңдап қана қоймайды,  мен өз-өзіме жан-жақты сыни көзбен қарай білуге машықтанамын.

Мен өмірде адамдар бір-бірінің жан сұлулығына көз тіге білсе екен деймін. Өйткені жаны сұлу адам әркез айналасына шуағын шашып жүреді.

Кез келген нәзік жан жүрген ортасында әдемі көрінгісі келеді. Сеніңше, әдемі болудың өзіндік құпиясы бар ма?

— «Көріксіз әйел жоқ, тек өзінің әдемі екендігін білмейтін ғана әйелдер бар» дегенді бір кітаптан оқып едім. Сұлулық жөніндегі адамдардың түсінігі де әртүрлі. Қыздардың көбі қалтасы қалың бойжеткендер ғана сымбатты, сұлу болады деп ойлайды. Ал меніңше, әдемі болып көріну үшін шығындалудың қажеті шамалы. Әдемі болып көріне білу де өнер. Бүгінде қоршаған ортадағы жағымсыз факторлар нәзік жандылардың келбетіне, тіпті мінезіне де әсер етеді. Сондықтан тазалық керек, жан тазалығымен қатар сыртқы бет-бейне тазалығын да сақтаған жөн. Яғни, сұлулықтың бір сыры күтімде жатыр. Өмірде де ертегідегі ханшайым құсап жүру үшін үнемі күтіну қажет. Алайда адамның өзінің табиғи сұлулығына ештеңе жетпейді.

Сәулет, болашағыңды қалай елестетесің? Арманың не?

— Алдағы уақытта республикалық «Қазақ аруы» байқауына қатысқым келеді. Еліміздің аруы атануды армандаймын. Сұлулық әлемін бағындырып, өз қолтаңбамды, ізімді қалдырсам деймін.  Өнерді, әсіресе, биді жаным сүйеді. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына грантқа оқуға түсіп едім, бірақ анам мені алысқа жібергісі келмей Ақтөбеде қалғанымды жөн көрді. Сөйтіп, қазір қаладағы Қазақ-орыс халықаралық университетінде оқып жатырмын.

Анам көбіне «қызға қырық үйден тыйым» деген мәтелге жүгінетін сияқты. Менің болашақ ана, біреуге жар, үлкенге келін болатынымды әркез ұмытпауым керектігін айтып, есіме салып отырады.

Сенің ойыңша, қазақ қызы қандай болуы керек?

— Қазақтың әр қызы сұлу, көркем. Әйгерім, Зере сынды әжелеріміздің көркіне ақылы сай болған. Қазіргі таңда да біздің қоғамда қазақтың ақылды, сұлу қыздары көп.

Соңғы жылдары жолға қойылып отырған гендерлік саясат талабына орай, болашақта елімізде бойына әдемілікті ғана емес, инабаттылықты, ізеттілікті, ар-ұятты жиған, білімді, жігерлі қазақ қыздарының қатары арта түседі деп ойлаймын.

Жалпы қыз өсіру гүл өсірумен бірдей дейді ғой. Гүлге уақытылы су құйып, топырағын қопсытып, күтім жасап отыру керек. Тал шыбықтай өсіп келе жатқан бойжеткенге де сондай көзбен қарау қажет. Бәлкім, бүгінде қыздарға сондай қамқорлық жетіспейтін шығар. Әр бойжеткен бүгінгі қоғамның талаптарына сәйкес білім алып, мәдениетті, өнерлі, әдепті болуға тырысса, әркез қазақ қызы деген атқа лайық бола алады.

Әңгімелескен Ж.НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button