Спорт

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТУРНИРІ

Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тоғызқұмалақтан әлем, Азия чемпиондарын тәрбиелеп шығарған жоғары дәрежедегі ұлттық төреші, ҚР спорт шебері Қабидолла Нұршинді еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті.

Бұл сайысқа Қызылорда, Алматы облыстары мен Алматы және Ақтөбе қалаларынан, сондай-ақ облыс аудандарынан 130 спортшы қатысты.
Жарыс жасөспірімдер және ерлер мен әйелдер категориясы бойынша жеті турдан швейцариялық жүйемен өтті.
Жарыс нәтижесі бойынша жасөспірімдер арасында Әл-Мансұр Есберді, Інжу Аққали, Аңсаған Серік, Бақдәулет Қуанышбай, Мәлика Нұрғожаева, Мадияр Бақдәулетов, Риза Анетова бірінші орынға шықты.
Ал ерлер мен әйелдер арасынан Диас Жанбау, Алмагүл Тақышева ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізді.
Жалпы турнир барысында ақтөбеліктер өз шеберлігін айқын көрсетті.
— Елімізде жыл өткен сайын тоғызқұмалақ ойынына жұртшылық арасында қызығушылық артып келе жатқаны қуантады. Әкем Қабидолла Нұршин өзінің саналы ғұмырын спорттың осы ұлттық түрін дамытуға арнап, көптеген шәкірт тәрбиелеген еді. Қазір әкемнен тәлім алған тоғызқұмалақшылардың өздері жас буынға үлгі көрсетіп, өз қатарларына қосуда. Осыған қуанамын. Бұл жиында мен жарысқа қатысушыларға әкеме арнаған «Ұлттық ойынның ұстазы» атты естелік кітабымды сыйладым, — деді Қабидолла ағаның қызы Әсел Нұршина.

Айзада ӘБДІБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button