Ауыл әкімдерімен кездесті

Жұмыс сапары
Ақтөбеге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев іссапармен келді. Сапар аясында ол облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге өңірдің барлық деңгейдегі ауыл әкімдерімен кездесті. Жиын «Amanat» партиясының облыстық филиалында өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асыру жолдарын талқылау, сондай-ақ ауыл әкімдерінің басқарушылық әлеуетін арттыру және қоғаммен тиімді кері байланыс орнату жолдары туралы сөз болды.
Өңір басшысы Асхат Шахаров өз сөзінде ауыл әкімдерінің кәсіби дайындығын күшейту жергілікті басқару сапасын арттырудың басты шарты екенін атап өтті.
— Биыл 17 ақпаннан бастап ауыл әкімдеріне арналған кәсіби даярлық бағдарламасы іске қосылды. Қазірдің өзінде Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалында 118 ауыл әкімі арнайы оқу курсын тәмамдап, тағы 31 әкім білімін жетілдіру үстінде.
Облыстағы ауыл әкімдерінің 90 пайызы тікелей сайлау арқылы тағайындалған болса, соның 60 пайызы — мемлекеттік қызметке алғаш рет келген жаңа буын өкілі. Бұл ауылдарда белсенді, жаңашыл басшылар қатары қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Жалпы, ауыл әкімдері — атқарушы биліктіңхалыққа ең жақын өкілдері. Сондықтан олардың білімі мен шешім қабылдау қабілеті әрбір елді мекеннің дамуына тікелей әсер етеді. Бүгінгі кездесу — сол әлеуетті арттырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң,— деді Асхат Шахаров.
Өз кезегінде Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ауыл әкімдерінің жергілікті даму саясаты мен мемлекеттік реформаларды іске асырудағы маңызды рөлін атап өтті. Ол ауыл шаруашылығын автоматтандыру, инфрақұрылымды цифрландыру, білім мен медицина саласында жаңа технологияларды енгізу ауыл өмірінің сапасын арттыратын шешуші бағыттың бірі екенін айтты.
Кездесу барысында ауыл әкімдері өз аймақтарындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, тәжірибе бөлісті.
—Президенттің тапсырмалары — елдің болашағын айқындайтын нақты бағдар. Оларды іске асыру — әр өңір мен ауданның тікелей міндеті. Әсіресе шалғай ауылдарда жүзеге асып жатқан бастамалардың нәтижесін көру көңіл қуантады. Бұл ел дамуының ауылдан басталатынын көрсетеді, —деді Мәлік Нұржанұлы.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



