Бизнес берекелі болуы үшін…

«Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз.
Екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді.
Былтыр мен «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ Жарлық толық орындалмай отыр.
Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
биылғы Жолдауынан.
Қандай мемлекеттік қолдау бар?
Ұлттық статистика бюросы таратқан ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе қаласында 68 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың арасында наубайханадан бастап құбыр, тіпті тұрмыстық химиялық тауарларды шығаратын кәсіпорындар бар. Аталған бизнес иелері мемлекеттік қолдауға ие болып, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Жалпы, өз ісін бастаған һәм жүргізіп жатқан азаматтар қандай көмекке иек арта алады? Бұның жай-жапсарын білген едік…
«Өрлеу» және «Кепілдік қоры-1»: жаңа серпінге жол ашты
Елімізде шағын бизнесті дамытуды ынталандыру құралдарының бірі «Даму» қоры екені белгілі. «Бәйтерек» холдингіне қарасты аталған ұйым бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын негізгі 3 құраларқылы жүзеге асырады. Олар: жеңілдікпен қаржыландыру, кепіл жеткіліксіз кезде кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау.
— Биыл қор ауқымды жаңғыртудан өтіп жатыр. Сөйте тұра, кәсіпкерлерге үйреншікті құралдар сақталып қалды. Нарықтық емес қолдау механизмдерінен неғұрлым тұрақты және ұзақ мерзімді шараларға біртіндеп көшетін боламыз.
Ұйымның қаржылай қолдау шараларының арқасында көптеген кәсіпкер микро кәсіпкерліктен және орта, тіпті ірі бизнеске дейін өсті. Айталық, осы жылдың маусым айында «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралына балама болып, кәсіпкерлердің қаржыны кідіріссіз алуына мүмкіндік береді. Ол бойынша инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қайта қаржыландыруға несие алуға болады. Мөлшерлемесі тұрақты 12,6 пайызжәне қаржыландыру лимиті елеулі, атап айтсам, он жылға инвестиция 7 миллиард теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 миллиард теңгеге дейін қарыз беріледі. Ақтөбе облысында осы бағдарлама бойынша жыл басынан бері 70 жоба жалпы сомасы 14 712 миллион теңгеге қолдау алды, — дейді «Даму» қоры Ақтөбе филиалының директоры Айнагүл Ниязова.
Оның айтуынша, кепілдік беру құралы бойынша биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құны 7 миллиард теңгеден асатын жобалар үшін «Кепілдік қоры» бағдарламасы іске қосылды. Соған сәйкес енді кәсіпкерде кепілзат жоқ болса, «Даму» қоры 7 миллиард теңгеге дейінгі қарызға кепілдікті өте қысқа мерзімде портфельдік кепілдік түрінде 2 жұмыс күні ішінде береді. Бұл — жүздеген аймақтық жобаға несие алуға мүмкіндік. Кепілдік несие сомасының 85 пайызына дейін, бірақ 3,5 миллиард теңгеден аспайтын қаражатты жаба отырып, несие, лизинг мәмілелеріне және келісімшарт орындауға қолданылады. Бізге ұсынған мәліметтерге жүгінсек, өңір бойынша биылғы 9 айда кепілдік портфелі 30 181 миллион теңгені құрайтын 246 кепілдік шартына қол қойылыпты. Оның ішінде қордың кепілдігі — 17 735 миллион теңге. Жобалардың ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібі (53 пайыз) мен ауыл шаруашылығына (9 пайыз) тиесілі.
— «Даму» қоры ұлттық даму институты ретінде бүкіл ел бойынша шағын және орта бизнестің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Қордың қолдауының арқасында кәсіпкерлер өндірісті кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алады. Бұл Қазақстанның барлық өңіріне елеулі экономикалық әсер береді. Мәселен, тек Ақтөбе облысында өткен жылы мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер 640 жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 77,8 миллиард теңгеден астам салық төледі, — деп атап өтті осы ұйымның өңірдегі филиалының басшысы.
20 мың тонна құбыр шығаратын компания
2011 жылдан бері полиэтилен құбыр шығаратын «Актюбстройхиммонтаж» ЖШС— құрылыста өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан кәсіпорын. Аталған зауыт «Даму» қоры арқылы «Өрлеу» бағдарламасының шарапатын көрген.
— Ақтөбе полиэтилен құбырлар зауытында қазір 40 адам жұмыс істейді. Жылына түрлі деңгейдегі 20 мың тонна құбыр шығаруға қауқарымыз жетеді. Кәсіпорынның заманауи өндірістік желілері, қоймалары, теміржол тұйығы, арнайы техникасы бар автопаркі, сондай-ақ сапаны бақылау үшін аккредитті зертхана мен өндірістік базасы бар.
Компания бизнесті қолдауды көздейтін мемлекеттік бағдарламаларға ұдайы қатысып келеді. 2023 жылы «Нұрбанк» акционерлік қоғамы арқылы айналым қаражатын толықтыруға несие алып, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидияға ие болды, қарыз мөлшерлемесін жылына 5 пайызға дейін төмендеттік.
Осы жылы «Актюбстройхиммонтаж» серіктестігі «Даму» қоры жүзеге асыратын «Өрлеу» бағдарламасына қатысып, жылына 12,6 пайызбен жеңілдетілген несие алды. Бұл өндіріс орнын одан әрі дамытуға, әлеуетті нығайтуға және шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға жұмсалды. Мұндай игіліктер біз үшін өте тиімді, — дейді зауыттың өндіріс жөніндегі басшысы Жомарт Жаймағанбетов.
Газ, су желілеріне арналған құбырлар шығаратын зауытқанемістің «KraussMaffei Technologies GmbH» компаниясының үш өндірістік желісі орнатылған. Ол— осы саладағы жетекші еуропалық жабдық өндірушілердің бірі. Халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін тауарларды шығаруға мүмкіндік беретін жаңашылдық өндіріс процесін жеделдетуге де сеп екен.
«Даму» қоры Ақтөбе филиалының директоры Айнагүл Ниязованың айтуынша, инвестицияға деген стратегиялық көзқарас пен мемлекеттік қолдау құралдарын пайдаланудың арқасында «Актюбстройхиммонтаж» ЖШС өңірді индустрияландыруға үлес қосып, нарықты жоғары сапалы отандық өнімдермен қамтамасыз ете отырып, қарқынды дамып келеді.

«Нанымның» ыстық наны
«Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алған «Наным» ЖШС30-ға жуық нан өнімдерін ұсынады. Өңірдің тамақ өнеркәсібі саласында 2014 жылы еңсесін тіктеген наубайхана қаладағы дүкендерге күніне 5 тонна өнімін сатылымға шығарып отыр.
— Биыл «Даму» қорынан алған несиенің арқасында Ресейден 3 пеш сатып алдық. Сөйтіп, ескі қондырғыларды жаңасына ауыстырдық. Күні-түні жұмыс істейтін наубайхана үшін бұл аса қажет еді. Осы орайда 12,6 пайызбен берілген жеңілдетілген несиеге көңіліміз толатынын, бұл өндірісті жаңартуға жағдай жасағанын айтқым келеді. Қаражаттың 50 пайызына «Даму» қоры кепілдік берді, — дейді серіктестіктің атқарушы директоры Сергей Жильцов.
Бүгінгі таңда 80 ақтөбелікті жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның өнімдері негізінен әлеуметтік мекемелерге таратылатынын айта кету керек.
ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ АҚЫСЫЗ СЕМИНАРЛАР
Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев іскер азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жылма-жыл күшейіп келе жатқанын атап өтті.
— Ақтөбе қаласында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны — 68226.
Мемлекеттік қолдау шаралары аясында Ақтөбе қаласы бойынша жалпы 398 жоба қаржыландырылды, соның ішінде 201 жоба —несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, 197 жоба кепілдендіру бағыты бойынша жүзеге асырылды. Аталған шаралар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы іске асырылды.
Сонымен қатар қалада әлеуметтік осал топтағы әйелдерді қолдауға бағытталған «Бетбұрыс» жобасы бар. Жоба аясында әйелдерге өз ісін ашу мен дамытуда жан-жақты көмек көрсетіледі — кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқыту, кеңес беру және менторлық қолдау жүргізіледі. Бағдарлама іске асырылған 5 жыл ішінде 100-ден астам әйел оқытылды, олардың жартысы бүгінде өз ісін табысты жүргізіп отыр.
Кәсіпкерлік дағдыларын дамыту және іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында тегін семинарлар мен тренингтер де тұрақты түрде өткізіледі.Іс-шаралардың тақырыптары келесі бағыттарды қамтиды: әлеуметтік желілердегі маркетинг және ілгерілету; бизнесті дамытуға арналған онлайн-платформалар: digital marketing, контент-маркетинг, таргеттелген жарнама және SMM; креативті бизнесті дамыту және кәсіпкерлікке инновациялық тәсілдерді енгізу; қоғамдық тамақтану саласындағы қызметті жетілдіру; сауда брендтерін қалыптастыру және ілгерілету.
Семинарлардың өткізу күні мен орны алдын ала @kasipkerlik_aqtobe Instagramпарақшасында жарияланып отырады, — дейді ол.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
— Ақтөбе қаласында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны — 68226. 


