Басты жаңалықтар

«AQTÓBE» телеарнасы — уақыт үні, өңір шежіресі

Биыл Ақтөбе өңірінің рухани өмірінде айтулы белес — талай буынның тағдыры мен заманының тынысын экран арқылы өрнектеген «Aqtóbe» телеарнасының мерейтойлық жылы. Алпыс бес жылдық тарих — тек уақыт өлшемі емес, өңірдің өткені мен бүгіні тоғысқан тұтас шежіре. Бұл халықпен бірге тыныстап келе жатқан ұжымның мерейлі сәті. Бүгінде «Aqtóbe» телеарнасы көрерменімен бірге жаңарып, жасарып келеді. Сол өңір айнасының бүгінгі тынысы мен болашақ бағдары туралы телеарна директоры Айдана Смағұловамен әңгімелескен едік. Сонымен…

65 жылдық тарих өңірдің айнасы

65 жылдық тарих — тұтас дәуірдің шежіресі. Осы уақыт ішінде талай буын тәрбиеленіп, қаншама шәкірт телевизияның мектебінен өтті. Бүгінде сол ұжымның тізгінін ұстау — мен үшін үлкен жауапкершілік. Себебі телеарна ақпараттың ғана емес, қоғамның көңіл айнасы.«Aqtóbe»телеарнасы еліміздегі «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты 14 аймақтық филиалдың бірі. Биыл біздің арнамыз ғана емес, корпорация құрамындағы төрт өңірлік филиал да мерейтойын атап өтуде. Солтүстік Қазақстандағы «Қызылжар» телеарнасына — 65, Павлодар өңіріндегі «Ертіс» және «Семей» телеарналарына — 60, ал көршілес Атырау телеарнасына — 35 жыл.Бәріміздің ортақ мақсатымыз — мемлекеттің саясатын халыққа жеткізу. Қазір әлеуметтік желілер ақпарат кеңістігін кеңейтті. Дегенмен ресми әрі расталған деректі жұрт бәрібір телеарна мен газеттен күтеді. Бұл — біздің басты артықшылығымыз. Заман талабына сай бейімделіп, ресми ақпаратты көрерменге тартымды форматта жеткізе білуіміз қажет, — дейді Айдана Смағұлова.

65 жылдық тарихы бар «Aqtóbe»телеарнасы — талай тағдыр тоғысқан, шығармашылық дәстүр мен ізденістің ордасы.

Осы жылдар ішінде қаншама буын өсіп, талай тұлға кәсіби шыңдалды. Арнаның бүгінгі биігіне жетуіне еңбек сіңірген ардагерлердің үлесі ерекше.

Сондай-ақ жақында тележурналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардагер журналист Жақсылық Айжанұлы 75 жасқа толды. Ол еңбек жолын қатардағы редактор болып бастап, бас редактор, директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Өз ісіне адал қаламгердің еңбегі — бүгінгі буынға өнеге.

Бүгінгі телеарнаның жетістігі —  сол еңбекқор буынның табандылығы мен ізденісінің нәтижесі. Ал қараша айында дыбыс режиссері Дина апайымызды да мерейлі мерекесімен құттықтап, құрмет көрсету жоспарланып отыр, — дейді телеарна басшысы.

Оның айтуынша, телеарна қызметкерлерінің еңбегі тек экран алдындағы көрініспен шектелмейді.
Біздің жұмысымыз таңғы 9-да басталып, кешкі 18.00-де аяқталады деген шартты ұғым ғана. Телеарна қызметкерлері уақытпен санаспай еңбек етеді. Өйткені сапалы контент пен көрермен сенімі — басты міндет. Бір сағаттық сұхбатпен эфир толтыруға болады, бірақ оның ішінде дәйек, сюжет болмаса, ол көрерменге жол тартпайды. Сондықтан динамика мен мазмұнға ерекше көңіл бөлеміз. Көрерменге тұшымды дүние ұсыну — басты мақсатымыз, — дейді ол.

Ғимараттан бастап, жұмыс орнындағы жайлылық әр маманның көңіл күйіне әсер етеді. Журналистің қолындағы қаламы мен қағазы, оператордың камерасы мен микрофоны сай болуға тиіс. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсы болса, жұмыс сапасы да артады. Сол үшін барынша мерекелерде, әсіресе Наурыз мейрамы, журналистердің кәсіби мерекесі, ұлттық мереке — Республика күні, телеарна мерейтойы және жыл қорытындысы кезінде сыйақы беруді мақсат етеміз. Сонда қызметкерлер мекемені өз үйіндей сезінеді. Мекеме мен үшін жағдай жасап жатыр, мен де мекемем үшін еңбек етуім керек деген сенім қалыптасады. Өзім де осы салада ассистент болып бастағанмын, аз жалақы алған кезім де болды. Сондықтан ұжымның ішкі атмосферасын, шығармашылық «кухняны» жақсы түсінемін. Жақсы контентті тек кәсіби, ынталы және көңілі жай әріптестер ғана жасай алады. Ал 65 жылдық мерейтой — тек ардагерлер мен ұжымның емес, ең алдымен, көрерменнің мерекесі, — дейді Айдана Әлімқожақызы.

Көрерменнің мерекесі

Алпыс бес жылдық тарих — бір ғана күннің не аптаның тойы емес. Бұл мерейтой — жыл басынан бері жалғасқан ізгі істер мен мазмұнды шаралардың жиынтығы, ұжым еңбегінің, көрермен құрметінің мерекесі.

Мерейтойлық кезең ақпан айында балалар арасында өткен шаңғы жарысынан бастау алды. Расында, ақ қарда жеңіс үшін алға ұмтылған жас жеткіншектердің жарысы, олардың кең атырапқа тараған шат күлкісі болашаққа деген үміттің, ұлт саулығы мен сергек ұрпақ тәрбиесінің көрінісі іспетті болды.

Сол қыс мезгілінде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ерекше бастама қолға алынды. Таңнан кешке дейін қар аршып, мұз ойып, қала тазалығынаөз үлесін қосып жүрген коммуналдық шаруашылық қызметкерлеріне арналып қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Ұжым мүшелері еңбек адамдарына ыстық шай ұсынып, алғыс білдірді. Ал наурыз айында осы салада еңбек етіп жүрген жандарға Өнер орталығында өтетін концертке билет тарту етілді.Күнделікті күйбең тірліктен қолы босамайтын сол жандар үшін бұл мерекелік кеш ерекше демалыс, рухани серпіліс болды.

Телеарна ұжымы мұнымен шектелмей, ізгі істің тағы бір үлгісін көрсетті. «Бір қан — бір өмір» атты акция аясында қызметкерлер донор болып, қан тапсырды. Бұл — адам өміріне араша түсудің, азаматтық борышқа адалдықтың көрінісі.

Балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында сурет байқауы ұйымдастырылып, жақында оның қорытындысы жарияланды. Күні кеше ғана марқұм әріптесіміз Айман Мұқай атындағы жыр мүшәйрасы өтті. Байқауға елуге жуық өлең келіп түсті. Соның ішінен 7 үздік шығарма іріктеліп, авторлар марапатталды. Байқауға қатысқан жастардың көпшілігі — студент. Айман апайдың туыстары да қолдау білдіріп, демеушілік көрсетті. Бұл шара жастарға шабыт сыйлап, рухани сабақтастықтың жалғасын паш етті.

Өткен демалыста телеарна бастамасымен БАҚ өкілдері арасында Республика күніне арналған үлкен спартакиада ұйымдастырылды. Журналистер қауымын біріктірген бұл шараға облыстық ішкі саясат және спорт басқармалары қолдау көрсетті.

Ал қараша айында 65 жылдық мерейтойдың басты салтанатты жиыны өтеді. Бұл кеште телеарна қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланып, облыс пен корпорация басшылығы тарапынан марапат табысталмақ, — дейді Айдана Смағұлова.

Мерейтой қарсаңында телеарнаның 65 жылдық логотипі мен бейнежарнамалары Ақтөбе әуежайы мен қаланың көрнекті жерлеріндегі LED-экрандарда көрсетіліп жатыр.

Жабдықталған жаңа студия

Қазір телеарна ғимаратына күрделі жөндеу жасалып жатыр.

Биыл қыркүйек айында облыс әкімі Асхат Берлешұлы мен корпорация басшылығының тікелей қолдауымен «Aqtóbe»телеарнасының ғимараты  жөнделе бастады. Ұзақ уақыт дайындалған жоба құжаттары рәсімделіп, құрылысшылар іске кірісті. Алғашқы кезекте ғимараттың шатыры толық жаңартылды.

Қазіргі таңда екінші қабат жөнделіп жатыр. Бұл қабатта телеарнаның негізгі шығармашылық және техникалық мамандары орналасқан. Сондай-ақ ғимарат кіреберісінде бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдай  жасалмаған болса, енді заман талабына сай пандус орнатылуда.

Технология күн сайын дамып, ақпарат кеңістігі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Осындай қарқынды дәуірде телеарна да заман талабына сай жаңарып, техникалық-материалдық базасын үздіксіз жетілдіруі қажет. Қазір телеарнаның 4 үлкен студиясы мен 12 түсірілім локациясы бар. Мерейтой жылы жаңалықтар студиясы толық жаңартылып, жаңа үлгідегі заманауи форматқа көшті. Шамамен 20 күн бұрын іске қосылған студия бүгінде өңірлік деңгейде баламасы жоқ ерекше нысанға айналды. Мұндай студиялар тек республикалық телеарналарда ғана бар. Оның басты ерекшелігі — кеңістіктің 80 пайызы «гибкий LED-экраннан» тұрады. Бұл көрініс сапасын арттырып қана қоймай, сюжеттер мен бағдарламаларды көрерменге әсерлі жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар телеарна жаңа технологияларды белсенді енгізіп келеді. Мәселен, TVOne қосымшаның көмегімен операторлар интернет бар кез келген жерден тікелей эфирге шығуға мүмкіндік алды. Осы жүйеге сай LED-экран қажеттілігі туындаған болатын. Студияны жаңартуға облыс әкімдігі мен корпорация қолдау көрсетті.

Сондай-ақ телеарна техникалық тұрғыдан да жаңаруда. Жол талғамайтын көлік, жаңа дрон, жарық құралдары секілді құрал-жабдықтар сатып алынды. Жол талғамайтын көлік, ең алдымен, журналистер мен операторларымыз үшін маңызды. Өйткені олар шалғай ауылдарға жиі іссапарға шығады.

Имидждік бағыт та назардан тыс қалған жоқ. Енді әр журналистің блокноты мен қаламында «Aqtóbe»телеарнасының логотипі бейнеленген. Түсірілім кезінде киетін кеудешелері мен футболкаларында да арна атауы айқын жазылған. Өткен жылы ПТС түсірілім тобы арнайы киіммен қамтамасыз етілсе, биыл жаңалықтар және тақырыптық бөлім қызметкерлері де осы қатарға қосылды, — дейді телеарна басшысы.

Жасанды интеллект пен жаңару жолындағы телеарна

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллекттің маңыздылығын ерекше атап өтті.  Жасанды интеллект — еліміздің стратегиялық дамуының басты құралы. Расында да, бүгінде бұл технология өмірдің барлық саласына дендеп еніп келеді.

Заман талабына сай үрдістерден қалыс қалмаған біздің телеарна да жасанды интеллект элементтерін өз жұмысында қолданысқа енгізіп отыр. Мәселен, «Ел аузында» бағдарламасында жасанды интеллекттің көмегімен аңыздар мен тарихи оқиғаларға байланысты бейнелер жасалып, соған ұқсас фотосуреттер «тірілтіледі». Бұл көрерменге материалды көрнекі әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік береді.

Әрине, жасанды интеллекттің мүмкіндігі шексіз. Бірақ оның да өз шегі болуы керек деп ойлаймын. Кейде марқұмдардың  бейнесіне «жан бітіру» әрекеттері байқалып жатады. Мұндай дүниелер этикалық тұрғыдан да, рухани жағынан да дұрыс емес.

Қазіргі таңда арнада жасанды интеллект элементтері отбивка мен перебивка жасау барысында қолданылады. Келесі жылдан бастап жасанды интеллектінің көмегімен толыққанды телехабарлар түсіру жоспарланып отыр.

Ақтөбе өңірі — өнердің ордасы. Сол себепті жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдайтын дәстүрлі өнер сайысын өткізу де жоспарда бар. Сонымен қатар телеарна ғимаратындағы  күрделі жөндеу  келесі жылы да жалғасатын болады. Заманауи талапқа сай құрал-жабдықсыз сапалы өнім ұсыну мүмкін емес. Сол себепті техниканы жаңарту — басты міндеттің бірі.

Жаңа маусымда бірқатар тың жоба көрерменге жол тартты. Соның бірі — «Ел аузында» бағдарламасы. Ол арқылы тарихи-мәдени мұралар дәріптелуде. Сондай-ақ «Жерұйық» бағдарламасы ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайын көрсетуді мақсат етеді. Ауыл халқы да өркениет игілігін көріп жатыр. Халықтың шат тұрмысы осы хабарда беріледі. Ал «Бейне» деректі фильмдер топтамасы Ақтөбе өңірінен шыққан біртуар тұлғалардың өмір жолын баяндайды. Жақында қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова туралы арнайы түсірілім жасалды, — дейді Айдана Смағұлова.

Жүзеге асырылып, іске қосылып жатқан жұмыс аз емес. Қат-қабат шаруа көп. Бәрі уақыт күттірмейді. Уақыт тығыздығынан биыл тындырылмаған жобалар да бар. Бұл туралы Айдана Әлімқожақызы былай дейді:

Бір әттеген-айы — биыл музейді жаңарта алмадық. Ал 65 жылдық тарихы бар телеарнада өткеннен сыр шертетін, шежірелі музейдің болуы — заңдылық. Сол музейдің қасындағы екі бөлмені арнайы босатып қойдым. Бірақ оны толыққанды іске асыру үшін уақыт пен қаражат қажет. Сондықтан бұл іс келесі жылдың еншісіне қалып отыр. Жертөледе сақталған тарихи құжаттар мен бейнематериалдарды жүйелеп, цифрлық архивке айналдыруды көздеп отырмын. Өйткені бұл — болашақ үшін қажет дүние.

Ұжымныңмақсаты — ел қарайтын, ой салатын мазмұнды контент өндіру.

Күнделікті жұмысымыз осы бағытта өрбиді. Жыл сайын екі рет жаңа маусым ашамыз. Соңғы жылдары әлеуметтік желідегі белсенділігіміз де арта түсті: TikTok-та 14 мың, Instagram-да 34 мыңға жуық, ал YouTube арнамызда 60 мыңға жуық оқырман бар. Бұл — сапалы контент пен кәсіби еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да заманауи платформаларда өңірдің жаңалығын, елдің еңсесін көтеретін мазмұнды хабарлармен бөлісуді жалғастыра береміз, — дейді телеарна директоры Айдана Смағұлова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button