Қолдау және нәтиже

Жастар саясаты — ел болашағының берік іргетасы. Ал олардың жаңашыл ойы мен батыл бастамасын қолдау — мемлекет назарындағы басты міндет. Ақтөбеде жастардың дамуына, өз идеясын жүзеге асыруына бағытталған түрлі бағдарлама мен жобалар жүйелі түрде іске асып келеді.
Баспана да, бастама да бар
Бұл бағытта Ақтөбе қаласы әкімдігі мен жастар ресурстық орталығының жұмысы ерекше қарқын алған.Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садықтың айтуынша, кейінгі жылдары жастарға қолдау айтарлықтай көбейген.
—Бүгінде өңірімізде жастарды ақпараттандыру, жұмыспен қамту, шығармашылық және азаматтық белсенділігін арттыру бағытында түрлі іс-шара атқарылуда. Соның бірі дәстүрлі «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы биыл да жаңа маусымын бастады. Аталған жобаға өтінім қабылдау 20 қазаннан 3 қарашаға дейін жалғасады. Бірақ биыл алдыңғы жылмен салыстырғанда бірқатар өзгеріс енгізілді, — дейді Ә.Садық.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грант-жобасы 6 бағытты қамтиды: бизнес, медиа, ақпараттық технология, білім, мәдениет және волонтерлік. Барлығы 20 грант қарастырылған, әрқайсысының көлемі — 1,3 миллион теңге.
—Бұл жобаның мақсаты — жастардың тың идеяларын қолдап, өз ісін бастауына немесе қоғамға пайдалы жобасын жүзеге асыруына жағдай жасау. Қатысушыларға қаржылай қолдау көрсетіліп, өз саласының мамандарынан кәсіби кеңес алу мүмкіндігі ұсынылады.
Арнайы құрылған комиссия әр жобаны мұқият қарап, қоғамға пайдалы бастамаларды таңдайды. Жалпы, конкурсқа 14 пен 35 жас аралығындағы Ақтөбе жастары қатыса алады. Үміткерлер жобаның сипаттамасын, қысқаша таныстырылымды немесе бейнероликті, шығындар сметасын, жеке құжаттарын тапсыруы қажет. Бұған дейін қатысушылардың аты-жөні ашық көрсетілетін болса, енді әр үміткерге арнайы цифрлық код беріледі. Сол арқылы өтінім комиссия мүшелеріне шифрланған түрде ұсынылады. Бұл —сыбайлас жемқорлықты азайту үшін енгізілген өзгерістің бірі. Сонымен қатар бағалау процесіне жасанды интеллект те тартылмақ. Бұл — ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудің жаңа жүйесі. Комиссия отырыстары ашық форматта өтіп, әлеуметтік желілерде онлайн көрсетіледі. Нәтиже жарияланғаннан кейін екі күн ішінде өтініш берушілер қарсылық білдіре алады. Ал жеңімпаздар облыс әкімдігі мен «Жас Кен» жеке қорымен үшжақты келісімшарт жасасып, белгіленген мерзімде жобалық және қаржылық есеп тапсырады, — дейді орталық басшысы.
Былтыр«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының грантын иеленгенЭлмира Серікқызы бүгінде«Әдемі-ай» ұлттық қолөнер үйірмесін ашып, қыз балаларға құрақ құраудан, бисермен жұмыс және кесте тігуден шеберлік сабақтарын ұйымдастырып жүр.
— Бұл жобаны қолға алудағы мақсат — ұлттық өнерді жаңғырту және қыздардың қолөнерге қызығушылығын арттыру. Қазір үйірмеге қатысушылар саны артып келеді, өнімдерімізге де сұраныс көп, — дейді жас кәсіпкер.
Аймақта жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағытында да тындырылған жұмыскөп. Мәселен, «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы арқылы биылдың өзінде 60 жасбаспаналы болмақ.
Былтыр бұл жобаның жемісін көрген тұрғынның бірі — Ару Тұрланқызы.
Ол Қызылжар орта мектебінің мұғалімі. Ару он жылға жуық мемлекеттік қызметкерлер санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған.
— 2018 жылы «Отбасы банк» арқылы жеке шот ашып, қаражат жинай бастадым. Сөйтіп, былтыр күз айында «Ақтөбе жастары» бағдарламасы туралы естіп, дереу құжат дайындап, өтінім бердім. Екі айдан соң банктен конкурстан өткенім туралы хабарлама алдым. Содан кейін құжат рәсімдеп, үй таңдауға кірістік. Бағдарлама екінші нарықтан пәтер алуға мүмкіндік береді екен. Бізде үй құнының 10 пайызы алғашқы жарна ретінде шотта жиналып тұр еді.Бұл —бағдарламадағы басты шарттың бірі. Әрине, қолайлы пәтер табу оңай болған жоқ, бірақ бір ай ішінде Алтын Орда шағын ауданынан өз баспанамызды таңдадық. Қазір 6 пайыздық несиеге алынған үйімізде тұрып жатырмыз. Жастарды қолдауға арналған осындай жобалар жасай берсін, — деді ол.
Жастарға бағытталған жоба көп
Ақтөбеде 14 пен 35 жас аралығындағы 160 мыңнан астам жас бар. Оның 3 742-сі — оқуға да, жұмысқа да тартылмаған NEET санатындағы азаматтар. Қалалық жастар ресурстық орталығы осындай жастарды қоғам өміріне бейімдеу және белсенділігін арттыру бағытында түрлі бағытта жұмыс жүргізіп келеді.
— Біз «Жастарға кеңес» жобасын бастадық. Бұл орталықтың авторлық бастамасы және республикалық деңгейде үздік жобалар қатарына енді. Жоба аясында жастар түрлі сала мамандарымен кездесіп, кәсіп ашу, психология, қаржы, құқық бағытында кеңес алады. Сонымен қатар шығармашылығын танытқысы келетін жастарға жеке мүмкіндік беріледі. Қазір жастар арасында интеллектуалды ойындарға қызығушылық жоғары. Мысалы, ай сайын өтетін куиз турнирлеріне 20-дан астам команда, 80-ге жуық студент қатысады, — дейді орталық жетекшісі Ә.Орысбайұлы.
NEET санатындағы жастар үшін де арнайы жұмыс жүйесі қалыптасқан. Олар кәсіби бағдарлау курстарынан өтіп, кейбірі түрлі салада еңбек жолын бастаған.
Сондай-ақ облыстық білім басқармасымен бірлесіп, «Best in Aqtobe» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты — колледждер арасында белсенді және бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру. Арнайы рейтинг жүйесі арқылы оқу орнының қоғамдық белсенділігі мен студент жетістіктері бағаланады. Мамыр айында үздік колледж, үздік студент және үздік жоба иегерлері марапатталады.
Жастар ресурстық орталығы тек қала аумағында емес, ауылдық жерлерде де жұмыс жүргізеді. Сазды, Заречный, Қурайлы ауылдарында шеберлік сабақтары мен мотивациялық кездесулер тұрақты өткізіліп келеді.
— Әрбір ауылда белсенді, ізденімпаз жастар бар. Тек оларға бағыт-бағдар, мүмкіндік жасау керек. Біз сол ортаға алтын көпір болуға тырысамыз, — дейді ол.
Сонымен қатар шаһарда IT саласындағы жастардың белсенділігі де арта түскен. Aqtobe IT Hub орталығы Жастар саясаты басқармасымен бірлесе отырып, биыл «Aqtobe Hub Pizza Pitch Month» жобасын бастамақ. Бұл бастама мектептер мен колледждер арасындағы стартап мәдениетін дамытуға бағытталған.
—Мұнда жастар өз идеясын таныстырып қана қоймай, оны алғашқы жұмыс істейтін нұсқасына дейін жеткізуді үйренеді. Біз оқу орындарындағы мықты идеясы бар жастарды анықтап, оларға бағыт-бағдар беріп, жобаларын іске асыруға көмектесеміз, — дейді Aqtobe IT Hub менеджері Елнұр Жалғасұлы.
Жақында өткен «Smart City Hackathon» байқауында ақтөбелік жастар мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында ақпараттық мониторинг жүйесін ойлап тапқан.
— Бұл жүйе деректерді талдап, буллинг секілді жағдай туындаса, мектеп әкімшілігіне жедел хабарлама жібереді. Ең бастысы, жастар өз идеясына сеніп, әрекеттенуден қорықпау керек. Себебі әр үлкен жоба шағын бастамадан басталады, — дейді Е.Жалғасұлы.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



