Басты жаңалықтар

Астықты аймақ — еңбеккерлер елі

БАСПАСӨЗ — 2026

Астықты аймақ Әйтеке би ауданының экономикасында тұрақты даму байқалады. Аудандағы бірнеше елдімекенге газ тартылып, жаңа әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Әйтсе де бұл өңір үшін ауылшаруашылығы саласының орны бөлек. Биыл Әйтеке би ауданында өнім өндірудің жалпы көлемі 30 млрд теңгені құраған. 

Инвестициялық жобалар мен жаңа әлеуметтік нысандар

Ақтөбенің астықты ауданы Әйтеке биге «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері келді. Журналистер жыл сайынғы баспасөзге  жазылу науқаны аясында түрлі мекеме мен ұйым қызметкерлерімен кездесіп, әйтекебиліктердің тыныс-тіршілігімен танысты.

«Ақтөбе» облыстық газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жаңагүл Жүрсін, компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Мұратбек Ержақыпов және «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Санат Қалиев  облыстық қоғамдық-саяси екі басылым  туралы айтып, Әйтеке бидегі мекеме-кәсіпорындарға қолдауы үшін алғыс білдірді, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин мен облыстық білім басқармасының атынан білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері мен басшыларына Құрмет грамоталары, Алғыс хат пен марапаттар табысталды. Журналистер осы кездесу үшін аудан орталығына арнайы келген шалғайдағы ауыл мектептерінің мұғалімдеріне де ерекше ризашылық білдірді.

Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев тілшілерге әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы егжей-тегжей ақпарат берді. Оның айтуынша, елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу және салу, абаттандыру, сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

Аудан әкімінің сөзінше, биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша аудан экономикасы тұрақты өсім көрсеткен. Қазір өнеркәсіп өндірісінің көлемі — 15,9 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімі — 29 млрд теңге, орташа жалақы 259,6 мың теңгені құрап отыр.

— Біз белсенді түрде инвестиция тартып, ірі жобаларды жүзеге асырып отырмыз. Мысалы, Қарабұтақ ауылында жол бойы сервис нысандары — Qazaq Oil қонақүйі, Лукойл жанармай бекеті, Алаш Метан газ станциясы мен кемпинг кешенінің құрылысы басталды, — деді Дәулетияр Тоғызбаев.

Қазір аудандағы 18 елдімекен табиғи газбен қамтылған. 2026 жылы Ақтасты, Тұмабұлақ және Жабасақ ауылына газ жеткізу жоспарланып отыр. 27ауылдың 19-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетуге тиіс.

Биыл ауданда 5210 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 30 мектеп пен 21 балабақша жұмыс істейді. Барлық оқу орны кезең-кезеңімен газбен жылыту жүйесіне қосылуда. 2026 жылға қарай Әйтеке би ауданындағы барлық мектепті орталықтандырылған тұрақты жылумен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Ауданда  медицинаның 27-і нысаны бар, оның алтауы  — амбулатория, 18-і—фельдшерлік пункт. Денсаулық сақтау жүйесінде 329 адам еңбек етеді, оның 37-сі— дәрігер. 2026-2027 жылдары Тұмабұлақ ауылында амбулатория, Байжанкөл, Ақтасты және Сарыбұлақ ауылында медициналық пункт салу жоспарланып отыр.

Тұрақты оқырманға — сенімді дереккөз

Біздің тұрақты оқырманымыз—Әйтеке би аудандық аурухана ұжымыда журналистерді достық пейілмен қарсы алды. Ауруханадағы кездесу мазмұнды өтті. Бұл мекемені тәжірибелі дәрігер Жамбыл Жайлыбаев басқарады.

1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауруханада 37 дәрігер және 140 орта буын қызметкері бар. Олар аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп отыр. 2024 жылы ұжым төрт жаңа маманмен толыққан. Ауылдық жерге жұмыс істеуге келген үш дәрігерге әлеуметтік қолдау көрсетілген.

— Қазіргі медицинаның басты мәселесінің бірі— кадр тапшылығы. Бұл қиындық бізді де айналып өткен жоқ. Бізде кардиолог, рентгенолог, офтальмолог, жалпы тәжірибе дәрігерлері, невропатолог, гинеколог және отоларинголог жетіспейді. Соған қарамастан, әріптестерім өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Аурухана ЭКГ аппаратымен жабдықталған, екі жедел жәрдем көлігі бар, ғимараттың шатыры мен қасбеті жөнделді, — деді бас дәрігер.

Медицина қызметкерлерімен кездесуде Жаңагүл Жүрсін мен Мұратбек Ержақыпов былтыр 100 жылдығын атап өткен «Ақтөбе» газетінің тарихы мен осыған орай ұйымдастырылған шаралар туралы әңгімеледі.

— Интернет дәуірінде жалған ақпарат көп. Ал ресми баспасөз—тексерілген, сенімді дереккөз. Сондықтан газет-журналға жазылу—шынайы ақпаратқа деген сенімнің белгісі, — деді олар медицина қызметкерлерімен болған кездесуде.  Ал «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Санат Қалиев журналистер  Әйтеке би ауданына жиі келіп, ауыл еңбеккерлерінің тұрмысымен, жергілікті өндіріс ұжымдарының жұмысымен танысып, өңірдің тарихы мен мәдени мұрасын зерттейтінін айтты.

— Мұндай іссапарлардың нәтижесі мазмұнды дүниелерге — арнайы репортаждарға, мақалалар мен очерктерге ұласып, олар «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үштаған» журналында жарық көреді, — деді Санат Қалиев.

Тағы бір әсерлі кездесу Комсомол орта мектебі мен негізі 1975 жылы қаланған М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепте өтті. Комсомол орта мектебіндегі кездесуге аудан орталығының ғана емес, Мамыт, Қарашатау және Жабасақ сияқты шалғай ауыл мұғалімдері  де арнайы келді.

— Біздің мектебіміз 400 орындық, 1993 жылға дейін орыс тілінде білім берді. 1993 жылдан бастап тек қазақ тілінде білім беретін мектепке айналды. 2021 жылғы 13 қаңтарда бізге қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, ойшыл, қоғам қайраткері, ұстаз және публицист Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді. Қазір мектепте 614 оқушы білім алып жүр, 69 мектепалды даярлық тобы жұмыс істейді, — дейді М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп директоры Сағыныш Іздина.

Сағыныш Іздинаның айтуынша, бүгінде мектепте 75 ұстаз еңбек етеді. 2020 жылдың тамыз айында мектеп ғимаратына 37 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 9-ы —аулада, 20-сы —ғимарат ішінде. Оқу процесін жайлы ету үшін мектеп қажетті  құрал-жабдықпен түгел қамтамасыз етілген.

Кездесу барысында мұғалімдер медиа платформа жұмысы туралы түрлі сұрақ қойып, пікір алмасты. Әңгіме интерактив сипатында өтті. Кездесу соңында «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері мұғалімдерге  игі тілектерін білдіріп, ерен еңбегіне алғыс айтты.

— Облыстық басылымдардың шалғай ауыл мектептеріне назар аударып, олар туралы материал жариялауы бізді қатты қуантады. Әсіресе газетте жиі жарияланып тұратын аудан тарихы мен еңбек адамдары туралы мақалаларды қуана оқимыз, — деді Мамыт ауылындағы шағын жинақты мектептің мұғалімі Жаңалық Сартаев.

«Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері  аудан орталығындағы үш мектептің бірі —Т.Жүргенов атындағы ұжыммен де кездесті.

Газет оқитын теміржолшылар

Әйтеке би станциясының теміржол депосы директоры Бахыт Мұсылманқұлов бізге ұжымның тарихы мен жетістіктері туралы әңгімелеп берді.

— «Әйтеке би» теміржол торабы өз жұмысын 2004 жылдың 30 қазанында бастады. Бастапқыда мұнда небәрі 63 маман еңбек еткен. Бүгінде 10 басшы мен 400-ден астам жұмысшы жоғары нәтижеге қол жеткізіп,  үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етіп отыр, — деп атап өтті ол.

Бұл станциядан күн сайын бірнеше жүк және жолаушы пойызы аттанып, еліміздің солтүстігі мен батысын байланыстырады. Соңғы 14 жылда осы теміржол желісі арқылы 3,2 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімі тасымалданған.

Медиа платформа өкілдері теміржолшыларға да облыстық қоғамдық-саяси екі басылымның тарихы жайлы айтып берді. Баспасөзге жазылу — ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен жаңалықтардан хабардар болудың ең сенімді жолы. Газет тек ақпарат көзі емес, қоғамдық пікір қалыптастыратын, мәдени және рухани дамуға ықпал ететін құрал екенін айтты. Облыстық екі газеттің теміржол саласындағы тұрақты  оқырмандары журналистерге логистикадағы үдерістер мен жетістіктерді толық әрі объективті түрде жариялап жүргені үшін ризашылығын білдірді.

Елу жылдық еңбек жолы

Аудандық көпсалалы ауыл шаруашылығы колледжімен болған кездесу де достық пейілмен өтті.1974 жылы кәсіптік-техникалық училище ретінде құрылған бұл оқу орны кейін колледж мәртебесін алған. Мұндағы педагогтер өңірдің агроөнеркәсіп саласы үшін бәсекеге қабілетті, білікті және жан-жақты маман даярлау жолында табысты еңбек етіп келеді.

— Біздің колледж кәсіби білім беру саласында өз орнын нықтап алған. Өткен жылы 50 жылдық мерейтойымызды атап өттік. Шынымен де, мақтануға тұрарлық жетістіктеріміз бар, оқу орнызаман талабына толық сай келеді, — дейді оқу орнының директоры Мақсұт Жиенқожаев.

Оның айтуынша, колледждің материалдық-техникалық базасы соңғы жылдары едәуір жақсарған. Екі қабатты оқу корпусы, 80 орындық жатақхана, асхана мен 9 оқу кабинеті бар. Күтімі тәуір ғимараттағы  6 жалпы білім беретін және 3 арнайы пән кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұның бәрі студенттерді инновациялық технологияны пайдалана отырып оқытуға мүмкіндік береді.

Колледждің оқытушы құрамы журналистердің облыстық басылымдарға жазылу жөніндегі бастамасын қолдады. Айтуларынша, «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үштаған» журналына жарияланған мақалалар — білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, қарапайым еңбек адамдары жайлы материалдар ұжымда жиі талқыланады. Ал жастар туралы, «Жасыл ел» қозғалысы мүшелері, волонтерлер мен белсенді азаматтар туралы мақалалар студенттерге үлгі болуда.

— Кім біледі, бәлкім, болашақта сол студенттердің кейбірі біздің  мақалаларымыздың кейіпкері болып қалуы да мүмкін, — деп түйіндеді журналистер.

Санат РӘШ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button