«Менің атаулы ағашым»


Дүйсенбінің таңында «Жасыл ел» жастары Ақтөбедегі №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағына көшет екті. «Жасыл ел» облыстық штабытөрағасының орынбасары Артур Азиевтің айтуынша, орталық басшылығының өтініші бойынша интернат аумағына 30 түп көктерек көшеті егілді.
«Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясы аясында өткізілген «Менің атаулы ағашым» атты іс-шараға еңбек жасақтарымен бірге Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі оқушылары да қатысты.
— Іс-шара мақсаты — жастардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны көгалдандыру, болашақ ұрпаққа өнеге көрсету, жастарды қоғам үшін пайдалы еңбекке баулу.Жалпы соңғы екі-үш жылда «Жасыл ел» жасағы осындай әлеуметтік мекемелердің аумақтарын көгалдандыруды қолға алды. Жақында спорт мектебінің аумағына көшет ектік. Көп жағдайда бұл жұмыстар сол мекемелердің бастамасымен іске асып жатады. Ең бастысы,егілген ағаштарға кейін күтім жасалып, оларды суару мен баптауға жауапты адамдар болады. Сонымен бірге жастар ауған соғысы, тыл ардагерлері тұратын көп қабатты үйлердің аумағын көгалдандыруға да қатысады. Мәселен, былтыр ардагерлерге арнап ұйымдастырылған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында көпқабатты үйлерде тұратын бірнеше отбасының ауласына ағаш егілді. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 500 түптен артық көшек егілді, жұмыс әлі де жалғасады, — дейді Артур Азиев.
Ағаш егу жұмыстарына интернат үйі тұрғындары да көмектесті. Күрегін, шелегін ала шыққан тұрғындар таза ауада еңбек етті.
— Интернат тұрғындары үшін еңбек терапиясы өте пайдалы. Біздің мекемеде бүгінде 400-ден астам тұрғын бар. Контингент ерекше, себебі әр тұрғын ерекше күтімді, жанашырлық пен қолдауды қажет етеді. Ағаштарды тұрғындармен бірлесіп қараймыз, өзіміз суарып, күтіп-баптайтын боламыз, — дейді орталық директоры Кенжеғазы Байғазин.
Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің 2-курс оқушысы Жансұлу Ұлықпанованың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттырады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



