Сирек кездесетін тораңғы ағашын екті


Ақтөбеде әуежай маңына өңірдің климаттық жағдайына бейім тораңғы ағашы егілді. Шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.
— Тораңғы егу — өңірімізде шөлейттенуге қарсы күрестегі маңызды қадам. Табиғатты сақтау мен экологияны жақсартуға бағытталған бастамаларды әрі қарай қолдай береміз. Ақтөбе облысы өмір сүруге қолайлы, жасыл өңірге айналуы үшін бар күшімізді саламыз,— деді облыс әкімі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, тораңғы құнарсыз, құмды топыраққа жақсы бейімделеді. Бұл ағаш экожүйеде маңызды рөл атқарады: топырақты нығайтып, эрозияға ұшыраудан қорғайды және жердің шөлге айналу қаупін азайтады.
— Бұл — ерекше өсімдік. Суды 15 метр тереңдіктен тартып алады және ең қатал климат жағдайы — құрғақшылықта, қатты жел мен температура күрт өзгергенде де өмір сүре береді. Алматы ғалымдарымен бірлесіп, оның жақсы өсіп-өнуі үшін оңтайлы жағдайды зерттедік. Биыл облыс бойынша 500 тораңғы көшетін егу жоспарлануда. Жалпы, күзгі көгалдандыру науқаны аясында өңірде 8 мың көшет егіледі, — деді Исатай Еспағанбетов.
Аталған тораңғы Қазақстанның Қызыл кітабына енген.Өңір үшін сирек кездесетін бұл ағаштың көшеттерін «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС сатып алып, олардың жақсы өсуі үшін барлық қажетті жағдайды жасаған. Суару жүйесін орнатып, су қоймасын жасақтаған, қоршаулар қойған.
«ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС-ның өндіріс жөніндегі бас директорының орынбасары Абдуахит Әбішевтің айтуынша, 500 тораңғы көшетінің 50-і — Байғанин ауданына, 50-і — «Әлібек мола» кен орны маңына, 100-і — Қандыағашқа, ал 300-і Ақтөбе қаласына егіледі. Соның ішінде 100 көшет әуежай аумағына егілмек.
Аталған ағаш егу шарасына мұнай компаниясының қызметкерлері мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарыатсалысты.
— Мұнай саласының өкілі ретінде өңір кәсіпкерлері мен әріптестерімді«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысуға шақырамын. Біз бірлесе әрекет еткенде ғана қаламызды жасыл, таза әрі жайлы етееміз. Ақтөбеліктер осы игі дәстүрді жалғастырып, туған жердің табиғатын сақтауға үлес қосса екен деймін, — деді Абдуахит Әбішев.
Д.АЙДАР.



