Басты жаңалықтар

9 айдың түйіні

Әлеуметтік-экономикалық даму

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, облыста макроэкономикалық жағдай тұрақты, тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсу көрсеткіші — 103,8 пайыз. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 1,4 пайызға артқан.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар мөлшері 807 млрд теңгеден асқан, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп. Ауыл шаруашылығында 296 млрд теңгенің өнімі өндірілді, өсім — 3 пайыз. Құрылыс жұмыстарының көлемі 18 пайызға артып, 615 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал көлік (өсім —10%) және сауда (өсім — 2,2%) салаларында оң динамика байқалады.

Жалпы, аудандарда оң динамика сақталуда. Дегенмен кейбір бағыттар, мысалы, инвестициялар мен өнеркәсіп салаларында жұмыс қарқынын арттыру қажет. Ауыл шаруашылығы бойынша барлық ауданда өсім қамтамасыз етілді.

Асхат Шахаров аудан әкімдеріне және басқарма басшыларына инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету, жоспарлы көрсеткіштерді орындауды қамтамасыз ету және экономикалық өсімнің оң динамикасын жыл соңына дейін сақтау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

—Бізге нақты нәтиже қажет. Өсу көрсеткіштері нақты экономикалық белсенділікті көрсетуге тиіс. Инвестициялар тартуға, жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік салаларын дамытуға назар аударуымыз қажет. Негізгі басымдықтар — инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру, — деді Асхат Шахаров.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне және басқарма басшыларына негізгі бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді және нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері халықтың өмір сүру сапасын көрсететінін атап өтіп, жоспарды орындамайтын тұлғалар үшін кадрлық шаралар қабылданатынын ескертті.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button