Басты жаңалықтар

Ел экономикасын цифрлық трансформациялау өңірлерден басталады

«Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде

Жаппай цифрлық ел болуы керек.

Біз жаппай цифрландыру және жасанды

интеллект технологиясын барынша енгізу

арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет».

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауынан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамның маңызды салаларына цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ел дамуының негізгі бағытына айналуға тиіс екенін айтқан-ды.

«Мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстанүш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерек қорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс», — деді Президент.

Қазақстан цифрлық державаға айналуы үшін бірнеше маңызды шарт бар. Біріншіден, сөзсіз, цифрлық технологиялар жеткілікті әрі сапалы болуға тиіс. Екіншіден, ұланғайыр даламыздың әрбір түкпірінде жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болуы қажет. Тағы бір маңызды мәселе — сол технологияларды тиімді қолдана алатын адам капиталы, яғни білімді, цифрлық тұрғыда сауатты мамандардың болуы.

Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның Цифрлық кодексі Мемлекет басшысы белгілеген мерзімде қабылданатынын мәлімдеді. Қазір кодекс жобасын Парламент Мәжілісі қарап жатыр.

Осы тақырып төңірегінде өңірде атқарылып жатқан істер туралы Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру бөлімінің басшысы Гүлдара Ысқақовамен пікірлескен едік…

— Қазіргі таңда Үкіметтің тапсырмасымен еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Ақтөбе облысында да жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған стратегиялық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл құжаттар цифрлық трансформацияны жеделдетуге, мемлекеттік басқаруды тиімді етуге және өңірдің инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталады.

Біз өңір бойынша жасанды интеллект саласын енгізу, цифрландыру жобаларын үйлестіру, оларды мониторингтеу және іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге кірістік. Алдағы уақытта бұл құжаттар облыстың даму жоспарының цифрлық құрамдас бөлігі ретінде нақты міндеттері мен кезеңдерімен бірге бекітілетін болады. Ол туралы толығырақ келесі сұхбаттарда мәлімет беретін боламыз.

— Цифрлық ел болудың шарттарының бірі —  ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, бүкіл ел бойынша тұрақты және жылдам интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету екені белгілі. Біздің облыстағы ауылдарда тұрғындар интернетке емін-еркін қол жеткізіп отыр ма?

— Облысымызда заманауи коммуникациялық технологияларды енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда облыстағы 311 ауылдық елді мекеннің  274-і интернетпен қамтылған. Оның ішінде 68 ауылға — 3G, 200 ауылға 4G байланыс желісі тартылған, ал 6 ауыл интернетке спутник арқылы қосылған. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының 97,5 пайызы интернетті емін-еркін пайдаланып отыр. Қалған 37 ауылдық елді мекеннің 14-інде  қазіргі уақытта мобильді интернетке қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар — Толыбай, Сарыбұлақ, Аққұм, Байжанқол, Кенжалы, Көптоғай, Ащылысай, Ортақ, Өтек, Құмсай, Дмитриевка, Елек, Ақсу және Тұмалыкөл ауылдары.

Байғанин ауданындағы 1505 тұрғыны бар Оймауыт, Миялы және Дияр ауылдары  шалғайда орналасқандықтан, бұл ауылдарға интернет тарту «ВОЛС 2.0» (талшықты-оптикалық байланыс желісі) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында тартылады.

Тұрғындар саны 100 адамнан аз 18 ауылға интернетті OneWeb технологиясын пайдалана отырып, спутниктік байланыс жүйесі арқылы қосу жоспарда бар. Осылайша 2026 жылдың басына қарай 306 ауыл интернетке қол жеткізеді.Демек,  ауыл халқының 99,3 пайызы интернетке қосылады.

Сонымен бірге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 192 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары басталды. Жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс, нәтижесінде облыстың 268 ауылында тұрақты және жоғары жылдамдықты интернет қызметі қолжетімді болады. Ауыл-аймақтағы әлеуметтік және мемлекеттік нысандар да желіге қосылады.

Республикалық маңызы бар жолдар бойында мобильді интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.Биыл жергілікті бюджет есебінен Қарғалы ауданындағы Қарғалы су қоймасы маңындағы аумаққа мобильді интернет қосылды. Алдағы уақытта Алға, Әйтеке би және Мұғалжар аудандарындағы республикалық жолдар бойында тағы 4 аумаққа интернет қосу жоспарланып отыр. Бұл жоба негізінен 2027 жылға дейін жоспарланған, бірақ 2026 жылы мерзімінен бұрын аяқталмақ. Тұрақты цифрлық инфрақұрылымды дамыту тек ауылдарды интернет желісіне қосу үшін ғана емес, заманауи технологияларды күнделікті өмірде қолдануға да мүмкіндік бермек.

— Өңірде жасанды интеллект қазіргі уақытта қай салаларда енгізіліп жатыр?

— Барлық салада да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды айта кетейін: Өңірде телемедицина жақсы дамып келеді. Ақтөбе медициналық орталығы жанынан құрылған орталықта бүгінге дейін 21-ге жуық бейнеконсультация берілді. Бұл науқастарға облыс орталығына бармай-ақ, қашықта отырып медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект технологияларын қолданатын PACS жүйесі енгізілді, ол медициналық бейнелерді (рентгенография, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеу) автоматты түрде талдап, патологиялық өзгерістерді анықтайды. Осы жылдың 16 шілдесінен бастап жүргізілген  35 847 зерттеудің 34 пайызындағы патологиялық өзгерістер жасанды интеллект арқылы анықталды. Бұл жүйе диагноз қою дәлдігін және жылдамдығын едәуір арттырды.

Сонымен қатар «Яндекс.Карталар» платформасының көмегімен бірінші санатты жедел жәрдем көліктерін нақты уақыт режимінде бақылау жобасы жүзеге асырылды. Бұл жүйе азаматтарға жедел жәрдем көлігінің нақты қай жерде келе жатқанын көріп отыруға мүмкіндік береді. Бұл жедел жәрдемнің келе жатқанын көріп отырған адамның 103 нөміріне қайта-қайта қоңырау соғуын азайтуға септігін тигізеді.
Жалпы, денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру қазірдің өзінде өңір тұрғындары үшін тиімді болып отыр, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

— Жақында облыс әкімдігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісім аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Бұл құжат Президент тапсырмасына сай, өңірде жасанды интеллект технологияларын енгізуге, сол арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді бірлесіп әзірлеуді көздейді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен ынтымақтастық аясында Smart Data Ukimet платформасында бірқатар аналитикалық кейсті жүзеге асыру ұсынылып отыр. Бұл шешімдер өңірлік деңгейде деректерді жүйелі талдауға, басқарушылық шешімдерді қолдауға бағытталған.

— Аналитикалық кейстер туралы толығырақ айтсаңыз?

— Негізгі бағыттарды атап өтейін.Біріншісі — ұлттық инвестициялық жобалардың орындалуына мониторинг жасау. Бұл кейс жобалардың орындалу барысын нақты уақыт режимінде қадағалап, тәуекелдерді дер кезінде анықтауға, жедел басқарушылық шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Екіншісі —  отандық тауар өндірушілердің қаржылық тұрақтылығын талдау. Аталған жүйе кіріс, салықтүсімдерінің динамикасын бағалау, экспорт-импорт операцияларын талдау, сондай-ақ контрагенттердің сенімділігін тексеру тетіктерін ұсынады, ал бұл экономикалық шешімдерді негізді қабылдауға мүмкіндік береді.

Үшінші бағыт —  экологиялық жағдайға қатысты мониторинг жүргізу. Бұл атмосфераға шығарылатын заттардың мөлшерін қадағалауға, шекті рұқсат етілген концентрациялардың шектен асып кету жағдайларын тіркеуге, сондай-ақ тұрмыстық қалдық сулардан алынған сынамалар бойынша деректерді талдауға мүмкіндік береді. Бұл — тұрғындар денсаулығы үшін, қоршаған ортаны қорғау үшін маңызды тетік.

Төртіншіден, отын нарығының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жанар-жағармай құю станцияларындағы мұнай өнімдерінің қолжетімділігін талдау бойынша кейс әзірленді. Жүйеге мониторинг жүйесіне қосылмаған жанар-жағармай құю станцияларын анықтау және қордың жеткіліктілігін болжау тетіктері енгізілді, бұл экономиканың осысаласының ашықтығы мен сенімділігін арттырады.

Әлеуметтік салада да аталған бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы деректерді талдау негізінде отбасылардың әл-ауқатын, әлеуметтік осал топтарды анықтап, нақты қолдау шараларын қалыптастырады.

Е-Otinish жүйесіндегі өтініштерді талдау маңызды мәселелерді анықтауға, өтініш берушілердің әлеуметтік портретін жасауға және түскен шағымдардың динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындардың өтініштеріне дәләрі жедел жауап беруге ықпал етеді.

Сонымен қатар «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен арада жасалған меморандум аясында Е-Otinish жүйесіне жасанды интеллект енгізілді. Ол өтініштерді автоматты түрде жіктеп, сол өтінішке сай алдын ала жауап дайындайды және сұраныстың мәнін жылдам түсінуге көмектеседі. Бұл шешім азаматтардың өтініштерін өңдеу жұмыстарын айтарлықтай жеделдетіп, қызмет сапасын арттырады.

Аталған жұмыстар тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыруды, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуды, яғниэкономиканы цифрлық трансформациялауды қамтамасыз етеді.

 

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button