Басты жаңалықтар

Шөп — аулада, жем — қамбада

Облыста мал азығын дайындау науқаны өз мәресіне жетті. Бүгінде шаруалар қысқа қажетті мал азығын толық көлемде дайындап, науқанды табысты аяқтады. Мамандар бұл нәтижеге ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген жүйелі жұмыстар мен шаруалардың еңбекқорлығының арқасында қол жеткізгенін айтады. Ең бастысы, ауа райының қолайлылығы мен еңбектің үйлесімі осы жылғы науқанды сәтті түйіндеуге мүмкіндік берді.

Жемшөп қоры жеткілікті

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ермек Әділбектің айтуынша, осы жылғы мал азығын дайындау науқаны толықтай аяқталды.

Биыл облыс шаруалары қысқы маусымға тыңғылықты дайындық жүргізіп, мал азығын толық көлемде қамдап шықты. Облыс бойынша шөп, сүрлем, сабан және өзге де жемшөп түрлерінің мол қоры жасақталды. Бұл алдағы қыс айларында малдың аман-есен қыстан шығуына сенімді негіз болып отыр, — дейді Ермек Әділбек.

Оның айтуынша, аймақта мал азығын дайындау науқаны жоғары ұйымдасқан деңгейде өтіп, жоспар толық орындалды. Облыс бойынша жалпы 1 905,0 мың тонна шөп, 5,5 мың тонна пішендеме, 103,7 мың тонна сабан және 219,0 мың тоннадан астам құнарлы жемшөп қоры жиналды.

Науқан барысында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері мен шаруашылықтар бірлесе қимылдап, шөп шабу мен тасымалдау жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтады. Биыл ауа райының қолайлы өтуі мен көктемнен бастап қолға алынған ұйымдастыру шараларының тиімділігі шөп шығымының мол болуына ықпал етті. Сонымен қатар шаруашылықтар мал азығы дақылдарының егіс алқабын кеңейтіп, жемшөп сапасын арттыруға айрықша назар аударды. Басқарма тарапынан азық қорының қалыптасу барысы тұрақты бақылауда болып, шаруаларға әдістемелік және техникалық қолдау көрсетілді. Мал азығының жеткілікті дайындалуы алдағы қыс мезгілінде мал басының сақталуын және мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді басқарма өкілі.

Мал азығы — қыстың қамы

Қойшыбай РСАЛИН, Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

—Биыл көрсеткіштер көңіл қуантады. Бұл — біздің еңбек адамдарының табанды жұмысының, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі.

Хромтау ауданы — ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары, өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Ауданның жалпы жер көлемі 1 миллион 292 мың гектар болса, соның басым бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатында игеріліп отыр. Қазіргі таңда 400-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымы — шаруа қожалықтар, серіктестіктер мен кооперативтер өз жұмысын белсенді жүргізіп келеді.Төрт түліктің саны жылдан-жылға көбеюде. Биыл ірі қараның саны 40 мыңнан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Ұсақ малдың саны 66 мыңнан асып, өсім едәуір артты. Жылқы шаруашылығында да жақсы нәтижелеріміз бар. Қазіргі таңда жылқы басы 23 мыңға жуықтады. Түйе шаруашылығына да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Малдың саны ғана емес, сапасы да біз үшін маңызды. Бүгінде ірі қараның 40 пайызы, ал ұсақ малдың 20 пайызы — асылтұқымды. Бұл — тұқымдық сапаны жақсартуға, ет пен сүт өнімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың жемісі. Осы жылы әр жүз сиырдан 87 бұзау, жүз саулықтан 95 қозы, ал жүз биеден 85 құлын алынды.

Шаруашылық құрылымдарының қысқа дайындығы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жемшөп қоры жеткілікті көлемде жиналды. Ауданымызда мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай өтті. Биыл аудан бойынша 120 мың тонна шөп жинау жоспарланған болатын, бүгінде оның 125,7 мың тоннасы, яғни 104,5 пайыз дайындалды. Бұл жұмысқа 989 техника жұмылдырылды. Шөп шауып, престеп, тасу жұмыстарына тракторлар, шөп шапқыштар, тіркемелер мен тиегіштер сақадай сай болды. Маусымдық шабындықтар үшін 8070 гектар жер бөлінді.  Оның 7000 гектары— шаруа қожалықтарына, ал 1070 гектары ауыл тұрғындарына уақытша пайдалануға берілді.

Жалпы аудан шаруалары жыл сайын тәжірибе мен еңбек арқылы егін мен мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Осы жылғы көрсеткіштер — соның айқын дәлелі.

Сорго алқабын кеңейту — сапалы жем өндірудің кепілі

Жақында облыстың кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанның қуаңшылық жағдайында сапалы сүрлем дайындаудың тиімді тәсілі» тақырыбында семинар өткен болатын. Бұл іс-шараға «АБН Технология» ЖШС мамандары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов және жергілікті билік өкілдері қатысты. Семинарда ауа райының құрғақтығына байланысты мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайтудың маңыздылығы ерекше айтылды. Әсіресе жемшөп өндірісіндегі заманауи технологиялар мен тәуекелдерді басқару, қуаңшылықта энергиясы жоғары жем өндіру, сондай-ақ жергілікті тәжірибе мен жаңа тәсілдер талқыланды. Шаруашылық өкілдері жемшөп дақылдарының егісін кеңейту, жүгері, сорго гибридтерін көбейту, суару технологияларын жетілдіру қажеттігін сөз етті. Ғалымдар мен кәсіпкерлер арасында пікір алмасу арқылы өңірдің аграрлық секторының тұрақты дамуына серпін беретін нақты ұсыныстар қаралды.«Біздің өңірге жауын-шашынның тұрақсыздығы мен тапшылығы, ауаның және топырақтың жоғары құрғақтығы тән. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үнемі қуаңшылық пен аңызақ қаупімен қатар жүреді. Облыстың негізгі бағыты — белсенді дамып келе жатқан мал шаруашылығы, ал бұл сала үшін сенімді әрі тұрақты жемшөп базасы аса маңызды. Соңғы жылдар климат қаншалықты құбылмалы екенін көрсетті, бұл мал шаруашылығының дамуына қауіп төндіреді. Өйткені сапалы жем — малдың саулығының, өнімділігінің және сайып келгенде бүкіл өндірістің тиімділігінің кепілі. Мақсатымыз — тәжірибе алмасып қана қоймай, ылғал тапшылығы жағдайында жемнің құнарлылығын сақтауға, шығынды азайтуға және кәсіпорындарда тұрақты қор қалыптастыруға мүмкіндік беретін нақты, тәжірибеде дәлелденген технологияларды талқылау», — деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.

Басқосуда жемшөп дақылдарының егіс құрылымын жетілдіру, жоғары өнімді жүгері, дәндік, мал азықтық және шөптесін сорго гибридтерін көбейту қажеттілігі атап өтілді. Сондай-ақ жүгері мен соя қоспасын, мал азықтық соргоны жартылай шөл және шөлді аймақтарда суару мен пленка астында өсірудің маңызы айтылды.

Алдаберген Нұғмановтың айтуынша, сорго егісін кеңейту — сапалы жем өндірудің кепілі, себебі бұл дақыл құрғақшылыққа төзімді және аз ылғал жағдайында да өнім береді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов мұндай іс-шаралар бизнес пен ғылымның үйлесімін нығайтып, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл — өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кепілі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button