«Таза Қазақстан»

Жұбанов аллеясына жасыл желек егілді

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жұбанов аллеясына 20 түп жас тал егілді. «Менің атаулы ағашым» атты экологиялық акцияға университеттің жаратылыстану факультетінің студенттері белсене қатысты.

Шараның басты мақсаты — жастарды табиғатты аялауға, экологиялық мәдениет пен сананы қалыптастыруға баулу, сондай-ақ туған жерді көгалдандыруға үлес қосу. Акция университет пен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының облыстық штабының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
— «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында біз «Жасыл ел» жасағымен бірлесе отырып «Менің атаулы ағашым» атты тал егу шарасын ұйымдастырып отырмыз. Бұл бастаманы біз өткен жылдан бері тұрақты түрде қолдап келеміз. Университетте екі жылдан бері «Таза бейсенбі» дәстүрі қалыптасқан. Осы күні оқытушылар, студенттер және департамент өкілдері оқу орнының аумағын тазалап, сенбіліктерге қатысады. Сонымен қатар қалалық деңгейдегі екі айлық тазалық іс-шараларына да белсене атсалысып келеміз. Бұл жолы студенттеріміз Жұбанов аллеясына 20 түп жас терек екті. Көшеттерді алдағы уақытта жастар өздері күтіп-баптайтын болады. Акцияға Сингапур мен Малайзиядан келген Хериот-Уатт университеті кампусының оқытушылары да қатысты, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас маманы Дәурен Оразалин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда университет ғимараттарында қалдықтарды сұрыптауға арналған экоқораптар орнатылған. Бас ғимараттың тоғыз қабатына осындай қораптар қойылып, студенттер экологиялық мәдениетті дамытуға өз үлесін қосып жүр. Жақында оқу орнында «Қалдыққа екінші өмір сыйлау» атты шығармашылық экокөрме ұйымдастырылды. Бұл көрмеге кәсіби шығармашылық факультетінің студенттері қатысты.
— Бұл — жыл сайын өткізілетін дәстүрлі акциялардың бірі. Себебі біз жыл сайын екі бағыттағы іс-шараны жүзеге асырамыз. Оның бірі — «Туған қалаңа ағаш сыйла», ал екіншісі — «Менің атаулы ағашым» акциясы. Алғашқысы қаланың саябақтары мен қоғамдық орындарында өтсе, екіншісі оқу орындары мен мекемелер аумағында ұйымдастырылады. Бұған дейін спорттық және әлеуметтік нысандарда да осындай экобастамалар жүзеге асқан. Мысалы, жуырда қариялар мен мүгедектер үйінің ауласында өткізілген акция аясында жастар мен қариялар арасында диалог алаңы ұйымдастырылды. Мақсат — жастарды табиғатты аялауға, үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеу. Биылдың өзінде осы екі акция аясында 500-ге жуық ағаш егілді, — дейді «Жасыл ел» облыстық штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиев.
Экоакцияға қатысқан жастардың бірі — жаратылыстану факультетінің 3-курс студенті, «Экология және еңбек» фракциясының жетекшісі Гүлдана Пердебай.
— «Таза Қазақстан» акциясы аясында университетімізде түрлі экологиялық жоба жүзеге асуда. Сол бастамалардың бірі ретінде біз «Экология және еңбек» фракциясын құрдық. Бұл фракция декан орынбасары Данагүл Базарбаеваның идеясы негізінде құрылып, еліміздің экологиялық болашағы үшін жас ұрпақты табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулуды мақсат етеді. Біз үшін қоршаған ортаның тазалығы — тек табиғатты қорғау емес, өзіміздің және болашақ ұрпақтың аман-сау өмір сүруі үшін қажет нәрсе, — деді ол.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button