Мәдениет

Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

Таласбек  Әсемқұлов

1979 жылы кеңес әскері Ауғанстанға кіргенде Асқар ағаң осы мысалды келтірген. Біз Ауғанстаннан быт-шыт болып жеңіліп шығамыз деді. Сонда «Қаламгерде» отырған біреу, қалай жеңіледі екенбіз, әлемді тітіренткен Кеңес одағы емеспіз бе деді. Асекең сонда, Қожанасыр бәрібір бізді қақпадан кіруге мәжбүр етеді деді. Ал, анау адам ештеңе түсінбей, иығын қиқаң еткізді де кете берді. Асекеңнің айтқан жұмбағын түсіндіріп берейін саған. Қожекеңнің хикаясын сол оқиғаға өлшесең, онда Асқардың айтып отырғаны мынау: «Ауғанстан қандай әлсіз ел болса да, яғни, қоршауы жоқ, қақпасы ғана бар ел болса да, Кеңес одағы құрметтеп қақпадан кіруі керек еді. Біз халықаралық заңдарды белінен басып, қақпаны айналып өте салдық. Бірақ ерте ме, кеш пе, бәрібір адамдықтың заңымен санасуға мәжбүр боламыз, яғни, бәрібір Ауғанстан бізді айдап шығады да, қақпадан кіргізеді. Асқардың айтқаны тура келді. Он жылдан кейін жеңіліп шықтық. Міне, Таласжан, сені шамдандырған мылқау әңгіменің сыры осы еді.

Кейіннен, Борхестің «әлемдік кітапхана» жайлы идеясын бойыма сіңіргенде барып, Асекең мен оның етене ортасының түсініксіз мінездерін, таңғажайып сөйлеу мәнерінің сырын пайымдадым. Әлемдік әдебиет уақытта емес — кеңістікте ғана өмір сүреді. Егер де сен сол «әлемдік кітапхананың» адамы болсаң, онда сен үшін уақыт ұғымы жойылады. Кез келген тақырып — сенің етене тақырыбың, қай заманда қозғалған тақырып болса да. Қай кейіпкер болса да — сенің етене танысың, қай заманда өмір сүргеніне қарамастан. Асекең ешқандай дайындықсыз мүлдем таңсық тақырыпты қозғайтын. Қарсысында отырған адам түсінеді, ақылына өзі қондырып алады деп сенгендіктен болар. Әйтсе де, бұндай мәнерде әңгімелесу, әлем әдебиетін біршама меңгерген менің өзім үшін де қиындау еді. Алайда кейіннен бұл техника маған үлкен пайда келтірді. Қандай да болмасын шығарманың мінезін және не айтпағын алғашқы беттен, немесе кейде тіпті бірнеше сөйлемнен аңғаруды үйрендім. Арада бірнеше жыл өткенде Асекең бір әңгімесінде:

— Абай атаң айтқан ғой, «Шын жүрек — бір жүрек» деп. Адамда, адамдарды сүйетін арнайы бір жүрек, және табиғатты, адамнан басқа тірі жәндікті сүйетін бөлек жүрек болмайды. Өз басым табиғатты сүймейтін адамның басқа адамды сүйе алатынына күмәнім бар, — деп еді.

Сол сәтте мен, бұл бір кезде Тәкен Әлімқұлов қатысқан дастархан басындағы әңгімесінің жалғасы екенін түсіндім. Қолыңмен құс аулап үйренген күні, олжаң аққу емес — шымшық болса да қуана біл. Себебі, танымның жаңа сатысына көтерілдің.

Сексенінші жылдардың басында Төлеген Тоқбергенов ҚазМУ-дің филфагында, ұмытпасам, «почасовик» болып әдеби сыннан сабақ беріп жүрді. Бірде кезекті лекцияны жүргізіп беруге Асқар Сүлейменовті шақырды (ол кезде ҚазМУ қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы отырған ғимаратта еді). Естіп алып, барып, студенттермен араласып аудиторияға отырып алдық. Асекеңнің өзіне жарасатын қалжыңы бар еді, арт жақта отырған бізді көріп жымиып күлді де:

— Баяғыда бітіріп кеткен адамдар мұнда неғып жүр? — деді Төлеген ағаға қарап.

Сол кеште Асекең философияның көне бастаулары жайында айтқан бір сөзі есімде қалыпты.

— Қандай философия болмасын, ол ең әуелі — экзистенциалдық философия. Және соңында да ол — экзистенциалдық философия. Егер де экзистенциалдық болмаса, онда ол ешқандай да философия емес. Мысалға, батыс әлеуметі және кеңес ғылымы пайдаланатын «натурфилософия» деген термин, ол халықтардың, ұлттардың біреуін жоғары, біреуін төмен қою үшін ойлап шығарылған. Натурфилософия, яғни, «натуралдық философия» немесе табиғаттың құбылыстарын енді ғана пайымдай бастаған пәк, ал дәлірек айтқанда, жабайы философия деген терминнің тасасынан саясаттың құлағы шошайып көрініп тұр. Ешқандай да натурфилософия жоқ. Тек қана өз заманына лайық экзистенциалдық философия бар.

Асекең аудиторияға бір көз тастап, қыз-жігіті араласа бірнеше орыс студенттерінің отырғанын байқады да, сөзін орысша жалғаған.

— Философия,  когда бы она ни существовала, и как бы она ни называлась, была, есть и остается экзистенциальной, то есть жизненной. Древний человек, Ветхий Адам, свою пещерную драму переживал так же жизненно, так же страстно, как современный человек переживает свои экзистенциальные проблемы. Поэтому, нет никакой натурфилософии, а есть экзистенциальная философия, которая из века в век меняет только свою форму, но не сущность.

Содан соң қайтадан қазақшаға көшті.

— Көне түріктер өздерінің көне түріктер екенін білген жоқ. Көне скифтер өздерінің көне скифтер екенін білген жоқ. Кейіннен философияның тарихы деген пәннің пайда болатынын білген жоқ. Олар тек өмір сүрді. Жауласқанмен жауласты, достасқанмен достасты. Қанды да төкті, күйді де, сүйді де. Және өздерін Жаратқан Иенің баласымыз деп санады. Соғыс пен жаулықты бір-біріне өш құдайлар мен киелердің, бір-біріне жау негіздердің соғысы деп қарады. Достық пен махаббатты да түрлі киенің жарасым табуы деп қарады. Майданда аяспады, ал достасқанмен құдайдай сыйласты. Балалар, аталарыңнан қалған қымбат мүліктегі неше түрлі айуандардың бірін-бірі қаужап, бірімен-бірі қаржысып жатқан суретінен, бедерінен осы аталарыңның өмірлік философиясын танып үйреніңдер. Тарихын дұшпан елдер жазған қазақ үшін ең басты, ең қасиетті дерек — осы.

Артынан кафедрада шағын дастархан жасалды. Мұғалімдермен қатар бірнеше аспирантқа қатысуға рұқсат берілген екен. Кеш бойы ешкім ештеңе деген жоқ. Бүкіл дастархан басындағы атмосферадан мейманға деген шексіз құрмет есіп тұрды. Кеш бойы Асекең ғана сөйледі. Өзінің бұйығылау естілетін қоңыр даусымен отырған жұрттың ақылы мен жүрегін қоса тербеген. Мен жалғыз қайттым. Көкірегімдегі әсерді бұзып алмай сақтағым келгеннен болса керек.

***

Кейінгі жылдары Асекеңде әлдебір қажу пайда болды.

— Адам өмір сүргеннен шаршайды екен, — деді бірде.

Екеуміз «Льдинка» кафесінде отырғанбыз.

— Олай демеңіз, аға, — дедім біртүрлі жайсызданып.

Панфилов көшесінің бойымен ағылған автомобильдерге, тротуармен ары-бері қайшалысқан адамдарға қарап ұзағырақ отырып қалған Асекең кенет мұңая жымиды.

— Қоғамның атында, оның ұстанған бағытында тұрған ештеңе жоқ. Сергей Довлатовтың айтқаны бар ғой, «Советский и антисоветский, это одно и то же» деп. Диссидент болып, Америкаға кетіп, сондағы кеңестік  системаға қарсы жұмыс істеп жатқан, бұрын кетіп қалған диссиденттердің сиқын, олардың адамдық келбетін көріп айтқан сөзі ғой. Мәселе адамның не айтып, не қойғанында емес. Мәселе — сол сөзді айтып отырған адамның кім екендігінде. Жын мен шайтандар да Құдайға сенеді дейді ғой.

— Мен саған бір қызық айтайын, — деді содан соң қорқорын тұтатып жатып. — Біз кеңес заманында атеистік қоғам болдық дейміз ғой. Ал қазір дінге қайтадан бет бұрдық дейміз. Ал, мен, осы қазіргі дін ұстаған қоғамнан, сол кеңестік атеистік қоғам Құдайға әлдеқайда жақын болды дер едім. Ол кездегі адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы мен жанашырлығы мына жүрген діншілдердің түсіне де кірмеген. Ал қазір мешіт салдырады, Құран ұстайды, тәспі тартады. Бірақ солардың қолын алмақ түгілі жанына отырғың келмейді. Былғанып қаласың.

— Осы келе жатқан «діншіл», «діндар» қоғамды, как ни странно, Садықбек Адамбеков болжап жазып кеткен. «Атылған қыз туралы аңыз» романының тура бірінші бетінде бір молла, Тасбике деген әйелді үшкіріп отырып, бас салып зорламақ болады. Оқып па едің?

— Иә, оқыдым, — дедім мен.

Асекең кенет жадырай күлді.

— Романда сыншылар байқамаған тамаша детальдар бар. Молла үшкіріп отырғанда, ауылдың бір жігіті кіріп, әнеукүнгі арақ қайда дейді ғой, есіңде ме. Сонда молдекең көлденең көзден сасып қалып, «Әлгі тіземе жағып жүрген спиртты айтасың ғой» деп шишаны жігіттің қолына ұстатады. Жігіт, шишадағы спирттің азайып қалғанын көріп, «Сіздің де тізеңіз бір жалмауыз екен» дейді. Екі-ақ ауыз сөз осындай шағын диалог арқылы осынша мағына беру — бұл Гогольдің деңгейіндегі  юмор. Ал ол қалжыңның ар жағында үлкен қасірет жатыр. Бір қолында Құран, бір қолында өтірік пен қиянат — бізге қандай қоғамның төніп  келе жатқанын көрсететін қорқынышты эпизод.

Кешке қарай үйіне дейін шығарып салдым. Ауладағы «беседканың» ішіне отырып тағы біраз әңгімелестік.

— Біздің аталарымыз өмір бойы дін ұстаған, қазақтың иманының  сақшысы болған. Жаңа заманда ақ жолдан таймай репрессияға ұшырап кеткені қаншама. Түсініксіз бір уақыт келе жатыр. Бір ақынның айтқаны бар ғой, «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деп. Қазақ сияқты төзімді, ер халықтың дін-иманы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме деп қорқам.

Асекең шаршай күрсініп, селқос қоштасып, бұрылып жүре берді. Соңынан көз алмай қарап қалдым. Ол дүниеден кететін қамырықты көктемге екі-ақ жыл, қас қағым сәт қана қалған еді.

Мен Асқар Сүлейменовтің әр кезде әдебиет пен өнер жайында айтқан пікірлерін қолдан келгенше жинадым. Кейбір ойларын тура өз аузынан естіп жазып алсам, кейде еске сақтап, артынан қағазға түсіретінмін. Ал «Асқар Сүлейменов пәлен жерде пәлен деген екен» дегенді естісем, оны Асекеңнің өзінен тәптіштеп сұрап алатынмын. Әрине, Асекең сол күйінде жеткізе алмаушы еді. Санасына сыймай ақтарылып тұрған ойдың қайсыбірін еске түсірсін. Ондайда ол әуелі әңгімені кімдерге айтқанын, содан соң сол жерде тағы кімдердің болғанын есіне түсіріп барып, қозғалған тақырыпты жаңғыртатын. Және жолшыбай тағы да қаншама құнды ойлар айтатын. Ақылдының жаңылғанының, адасқанының өзі керемет қой.

Осы пікірлерді кейін салқын көзбен қарап отырғанда мені бір нәрсе қайран қалдырды. Бұл — әрине, нағыз ғұламаның айтқан ойлары. Оған дау жоқ. Бірақ, бақсам, бұл соғыстың аржақ-бержағында дүниеге келген, ауыр тағдырдан ерте есейіп ержеткен, ерте кемел тартқан бір ұрпақтың танымы ғана емес. Бұл — мүлдем басқа құбылыс. Шамасы, Асқар Сүлейменов өз тағдырында, қазақтың Қайта Өрлеуін жалғыз өзі кешіп өткен сияқты. Ойдың өресі осыған меңзейді.

Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы Ресей империясының территориясында жаңа инквизиция басталды. Мағжан ақын айтқандай, «Қызыл тіл кісенделген» заман келді. Ол кезде Ленин патшалығының ұшы-қиыры жоқ сияқты болып көрінетін. Сол себепті, тұтас системамен болсын, сол системаның адал құлы — тобырмен болсын, жекелеген адаммен болсын — Асқар Сүлейменовтің ақымақпен сөз таластыратын әдеті жоқ еді. Себебі, Асқар Сүлейменов өзінің қандай заманда, қандай ортада өмір сүріп отырғанын, кімнің кім екенін, ненің не екенін өте жақсы білетін адам еді. Сыртқы түрі момын болғанымен қатерлі күрескер еді.  «Шайтанмен, оның атын атамай-ақ күресуге болады» деген мәтелі бар еді Асекеңнің.

Асқар Сүлейменовтің жазба мұрасынан, ауызша айтқандарынан сіз ешқашанда радикалдық, диссиденттік ой-пікір ұшырастыра алмайсыз. Оның жалғыз ғана елеусіз қаруы — өнер туралы, жалпы мәдениет туралы бейтарап, бейбіт пікірі еді. Бірақ бұл да мәселенің сырт көрінісі ғана еді. Ойлы, ақылды пікір адамның ішкі дүниесін жаңғыртады, атадан балаға мұра болып ауысқан жалған идеалдардан, жасанды құндылықтардан арылтады. Ал ұрпақ рухани құлдықтан құтылғанда саяси күрестің керегі де болмай қалады. Сіз мақсатыңызға жеттіңіз. Баяғы аталарымыздай алмас қылышпен емес, сертке берік қара қалам және ала қағазбен.

«Фотографиялық эстетика» («фотографическая, мгновенная эстетика») «фотографиялық, ілездік пайымдау» («фотографическое, мгновенное осмысление») дегеннің не екенін мен алғаш рет Асқар Сүлейменовтен көрдім. Бірде Рамазанның бөлмесінде сол кездегі әйгілі жапон жазушыларының әңгімелерін оқып, талдап, бас қатырып отырғанбыз. Рамазанмен бір топта оқитын еврей бала бар еді. Аты есімде жоқ, фамилиясы — Бренер болатын. Сол ваннаға барып қолын шайып келе жатып Төлеген ағаның бөлмесіне бас сұғып өтті.

— Көрші бөлмеде Асқар Сүлейменовтің өзі отыр. Сол кісіні шақырайық, — деді қайтадан орнына отырып жатып.

Барлығымыз қосылып, «Асқар аға!» деп айқайладық. Біраздан соң Асекең келді. Біз проблеманы айтып, қанша оқысақ та түсіне алмаған бірнеше әңгімені алдына қойдық. Асекең қолына ілінген әңгімені ала салды. Бұл Акутагаваның әйгілі «Батат езбесі» («Бататовая каша») атты шығармасы еді. Асекең әңгімені оқыған жоқ. Тек бірінші бетті қарады, қалғанын немқұрайды парақтап өтті де, соңғы бетке бірнеше секунд қана көз тоқтатты. Болды.

— Бұл — жапон миниатюризмінің өлімі жайлы әңгіме, — деді содан соң сәл күрсініп, орындықтың арқалығына шалқайып.

— Түсінбедім, — деді Бренер таңқалып, — Сіз, әңгімені тіпті оқыған да жоқсыз ғой. Таратып айтыңызшы.

— Әңгіменің басында бір самурайдың батат ботқаны жақсы көретіндігі, сүйіп жейтіндігі айтылады ғой, солай ма? — деді Асекең.

— Иә, солай, — дедік барлығымыз қосылып.

— Ал әңгіменің аяғында басқа самурай, оны қонаққа шақырып, алдына бірнеше жүз адам жейтіндей қылып, батат ботқасын тау қылып үйіп қояды. Осыдан кейін бас кейіпкер сол тамақты жек көріп кетеді. Яғни, бұл — жапон мінезіндегі не нәрсенің шағын, аз болғанын қалайтын миниатюризмге айтылған мадақ жыр.

Бәрі орын-орнына келді. Ештеңе дей алмадық. Асекең екінші әңгімені қолына алды. Бұл жолы алғашқы екі бетке сәл шұқшиды да, содан кейін соңғы бетке бір қарады. Болды.

Әңгіменің ұзын-ырғасы. Бір жапондық өнертапқыш сиқырлы деуге болатын электрондық лампа ойлап шығарады. Лампаның өтіне тұрған адамның экрандағы бейнесі мүлдем басқа болып шығады. Мысалы, бір адам кактус, бір адам – қоян болып, ал енді біреуі — акула болып көрінеді. Өнертапқыш, өзінің таңғажайып туындысын алып, циркке барады. Цирктің бастығы көріп, ертең хабарласам дейді. Ертеңіне өнертапқышқа «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіләлемдік комитеттің» (осындай да комитет болады екен-ау) президентінің өзі хабарласады.  Кеңсесіне шақырады. Сол президент өнертапқыштың лампасын бүкіл патентімен 200 млн. долларға сатып алады. Бұл ақшаны әйеліңіз бен балаларыңыз ала алатындай етіп банкке салыңыз дейді президент. Ойында ештеңе жоқ өнертапқыш ақшаны екіге бөліп әйелі мен балаларының атына салады. Ал енді мына контрактың құрметіне шампан ішейік дейді президент. Әңгіменің аяғында өнертапқыш у қосылған шампаннан өледі.

Бәріміз аңтарылып Асекеңе қарап отырмыз. Асекең жымиып күлді.

— Андрей Тарковскийдің «Сталкер» деген фильмін көрдіңдер ме? — деді содан кейін, — Ағайынды Стругацкийлердің «Жол шетіндегі пикник» («Пикник на обочине») деген шығармасы бойынша түсірілген.

Елдің барлығы көрген болып шықты.

— Міне, бұл әңгіменің идеясы сол «Сталкерден» алынған, — деді Асекең. — Хотя, керісінше де болуы мүмкін. Жапон жазушысы өз әңгімесін қашан жазды, Тарковский өз фильмін қашан түсірді, кімнен кім алды, кімнен кім үйренді — білмеймін. Тіпті, екеуі бірін-бірі білмеуі мүмкін. Идея екеуіне шамамен бір уақытта келуі мүмкін.

— Аға, тезірек әңгімені талдаңызшы, — деді Рамазан.

— Жақсы, — деді Асекең, — «Сталкерде» бір адам, өзінің жазылмайтын дертке ұшыраған қызына шипа іздеп Зонаға барады ғой. Сонда Зона оған, баласына арнап шипа емес, оның өзіне зор байлық береді. Себебі, Зона, адамның ауызбен айтқанына қарап емес, оның ішкі сұранысына қарап береді. Яғни, қызына ем сұрап барғанымен, кейіпкердің шын ниеті ақшада ғана еді. Немесе Зона — ешқандай сөз бен сезімге сенбейтін структура. Ол адамның ішкі матрицасына ғана жауап береді. Жапон әңгімесіндегі лампа да сондай нәрсе. Адамның сыртқы түрі мен ішкі түрі бар. Нағыз шындық — сол ішкі түрінде, матрицада. Лампа экранға сол матрицаның суретін түсіреді. Бұл жердегі Зона — біздің ұғымымыздағы абақты емес, түсініксіз түрлі оқиғалар болатын тылсым аймақ.

Бұл жолы да ешкім үндей алмады. Тек жалт-жалт етіп бір-біріне қарасқан.

— Ал, енді мына әңгімені қарап беріңіз, — деді Рамазан тағы бір кітаптың бетін ашып ұсынып.

Бұл Акутагаваның «Жылқы аяқ» («Лошадиные ноги») деген әңгімесі еді. Асекең әдетінше әңгімені парақтап шықты да, шылымын тұтатып орнынан тұрды.

— Мен сендерге бүкіл жапон әдебиетін талдап беруім керек пе? — деді жымиып, — Өздерің де миларыңды қажап, біраз жұмыс істетпейсіңдер ме?

Бұрылып жүре берген.

— Тым құрмаса кілтін айтыңызшы, — деді Бренер қалжыңдай жалынып.

Асекең есікке бір сәт қана бөгелді.

— Гогольдің «Нева проспектісі» жинағын қайыра оқып шығыңдар, — деді, содан соң кетіп бара жатып.

Кейін тағы бір кездескенімізде жылдам оқу техникасы жайында әңгіме болды.

— Осылайша оқуға қалай жеттіңіз? — деп сұраған едім.

— Көп адам сөйлем қуалап оқиды, — деді Асекең. — Ең өнімсіз тәсіл. Ол бұрынғы әдебиетке жарасатын. Ал қазіргі әдем әдебиетінің структурасы мүлдем басқа, тиісінше ондай әдебиет басқаша оқуды талап етеді. Қысқаша айтқанда, қазіргі текстер сөйлемнен емес — блоктардан тұрады. Орыстар оны «смысловые блоки», «смысловые куски» дейді. Бізше «мағыналық блоктар».

Бетіме күмәндана қарап аз-маз отырды.

— Теңеуім сәтсіз шығар, бірақ сәтсіз болса да айтайын, — деді, содан соң, — Мысалы, көп қабатты үйлерді дайын блоктардан құрап шығады емес пе, қазір. Қазіргі әдебиет те солай. Қазіргі романдар жазылмайды — дайындалады. Яғни, қазіргі әдебиетті оқығанда, сол мағыналық блоктарда ненің әңгіме етілетінін қарап қана шығасың. Болды. Мысалы, Акутагаваның әңгімесін алайық. Ондағы бар кілтипан әңгіменің басын бастап, аяғын тұйықтайтын екі блокта. Ал қалғаны — осы екеуінің арасын толтырған ассоциациялар ғана.

— Ал екінші әңгіме… мүлдем басқа. Тамаша, — деді сәл үнсіздіктен кейін, — Тамаша әңгіме. Гениальный әңгіме. Біздің цензура  оны біліп өткізді ме, әлде байқамай жіберіп алды ма? Кім біледі?

Бетіме қарап күлді.

— Біз туралы, біздің система туралы әңгіме ғой. Джордж Оруэллдің «1984», «Скотный двор» романдары сияқты. «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіләлемдік комитет», ол — бүгінгі әлемнің сиқы. Өнертапқыш ойлап шығарған лампа — адамның шын бағасын беретін және оның әлеуметтегі орнын көрсететін тетік. Яғни, ол ешкімге керегі жоқ, пайдасыз нәрсе. Надандық өте қымбат тұрады. Адамзатты надандықта ұстау үшін қанша ақша керек болса, сонша жұмсалады. Қарашы өзің, бірді-екілі адам болмаса, өз орнында отырған адам бар ма, осы біздің қоғамда?..

… 70-шы жылдардың соңында, біз, әдебиетпен әуестенетін жастар Төлеген ағаның үйіне көп жиналатынбыз. Әсіресе филфактың орыс бөлімінде оқитын студенттер, орысы бар, еврейі бар, Рамазанның бөлмесінде отырып өлең оқып, пікір алмасып, әдеби салон ұйымдастыруды әдет қылып алған. Және Төлеген ағаны іздеп келе қалса, Асекеңді арамызға шақырғанды тәуір көретінбіз.

… Қыстың бір ұзақ кеші еді. Мандельштамның, Волошиннің, Ахматованың бұрын естілмеген өлеңдері оқылды. Үлкендермен отырған жерінен қиылып шақырғаннан кейін, сөзімізді жерге тастамай Асекеңнің жанымызға келіп отырғанына біраз болған. Жұрт бір саябырсығанда Асекең тамағын кенеп алып, өзінің жұғымды даусымен бір өлеңді оқи бастаған. Мәнері осынша әдемі болар ма. Ең соңында даусы болар-болмас қырылдаңқырап,

С любимыми не расcтавайтесь,

Всей кровью прорастайте в них.

И каждый раз на век прощайтесь,

Когда уходите на миг,

— деп барып, аяқтағанда отырған жұрт ду қол шапалақтаған. Әңгімеден әңгіме өрістеп отырғанда, бір орыс қыз Анна Ахматованың «Шіркін, өлеңнің қандай қоқыстан өсіп шығатынын осы жұрт білсе ғой» («Ах, если бы знали из какого сора растут стихи») деген, афоризмге айналып кеткен сөзін келтірді.

— Сіз қалай ойлайсыз? — деген содан соң Асекеңе қарап.

Асекең әдетінше сәл ойланып барып, жауап берді.

— Суреткер өзінің ішкі дүниесіне қалай бойласа да, бәрібір табатыны — сол қоқыс. Бұл жерде Ахматова дұрыс айтады. Тіпті, ең тұңғиыққа барып қазына іздесеңіз де бәрібір қолыңызға тек қоқыс ілінеді. Бірақ, біздің бақытымызға орай, шығармашылықтың табиғаты тексті құрайтын элементтерге тәуелді емес. Яғни, қоқысты қатар-қатар қоя салу — әлі шығарма емес. Қандай да болмасын шығарма, өзін құрап тұрған бөлшектердің жиынтығына тең емес, одан биік тұр. Аздан соң қоқыстың алтынға айналып кетуі — бұл сиқырға, алхимияға ұқсас нәрсе. Әлемде қаншама өнердің теоретиктері болған, бірақ бірде-біреуі бұл процесті жарытып түсіндіріп бере алмаған.

— Сонымен, Анна Ахматова дұрыс айтқан ғой? — деді студенттердің бірі.

— Иә, — деді Асекең, — Сальвадор Далидің «Мінсіздіктен қорықпаңыз. Сіз оған жете алмайсыз. Оның үстіне мінсіздікте сіз қызығатындай ештеңе жоқ» («Не бойтесь совершенства. Вам его не достичь. Тем более, что в совершенстве нет ничего хорошего») деген сөзі бар ғой. Ахматованың айтып отырғаны — осы.

Сол жылдары Төлеген аға, аса қымбат ақшаға Сальвадор Далидің альбомын сатып алған. Сұрақ қойған қыз альбомның бір бетін ашып, Асқар ағамызға ұсынған.

— Сіздің сурет сыншысы екеніңізді де білеміз. Мына суреттің мағынасын түсінбедік.

Суретте әр жерде ілінген сағаттар бейнеленген. Сағаттардан… су сорғалап, кептіруге қойған шүберектер сияқты салақтап тұр. Асекең суретке бір қарады да, қайырып берді.

— Бұл — өлген адамдардың бейнесі.

Отырғандар ду күлді.

— Қалай?

— Егер Сальвадор Далидің өзі осындай эксцентрик болмаса, мен де дұрыс пікір айтар едім. Бірақ Далидың шығармаларына түзу пікір айту мүмкін емес. Үнемі қисық сөйлеп отыру керек.

— Мен мына суреттен ешқандай адамды көріп тұрған жоқпын, — деді отырған балалардың бірі. — Тек суы сорғалаған сағаттар.

— Ол сорғалаған су емес — уақыт, — деді Асекең кезекті шылымын тұтатып жатып. — Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали, өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген. Онда не тұр? Пикассо да адамның небір схемаларын жасаған ғой.

Асекең орнынан тұрып, сәл ойланып барып тіл қатқан.

— Абай аталарыңда «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген жолдар бар…

— Абайды оқу бар да, Абаймен кездесу бар, — деген еді Асекең тағы бірде, — Көп адам Абайды оқыдық, білеміз деп ойлайды, Алайда Абаймен кездескен адам кемде-кем. Өте аз.

— Ал мен ол шалмен күнде кездесемін, — деді көзімдегі үнсіз сұраққа жауап беріп. — Күнде кездесеміз, күнде дауласамыз. Дауласпаған күніміз болған емес.

Асекең күлді.

— Кейде жанжалдасып, төбелесіп те аламыз. Рабиндранат Тагордың айтқаны бар ғой: «Жаратқан Ие, мені асау кезімде құрметтеуші еді, ал аяғына жығылғанымда үстімнен аттап кете барды» («Всевышний, уважал меня, покуда бунтовать я мог, когда ж я пал к его ногам, он мною пренебрег») деп. Абай да осындай, құлша бас игенді, табынғанды жек көреді. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» демей ме, бір сөзінде.

— Тізерлеп тұрмайынша бұлақтан су іше алмайтының сияқты, Абайдың алдында да бас ию керек, — деді содан соң сөзін үстеп, — Бірақ, бас июдің, яки тізерлеп тұрудың да жөні бар. Мынау Ресейдегі дворян заманында ақсүйектердің ақтас сарайларында дворецкий дегендер болған. Сол әулеттің бүкіл үй-жайын, шаруашылығын басқарып отырады. Батыс Еуропада олар әлі бар. Ағылшын, француздар оларды «мажордом» деп атайды. Олардың жүріс-тұрысы мен әдебі — биік мәдениеттің көрінісі. Сол мажордомның бас игенін көріп қайран қалдым. Осынша тәкаппар иілуге болады екен. Құлдар сияқты белінен екі бүктетіліп емес — желке түсынан. Тәкаппар иілген басқа қарап тұрып, мажордомның абыройы мен беделі қожайыннан артық болмаса, кем емес екенін байқайсың. Міне, қазақтар да осылай иіліп үйрену керек. Хас өнердің алдында бас ию — қорлық емес, қайта өзіңе бедел, өзіңе абырой…

… Бірде өнердің тіліне қатысты бір әңгіме басталды.

— Қазіргі бейнелеудің тілі ескірген, — деді Асекең. — Талант пенен уақыт бір-бірімен матаса байланысқан. Үш түрлі талант болады. Біріншісі — өз заманынан озып туған талант. Бұлар әдетте — генийлер. Мәдениеттің, өз заманы үшін түсініксіз құбылыстарын осылар тудырады. Көп жағдайда, парадоксальдық идеялар — осы генийлердің үлесі. Уақыт өтеді, қоғам есейеді, парадокстар әдепкі нәрсеге айналып, мәдениеттің еншісі болып кетеді. Ал екінші талант — өз заманын тауып, өз орнына қона салған талант. Мұндай талант иелері — ең бақыттылар. Себебі, уақыт, қоғам, әлеуметтің мәдени өресі — бәрі осылар үшін жаратылғандай. Бірді-екілі шетін мысал болмаса, бұлар мұратына жеткен таланттар.  Таланттың үшінші түрі — өз заманын тауып келе алмаған талант. Өзінің дәуірі өтіп кеткеннен кейін, өзіне арналған той-думан аяқталғаннан кейін келген талант. Бөтен ғасырда жүрген бөгде талант. Бұндай талант иелері — ең бақытсыздар. Яғни, өз уақытынан озып туған және өз уақытынан кешігіп туған талант — екеуі де бақытсыз. Ал өз заманын жаңылмай тауып келген талант — бақытты.

Асекеңнің сөзінің аржағынан аяусыз ауыр үкімнің нобайы шалынды. Солай болды да.

— Кеңес әдебиеті өзінің таланты мен кісілігі тұрғысынан алғанда осы үшінші топқа жатады, — деді Асекең жайбарақат, — Біз ең артта қалған қоғамбыз, бірақ, айтысымызға қарағанда, әлемдегі ең озық, ең өскелең қоғам екенбіз. Және бұл комедияға барлығымызды қатыстырып қойып отыр.

Асекең аз үнсіз отырып сөзін сабақтады.

— Біздің әдебиет жаңа заманға бір жарым ғасырлық кешеуілмен кірді. Содан соң Кеңес заманында тағы жетпіс жылдық тежеуіл. Жинақтап келгенде, біз батыстан екі ғасырдан астам уақыт қалып келеміз.

— Стиль мен шеберлікті айтып отырсыз ба? — деп сұрадым.

— Жоқ, — деді Асекең, — Стиль мен шеберлікті үйреніп, меңгеруге болады. Менің айтып отырғаным — сана. Бір ғұламаның айтқаны бар: «Сананы үйрену мүмкін емес» («Сознанию нельзя научиться») деп. Адам жүре ақылды болмайды, ол туғанда адамға тән ақылмен туады. Сол ақылы жүре кемелденеді. Ал ақылың болмаса — неменең кемелденеді?

— Сен дұрыс түсін, мен бәрін жоққа шығарып мансұқтап отырғам жоқ, — деді содан соң мені жұбатып, — Бірақ қазіргі қазақ романының формасы, ол — батыстан олжаға келген форма. Өз табиғатымыздан өсіп шықпаған. Ұлттық роман ондай болмауы керек еді.

— Ал, сол ұлттық роман бола қалса, қандай болуы керек еді? — деп сұрадым.

— Қазақтың ұлттық романы табиғи жолмен біздің ұлы эпосымыздан өсіп шығуы керек еді, —  деді Асекең, — Мен соңғы ғасырда соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың барлығын дерлік оқып шықтым. Осы шығармалардың барлығында соғыстың санасы өте төмен. Әйтеуір бір бітпейтін қырғынның хикаясы.

Асекең бөлмені ары бір-бері бір кезіп өтті.

— Өкінішке орай, біз дамудың мүлдем басқа бір жолына түстік, — деді содан соң төмен қараған күйі. — Қазақ кейін, сол тумай қалған қоғам мен дүниеге жаратылмаған күйінде кеткен әдебиетті талай ғасыр жоқтайды.

— Осы айтқандарыңызды неге қағазға түсірмейсіз? — дедім мен.

— Оның не керегі бар? — деді Асекең, — Мен саған былай дейін, осы дүниенің әр түкпірінде әр сәтте мыңдаған, тіпті, миллиондаған адам болуы мүмкін — адал, пайдалы іс тындырып жатыр. Соның арқасында ғана мына дүние төңкеріліп кетпей аман тұр. Басыма келген ойды дереу қағазға түсіру міндетім емес деп ойлаймын. Рас па, өтірік пе, мынадай бір хикая естігенім бар. Гоголь бірде орыс пірадарлығының орталығы Оптина Пустынь деген жерге барады. Сол жерде қолына бір қолжазба ілінеді. Монахтардың біреуі оның «Өлі жандар» романын талдаған екен. Гогольге бұл талдау өз романы туралы жазылған сын-мақалалардың ішіндегі ең озығы болып көрінеді. Монахтан мақаланы не себепті жарияламағанын сұрайды. Сонда монах, «Оның не керегі бар, бұл мақаланың жазылғандығының өзі жеткілікті емес пе» деп жауап беріпті. Ой ешкімдікі емес. Ойға таласу, әдебиеттегі орынға таласу, мен үшін түсініксіз нәрселер. Ешқашанда түсінбейтін шығармын.

Асекең жадырай күлді.

— Өткенде Мәскеуге барғанда ЦДЛ-де отырып, естіген анекдотым. Ақындарды әскерге алыпты. Барлығын сапқа тұрғызып «На первый, второй рассчитайсь!» («Бірінші мен екіншіге жіктеліңдер!»)  дейді. Сөйтсе, барлығы да, кезегі келгенде «Первый!» деп айтатын көрінеді. Офицер түк түсінбей аңтарылып қалады. Сонда саптың басында тұрған ақын «Сіз білмейді екенсіз ғой, бізде барлығы да — бірінші ақындар» деп түсіндіріпті.

(Басы №42-43 санда)

(Жалғасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button