Биыл өңірде 7300 түп көшет егілді


Облыс әкімі Асхат Шахаров Алтын Орда шағын ауданындағы «Денсаулық» саябағында ағаш отырғызу шарасына қатысты. Сондай-ақ оқушылармен бірге «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында көшет екті.
Алтын Орда шағын ауданында өткен сенбілікке ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері белсенді атсалысты. Олар саябақ аумағын ретке келтіріп, ағаш көшеттерін екті.
Сенбілік барысында 200 түп үйеңкі мен ақ қайың көшеті егілді. Жалпы өңір бойынша 770 гектар аумаққа барлығы 7300 түп көшет егілді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінде еліміздің барлық өңірінде экологиялық жағдайды жақсартуға және көгалдандыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әрбір тұрғын өз елді мекенінің тазалығы мен көркеюіне жеке жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Тек бірлескен еңбектің арқасында біз нақты әрі тұрақты нәтижеге қол жеткіземіз. Мұндай сенбіліктер адамдарды біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастырады, табиғатқа жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді, сондай-ақ қалалар мен ауылдардың көркеюіне үлес қосады, — деді Асхат Шахаров.
Айта кету керек, 2021 жылдан бері облыс аумағында 332 мыңнан астам ағаш егілген. Биыл көктемде тағы 55 мың түп ағаш егілді. Ал күзгі маусымда 113 мың көшет егу жоспарланып отыр. Бұл шаралар 13 қыркүйек-15 қараша аралығында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы күзгі екі айлықта жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ өткен сенбі күні Орман шаруашылығы аумақтарында «Мектеп орманшылығы» жобасы аясында 1350 ағаш егілді. Облыс әкімі Асхат Шахаров оқушылармен бірге көшет егіп, жас буынды табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды.
— «Мектеп орманшылығы» — ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған маңызды іс-шара. Биыл сәуірде басталған «Мектеп орманшылығы» жобасына облысымызда Ақтөбе қаласы мен бірнеше ауданнан 400-ден астам оқушы қатысып, қазірге дейін 850 түп ағаш егілді. Бүгін біз сол еңбектің нәтижесін — бой түзеп, жапырақ жайған көшеттерді көріп отырмыз. Жоба бір реттік шара емес, әлі де ауқымды ағаш егу науқанын өткіземіз. Жас ұрпақтың жасыл желекті жауапкершілікпен күтіп-баптауы — болашақ үшін қажетті іс, — деді облыс әкімі.
Акцияға қаладағы орта мектептерден 102 оқушы қатысып, 3,2 гектар аумаққа 100 түп терек, 100 шаған, 30 түп қайың екті. Шара алдында №80 орта мектептің биология пәні мұғалімі Мәди Өтесін экологиялық тақырыпта танымдық дәріс оқып, оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндірді.
Д.АЙДАР.



