Қайсар жандар жарысы

Турнир
Ақтөбе қаласындағы Үстел теннисі орталығында балалар мен ересектер арасында паралимпиадалық спорт түрі—боччадан турнир өтті. Шара қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күніне орай ұйымдастырылды.
Оған облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, сондай-ақ еліміздің бірнеше облысынан республикалық семинарға келген мәслихат төрағалары қатысты.
Турнирде облыс әкімі Асхат Шахаров мұндай іс-шаралар әрбір спортшыға рух беретінін, тең мүмкіндіктер идеяларын нығайтуға көмектесетінін атап өтті.
— Бочча турнирі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған қағидаттардың айқын көрінісі. Президент өз Жолдауында: «Мүгедектігі бар адамдардың спортпен айналысуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалуы керек», — деп атап өтті. Бочча спорты — ерік-жігер мен табандылықтың символы. Ол тек физикалық дамуды ғана емес, руханибиіктікті, бір-біріне деген сыйластық пен өзара қолдауды дәріптейді. Барша қатысушыға жеңіс пен жарқын әсер, ал ұйымдастырушылар мен ұстаздарға алғыс білдіремін. Осындай шаралар қоғамда инклюзивті мәдениетті дамытуға, әр баланың өз орнын табуына жол ашады,— деді Асхат Шахаров.
Бұдан кейін шарада Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова сөз сөйлеп, турнирдің жас буынға ерекше рух беретінін жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бочча — тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарға арналғанпаралимпиадалық спорт түрі. Бұл спорт түрі дәлдік пен стратегияны талап ететін ойын және негізінен арбаға таңылған немесе қозғалу мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында ойналады.
Ақтөбедегі турнир тек спорттық жарыс қана емес, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қоғам өміріне табысты біріктірудің жарқын мысалына айналды.
Ойын жылы әрі достық атмосферада өтті. Әр қатысушы өзінің шеберлігін, сабырлылығын көрсетіп, команда болып бір-біріне қолдау білдірді. Турнирге облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және қала мектептерінен 10-16 жастағы оқушылар атсалысты. Олар тартысты ойын көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Турнирдің нәтижесінде ВС-3 категориясы бойынша І орынды «Смарт Білім» және №48 орта мектептің атынан қатысқан Ғанибет Бурабек, Сартай Амангелдиев және облыстық мәслихат депутаты Раушан Жәлімбетованың командасы жеңіп алды.
Шара соңында жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Д.АЙДАР.



