Жұмысшы мамандықтары жылы

«Жас келсе, іске»

Шалқар қаласында №6 орта мектепте «Жас келсе, іске» атты жас жұмысшы мамандармен кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімі Жанболат Жидеханов, аудандық мәслихат төрағасы Жарылғасын Шамбалаев, аудандық ішкі  саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаниятов, ауданның білім бөлімінің басшысы Аянберген Башанов  және жас мамандар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген жас жұмысшылар қатысты.

Қатысушылар әуелі мектеп ғимаратының кіреберісінде қойылған аудандық оқушылар сарайының, көркемсурет лицейінің, Шалқар көпсалалы колледжі оқушыларының қолөнер туындылары көрмесімен танысты. Мектеп ауласы алаңында «Ауыл аманаты», «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысушылардың қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.

Бұдан соң аталған мектептің акт залында өткен кездесуде жас мамандар өздерінің ойын ортаға салып, пікір алысты. Мәселен, өз саласында жемісті еңбек етіп жүрген «Қамқор Вагон» ЖШС-ның «Шалқар вагон жөндеу депосы» филиалының қойма меңгерушісі Ерлан Бисенғалиұлы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жиырма бірінші маусымында жұмыс жасап жүрген Альмира Қайратқызы өздерінің еңбек жолын, жетістігін баяндады.

Кездесуде аудан әкімі Ж.Жидеханов еңбек күнінің мереке ғана емес, еңбек адамын ұлықтау екенін айтты. Жұмысшы мамандықты таңдаған әр жас — елдің тірегі, болашақтың иесі екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, жастарды еңбекке баулу, жұмысшы кәсіптің мәртебесін арттыру, еңбек адамына деген құрметті күшейту бағытында нақты тапсырмалар берді.

Аудан көлемінде қазіргі таңда 11990 жас бар. Бұл — аудан тұрғындарының 28 пайызы. Жастарды еңбекке тарту бойынша бастамалар табысты жүзеге асып келеді. Биыл бекітілген жоспарға «Жасыл ел» бағдарламасының XXI еңбек маусымына 180 жас тарту жоспарланған болатын. Қыркүйек айының 5-іне дейінгі дерекке сай 157 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде «Үлкен Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» арқылы — 130 «Атамекен» студенттік құрылыс отряды арқылы 27 жас еңбекке тартылды. Бұл — біздің жастарымыздың табиғатты қорғауға, елді көркейтуге қосып отырған үлесі.

Жалпы, жыл басынан бері аудан бойынша 785 жас жұмыспен қамтылды. Олардың ішінде 447 жас тұрақты    жұмысқа орналасты, 185-і жастар тәжірибесінен өтуде, 89 жас қоғамдық жұмысқа тартылды. Сонымен бірге «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында 11 жасқа  көтерме жәрмдемақы берілді, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған жастар да өз кәсібін ашып, ауыл экономикасын дамытуға үлес қосуда. Бүгінде жастар арасында аудан көлемінде 84 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 43 жоба қалада болса, 41 жоба аясында жастар ауылдық округтерде жұмысын жүргізуде. Бұл — ауыл жастарының кәсіпкерлікке қадам жасап, өз ісін бастауына берілген үлкен мүмкіндік.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов ауданның өркендеуіне, қоғамдық  шараларға белсене қатысып, еңбек үлгісін көрсетіп жүрген жастарға, жеке кәсіп иелеріне Алғыс хаттабыстады.

 

Қ.ӘЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button