«Таза Қазақстан»

Ақтөбеде жастар өзен маңын тазартты

Экологиялық тәрбие — ел болашағының жарқын көрінісі. Осы ұстаным аясында Ақтөбе қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасын тапты.

Бұл жолы сенбілік Жаман Қарғалы өзенінің жағалауында ұйымдастырылды.
Облыстық жастар ресурстық орталығы мен Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен акцияға 40-қа жуық белсенді жас, яғни, волонтерлер мен студенттер қатысты.

Олар өзен маңындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, аумақты күл-қоқыстан тазартып шықты.
— Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, табиғатты қорғау мәселесіне қоғам назарын аудару және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Дана Санатқызы.
Экологиялық сенбілікке қатысқан еріктілер қатарында «Бопай ханым» жоғары медициналық колледжінің «Ашық жүрек» еріктілер тобы да болды. Топ жетекшісі, оқытушы Бекайым Серікова:
— Біздің еріктілер тобы 2023 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. 1-4 курс студенттері түрлі әлеуметтік және экологиялық бағыттағы іс-шараларға атсалысып жүр. Жәрмеңкелер ұйымдастырамыз, одан түскен қаражатқа сыйлықтар сатып алып, қарттар үйіне, балалар үйіне апарып тұрамыз. Сенбілік — біз атқаратын игі істердің бір бөлігі ғана. Табиғатты қорғау — әр азаматтың борышы. Таза Қазақстан үшін бәріміз бірігіп еңбек етуіміз керек, — деп атап өтті.
Жастардың мұндай белсенділігі — қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің, табиғатқа деген құрметтің айқын көрінісі. Тазалықты сақтау — баршамызға ортақ міндет.
Іс-шара барысында тоннаға жуық қоқыс жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты өткізіліп тұрады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button