Мәдениет

Әйел биігі

Қарагөз Қосаева — өткен ғасырдың 30-жылдарында дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Өмірдің көп ауыртпалығына ерте иық тосқан, ерте есейген бұл буын үшін Бақыт деген ұғым тек еңбек пен абыройдан құралды.

Бүгінде сексен жасқа толған Қарагөз апай өткенге көз тастай отырып: «Әр ісімізде, әр қадамымызда тазалықты ойлап қана ғұмыр кешіппіз» — дейді.

 

Әке алақаны

…Ата-ана алдымен тұңғыш перзентінен айырылды. Ұл бала екен. Арада жиырма күн өткенде дүниеге қыз бала келді. Сонда: «Құдай ұлыңды алып, орнына қыз берді ме?» — деп кекеткісі келген бір адамға әкесі: «Бұл қызымды отыз ұлға да айырбастамаспын» — деп жауап қатып, жас сәбиді иіскеп, қатты толқып тұрып қалған екен.

Қарагөз апай былай деп еске алады:

— Өмірдің шырғалаңын көп көрген әкем Қама баланы байлыққа, тірліктің мәніне балаған жан еді. Перзенттерін жанындай жақсы көріп, еркелетіп өсірді. Ол кісі ертеректе Уфада медресе бітіріпті, кейіннен ҚазПИ-де білім алып, ғұмыр бойы ағарту саласында еңбек етті. Мен де әке жолын қусам деп, 7-кластан кейін, педагогикалық училищеге түстім. Училищені бітіретін жылы бізді Ленинградқа, Мәскеуге түрлі оқу орындарына шақырушылар көбейіп кетті. Ондайда мен: «Әкем секілді Алматыға барып оқып, мұғалім боламын» — деп, кесіп айтатынмын. Жаз шықты, училищені бітірдік. Енді Алматыға жиналғанда, пойызға билет табылмады. Мықтылардың  ұл-қыздары билет тауып кетіп жатыр, ал мен жылап жүрмін. Сонда әкем ойланбастан қолындағы жалғыз сиырын сатты да жіберді. Сөйтіп, ұшаққа билет әперді. Бірақ мен оқуға түсе алмадым. Пойызбен бірнеше күн жүріп, арып-ашып, Ақтөбеге келсем, вокзалда әкем тұр — оқуға түсе алмадың деп кіналаған жоқ, жалғыз сиыр туралы да бір ауыз сөз қозғалмады, тек «Балам келді!» — деп қуанышы қойнына сыймай жүр екен…

Алматыда жолы болмағанымен, Қарагөз сол жылы Ақтөбедегі екі жылдық педагогикалық институтқа қабылданыпты. Оны бітіргеннен кейін комсомол жұмысына шақырылды.

— Бірақ жиналысы тауысылмайтын бұл жұмыс маған ұнаған жоқ. Бірер жылдан кейін, өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді деген өтінішпен, мектепке ауыстым, — дейді Қарагөз апай.

Бұл жылдары ол өзінен гөрі, ата-анасының жағдайын көбірек ойлайтын. Соғыстан жараланып оралған әкесінің денсаулығы нашар. Ал анасы — оқуы жоқ, үй шаруасындағы адам. Ендеше, іні-сіңлілерінің жағдайын — отбасының үлкені — бұл ойламағанда, кім ойлайды? Алдымен ауыл мектебінде, мамандығы бойынша, орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Қарагөз Қамақызы кейін Хлебодаровкадағы орталау мектептің директоры болып тағайындалды.

Алыс күндерден бір үзік сыр:

— 23 жасқа дейін тұрмысқа шығу туралы ойламаппын. Көрші ұжымшарда агроном болып істейтін Байсалбай Жолмырзаев есімді жігітпен жиналыстарда кездесіп қалатынбыз. Ол отбасын құру туралы ұсыныс айтқанда, мен алдымен әке-шешеме көмектесіп, бауырларымды жеткізгім келетінін сездіргенмін. Бір жолы ол арнайы іздеп келіп, Ойыл ауданына қызметке ауысқанын, алысқа көшіп бара жатқанын айтты. Хабарласып тұруымды өтініп, мекенжайын қалдырып кетті…

Ол тұста қыздар тұрмысқа ерте шығатын. 20-дан асқанша ұзатылмаған қызды жұрт «отырып қалған» санайтын. Ал әке шаңырағының, шиеттей балалардың қамымен, мектептің шаруасымен күні-түні жүгіріп жүретін Қарагөздің бұл туралы ойлауға мұршасы да болмапты. Бір күні анасы дүкеннен қатты ренжіп келді. Сөйтсе, бір әйелдің мұны сыртынан: «Қама ағайдың «отырып қалған» қызы…»  деп атағанын естіген екен.

— Бауырларымның жайына ғана алаңдап жүргенімде, мұндай сөз естимін деген ой түсіме де кірмеген ғой. Қатты намыстандым. Дереу поштаға барып, Бәкеңе ашық хат жібердім. Ата-анам бұл шешімімді құптап, ақ батасын берді. Бақытыма қарай, тағдыр мені жақсы адамға жолықтырыпты, — дейді Қарагөз апай.

 

Атамекенге айналған аяулы жұрт…

Олар шаңырақ көтерген уақыт — 1955 жыл болатын. Соғыстан соңғы қиындықтардан ел әлі ес жимаған шақ. Жолмырзаевтар шаңырағы да — «көппен көрген ұлы той» — бірде аш, бірде тоқ тірлікке ырза күн кешті.

Ол кезде қызметкер адам партия жұмсаған жақта жүреді. 1955-1965 жылдар аралығында бұл отбасы да, шаңырақ иесінің қызмет бабымен, Ойылда, одан соң Темірде және Ақтөбе қаласында болды. Ал 1965 жылы Байсалбай Жолмырзаев Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Ол осы қызметті 1972 жылға дейін атқарыпты. Міне, осы жылдар аралығында Ойыл ауданында атқарылған ұшан-теңіз істер, оған қоса, бірінші хатшы мен оның зайыбының қарапайымдылығы, бауырмалдығы, адалдығы туралы әңгімелер бұл өңірде әлі күнге дейін аңыз боп айтылады.

Байсалбай Жолмырзаев басшылық еткен тұс туралы сөз қозғала қалса: «Ол кез — Ойыл үшін нағыз өрлеу жылдары болды. Осы жылдарда аудан орталығанда су жүйесі тартылып, бұрын жалаңаш тұрған көшелерге ағаш отырғызылды. Ойыл қазақтарының бақша еге бастағаны да — осы тұс. Бәкең 1930-жылдардың дүрбелеңдерінде Орынбор аймағына бас сауғалап кеткен көптеген жандарды туған өңірмен қайта қауыштырды…» — сынды ырза көңілден шыққан лебіздерді үлкендерден жиі естисіз.

— Ойылға көшіп барған жылдары суды Үшқұдық деген жерден иінағашпен таситынбыз. Бәкең алдымен есік алдына құдықтар жасатып, су тасуға машина шығарды. Содан соң су жүйесін жүргізуге күш салды. Көшелерге су келгеннен кейін,  тал егейік деген бастама көтеріліп, жұрт жаппай осы іске шақырылды. Бірақ айтылған күні, айтылған уақытта ешкім шыға қоймады. Демалыс болатын. Тал егетін басқа адам көрінбегесін, жасаулы тұрған шайға да отырмастан, Бәкең өзі қолына күрек алды. Оны көрген соң өзгелер де іске кірісе бастады. Сөйтіп, Бәкеңнің арқасында сол кездегі Ленин атындағы көше Ойылдағы ең жасыл көшеге айналған болатын, — деп еске алды Қарагөз апай.

Апай әңгімесін:

— Отбасы бақыты байлықпен, тұрмыс рахатымен келмейді, тек түсіністікпен келеді. Бәкең екеуміз ата-анамызға, соңымыздан ерген бауырларымызға көп қарайластық. Өзімізде де алты бала бар. Шынын айтқанда, айлығымызды келесі айлыққа жеткізе алмай жататынбыз. 1972 жылы Бәкеңді Ақтөбеге қызметке ауыстырып, Ойылдан көшіп бара жатқанымызда: «Енді қалада қайтіп күн көрер екенбіз?» —  деп уайымдағаным есімде. Бәкең өзі басқарып отырған елге жақсылық істеуді, абыройлы жүріп-тұруды ғана ойлады. Мен де оның атына сөз келтірмеуді мақсат еттім, тұрмыстың таусылмайтын ұсақ-түйектерімен мазаламай, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауға ұмтылдым. «Барынша қарапайым бол» — дейтін ол маған. Осы талапты бұлжытпай орындауға тырыстым. Дүкендерде көппен бірге кезекте тұратынмын. Дүкеншілер «мына жаққа келіңіз» — деп ымдап жатса да, сезбеген, білмеген болып тұра беруші едім, — деп жалғастырды.

Ойыл жұрты адамгершілікті, адалдықты ту еткен мұндай парасатты ерекше қадірлеп, бағалай білді.

Қарагөз апай: «Ойыл топырағында он шақты жыл ғана ғұмыр кештік. Ол жақтан көшіп кеткенімізге, міне, 40 жыл болыпты. Бірақ Бәкеңнің көзі тірісінде де, ол кісі дүниеден өткеннен кейін де Ойылмен қарым-қатынасымыз үзілген емес. Ойыл Бәкең үшін атамекені секілді болды, менің де төркін жұртыма айналып кетті» — деп тебірене айтып отырады.

Ол үшін, әсіресе, шәкірттерінің ілтипаты ерекше ыстық. «Мен кешкі мектепте де сабақ бергендіктен, кейбір оқушыларымды өзім «ағай» дейтінмін. Ойылға барған кездерімде, қашан да шәкірттерім қаумалай кетеді. Ұстаз үшін бұл — үлкен бақыт» — дейді Қарагөз Қамақызы.

 

Құдіретті сөз: «Папаң айтты»

Қарагөз апай — алты баладан 18 немере, 4 шөбере сүйіп отырған әже.

Ол: «Тәрбие мәселесінде ең маңыздысы — отбасының татулығы мен ауызбіршілік» — деп есептейді.

Қазір баласының «құқығын қорғап», мектептің, мұғалімнің үстінен шағымданып жүрген «сауатты» ата-аналар кездеседі. Қарагөз апай ұстаз ретінде де, ана ретінде де осыған қынжылады. «Үлкендер ешқашан баланың көзінше бет жыртыспауы керек. Бір-біріңмен келіспей тұрсаң да, баланың көзінше сабыр сақтап, сыйластық үлгісін көрсете білсең ғана, баланы сыйластыққа үйретесің. Ал дау бала жоқ жерде шешілсін. Бала үлкендер арасындағы келіспеушілікті сезбей де қалуы керек» — дейді ол.

— Біз: «Отбасында әркім өз орнында болуы тиіс» — деген ұстаныммен ғұмыр кештік. Мен де ата-ене бақтым. Атам намаз оқитын. Ойылда бізге бұрын басқа ұлт өкілі тұрған үй берілгенде, сол атамның қамы үшін, үйдің де, ауланың да бір қабат топырағын қырып тастап, жаңалағанымыз бар. Келін ретінде ата-енені қадірлеп, жар ретінде үйде де, түзде де азаматының абыройын ойлай білген әйел ешқашан қор болмайды. Әйел күйеуін сыйлап, балаларына да кішкентай күнінен соны үйретіп, олардың алдында әрдайым әкенің беделін асқақтатып, «папаң айтты» — деген бір ауыз сөзді үй-ішінде бұлжымас заңға айналдыра білсе — бақыт оны өзі іздеп табады, — дейді Қарагөз апай.

Индира ӨТЕМІС.

 

Ойылдың Қаракөзі

 

Байсалбай Жолмырзаевтың ойылдықтар үшін орны ерекше. Ойылға қызметке келгенде өрімдей жігіт еді…  МТС-қа бас агроном боп келіп, кейіннен директор болып тағайындалды. Аты затына сай, байсалды. Байыппен, баяу сөйлесе де,  Бәкеңнің жүзіне тіке қарауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін.

1955 жылы жазда Бәкең Қаракөздей аруды Ойылға келін қылып түсірді.

Күзде Қаракөз апай Ойылдағы білім ордасының қара шаңырағына мұғалім болып орналасты. Біз де дәріс алдық. Уақыт солай. Орыс тілін үйретуге үлкен мән берілген кезең. Сабақ өткізу мәнері де бөлек еді. Көрнекі құралды пайдалану дегенді сол уақытта алғашқы рет көрдік. Әрине, бұл басқа мұғалімдердің сабақ түсіндіру тәсілі төмен болды деген ұғым емес. Бірақ Қаракөз апай үнемі тың үрдістерді қолданып отыратын. Тақырыпты өзі қалай терең үңіліп, алаңсыз көңілмен беріле түсіндірсе, шәкірттері де солай беріле тыңдап, әдемі әсерге бөленіп отыратын едік. Мектеп бағдарламасында айтыл­мақ әңгіменің өрісін кеңітіп, салыстыру ар­қылы балалардың қиялын әлем әдебиетіне дейін ұштастырып әкететін еді. Содан болар, апайға ұқсап, мұғалімдікке ұмтылған менің замандастарым көп болды. Мәнерлеп оқуды пластинкадан тыңдатып үйреткені есімде. Патефон екінің бірінің үйінде жоқ еді. Біз үшін таңсық. Өлеңді жаттап алу бір басқа, мәнерлеп оқуды майталман мамандардан естудің жөні тіпті бөлек екен. Ол өткізген ашық сабақта класс болып қол көтергенде және балалар сонша­лық­ты тыңғылықты әзірлікпен жауап бергенде, өзі де, өзге мұғалімдер де сүйсінетін. Апай біздің кластың қыздарына ұстаз ғана емес, ақылшы ана, сырлас дос болғанын замандастарым әлі аузынан тастамайды.  Олардың әрқайсысының жанын не толқытып, не тебірентеді, ойы, арман-мақсаты қандай, тіпті талшыбықтай бұралып өскен жас буынды нендей сезім баурайды – солардың бәрін тамыршыдай тап басып, қажет кезінде мұңдаса да, ой жарыстыра да білді.

Ал қашанда қарапайым қалпынан танбаған апайдың сол уақытта ауданның басшысының әйелімін деп көкірек кергенін көргеніміз жоқ. Апай Ақтөбедегі Нұрпейіс Байғанин атындағы қыздар педагогикалық институтын бітірген. Бір қызығы сол институтта біздің Тәләй апамызбен бірге оқып, кейін қимай қоштасады. Студент  болып сырласқан құрбылар көп кешікпей Ойылда қайта қауышып, екі үйдің бірі болып сыйласты. Сыйластықтары алпыс жылға жалғасты. Қаракөз апай да Ойылмен байланысын үзген жоқ. «Жақсыда жаттық болмайды» — деген осы.

Ұстаз — білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден бір тұлға. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі және жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды рөл атқарады, өйткені ол шәкірт үшін айна сияқты. Қаракөз апай біз үшін сол уақытта  нағыз идеал болды десем, артық айтқандық емес. Бұл — апайдың саналы ғұмырын арнаған қиын да қызық, зейнетінен мехнаты мол ұс­таз­дық жолының ізсіз қалмағаны. Үкімет тарапынан алған марапаттары бір төбе. «ҚазССР оқу-ағарту ісінің үздігі» және «Еңбек ардагері» атанса, «Ұлы Жеңіске 60 жыл» және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалдары ұстаз еңбегінің жемісі іспетті.

Қаракөз апай — алты баланың анасы. Адайбегі Атыраудағы «Евразия Эйр» компаниясының директоры болса, Әділбегі — дәрігер, Райханы — университетте мұғалім. Қайырбек пен Ерлан уақыт ағымына ілескен кәсіпкер. Олар әкенің үлгісі, ананың ақылымен ата-бабаларының туған жері Қазалыда Жолмырза аталарына арнап мешіт салды. Ал ойылдықтар Байсалбай ағайдың атымен орталық көшесін атады. Еңбектің ізі деген осы.

Бақтығали Бектұрғанов,

Ойыл ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button