Ортақ шаруаның игілігі


Ақтөбеде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңдакүзгі маусымдық ағаш егуден бөлек, екі айлық тазалық акциясы басталды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен абаттандырылып жатқан аумақтарда осы шаруалар қолға алынуда.
Қала әкімі Азамат Бекет абаттандыру жұмысын мамандармен бірге жаяу аралап, қарады. Мәселен, Н.Шәйкенов пен М.Мәметова көшелерінің қиылысқан тұсындағы алаңға және «Нұр Ғасыр» мешітінің алдындағы, 12-шағын аудандағы McDonald’s тамақтану аумағына заманауи жарықшамдар орнатылды. Аумақ күл-қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ ескі қаладағы Кереев гүлзарына да жаңадан саябақ шамдары орнатылып жатыр. Бұл маңға да мердігер мекеме санитарлық тазалық жұмысын жүргізді.
Сондай-ақ М.Мәметова көшесінің бойындағы бос алаң бұрын көктем мен күзде балшық болып жататын. Кәсіпкерлердің көмегімен бұл алаң абаттандырылып, аумаққа тал егілді. Алосы көшенің бойымен келіп, теміржол өткелінің астынан өтетін автожолдың дәл ортасындағы бос жолаққа шаған ағаштары егілді.
— Қала әкімінің қаланы абаттандыру туралы кәсіпкерлерге жасаған ұсынысын қолдап, өз тарапымыздан мүмкіндігіміз келген шаруаны атқаруға тырыстық. Себебі қаланың тазалығы, абаттандырылуы бәрімізге ортақ. Мәселен, бұған дейін «Нұр Ғасыр» мешінің алаңына 32 түп ағаш ексек, енді, міне, теміржол өткелінің астындағы автожолдың ортасындағы бос жерге шаған ағашын егіп жатырмыз. Ағашты арнайы техникамен әкелдік. Себебі бұл — өте сезімтал өсімдік. Дұрыс егілмесе, солып қалуы мүмкін. Ал келесі көктемде газон егеміз. Жалпы, бұл жерге тас төсеніш салуды жоспарлағанбыз. Бірақ Азамат Бауыржанұлы көгалдандырылған жолақ болуы керек деген ұсынысын айтты. Сондықтан қара топырақ төсеп, ағаш егуге 110 метр учаскені алдымен даярлап алдық, — деді демеуші ұйым өкілі Ислам Әбілқайыров.
Сондай-ақ М.Мәметова көшесінің бойындағы, яғни №19 үйдің тұсы мен «Керуен»ойын-сауық, сауда орталығы және Сазды өзенінің қарсы бетіндегі автотұраққа тас төселіп жатыр. Осыған дейін бұл жер көктем-күзде балшық болып жататын. Қараусыз жатқан жер қаланың ажарына нұқсан келтіріп тұрған еді. Биыл бұл жер дедемеушілердің көмегімен абаттандырылып жатыр.
Қала әкімі автотұрақты абаттандыруға келіскен кәсіп иелерінің жұмысын барып көріп, жұмысшылармен тілдесті.
— Ұзақ уақыт бұл жер қараусыз қалды. Жаңбырлы күндері балшық болып, тұрғындардың жүріп-тұруына да кедергі келтіретін. Енді бұл маң көпшіліктің тынығуына қолайлы аймақ болады деп сенемін. Қалаға ортақ жұмысты міндеттеріңізге алған соң сапалы етіп жасап беріңіздер, — деді Азамат Бекет.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



