Тазалық айлығы басталды

Қалада күзгі екі айлық тазалық акциясы басталды. Бұл іс-шара 15 қарашаға дейін жалғасады. Яғни әр сенбі қала аумағында көгалдандыру, санитарлық тазарту және абаттандыру жүргізіледі.
Сенбілікке мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың ұжымдары қатысып жатыр. Қалалық әкімдік қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, коммуналдық мекеме өкілдері де белсенділік танытуда. Олар өз аумақтарын ғана емес, қаладағы қоғамдық кеңістікті, саябақтарды, өзен жағалауын да тазартады. Мәселен, қала әкімі Азамат Бекет тұрғындармен бірге Тургенев көшесіндегі №106 үйдің аумағындағысенбілікке қатысты.
— Қала тұрғындарын ғана емес, бизнес иелерін де іргелес аумақтарын тазартуға шақырамыз. Қазір «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қалада күзгі екі айлық сенбілік өтіп жатыр.Екі ай бойы қала аумағында көгалдандыру, санитарлық тазарту және абаттандыру жұмысы ұйымдастырылады. Сондықтан тұрғындарды қала тазалығына үлес қосуға шақырамыз, — деді Азамат Бекет.
Бұған дейін қоғамдық орындарда өткен сенбілікте 20 мың тонна қоқыс шығарылды. К.Нокин даңғылының бойы мен Елек өзенінің жағалауы да күл-қоқыстан тазартылды. Жалпы,18 мыңға жуық адам қалалық сенбілікке шыққан болатын.
Аталған акцияның негізгі мақсаты — тұрғындардың қоршаған ортаға және қала мүлкіне ұқыпты қарау туралы түсінігін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қоғамда экологиялық мәдениетті нығайту.
Айта кету керек, қалалық полигон тұрғындардан екі айлық сенбілік аясында қоқысты тегін қабылдайтын болады. Сонымен қатар қала аумағындағы бизнес нысандарына мониторинг жүргізіледі. Кәсіпкерлік иелеріне өздеріне тиесілі аумақты күтіп ұстау, ғимараттың сәулеттік келбетін, қасбетін таза әрі жарамды күйде сақтау, сондай-ақ көгалдандыру және абаттандыру бойынша алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
ӨЗЕН ЖАҒАСЫ БЕКІТІЛІП ЖАТЫР
Ақтөбеде қазірден бастап көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір ауқымды жобалар қайта пысықталуда. Мәселен, биыл көктемде Жіңішке өзені көтеріліп, саяжай учаскелеріндегі тұрғындарға қауіп төндірген болатын. Қазіргі таңда мердігер мекеме өзен жағалауындағы бөгетті көтеріп, үстіне тас төсеп жатыр.
Қала әкімі Азамат Бекет атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді.
— Биыл көктемде Жіңішкенің деңгейі көтеріліп, біраз әбігерге түстік. Абырой болғанда көпшіліктің күшімен суды саяжай үйлеріне жібермей, ұстап қалдық. Осы жағдайдан кейін өзеннің жағалауын биік етіп көтеру туралы тұрғындар тарапынан да ұсыныс түсті. Сондықтан биыл осы шаруаны қолға алдық. Енді мердігер мекеме жұмысты қыс түспей аяқтауы керек, — деді Азамат Бекет.
Мердігер ұйым басшылығы қала әкіміне жұмыстың барысын баяндады. Барлық құрылыс жұмысын 15 күннің ішінде аяқтауға уәде етті.
— Су басу қаупі бар жердегі бөгетті бес метрге дейін биіктетіп жатырмыз. Бөгеттің ұзындығы — 900 метр, жалпақтығы — 6 метр. Бөгеттің үстін катокпен тығыздаймыз, оның үстіне көктемде су бұзбауы үшін тас төсейміз. Сапалы, суға шыдас берейтіндей қылып саламыз. Жобаны жоспар бойынша уақытында аяқтаймыз, — деді «ZNS Групп» ЖШС директорының орынбасары Әділет Қазбанов.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



