Үздіктер үлгісі

Шаһарда тазалық пен тәртіпке, көгалдандыру мен абаттандыруға бағытталған игі істер жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның бірі — жыл сайын өтетін дәстүрлі«Менің Ақтөбем» байқауы.
Бірнеше айға созылған осы жылғы байқаудың жақында қорытындысы шыққан болатын. Нәтижесінде ең көрікті аула мен ең белсенді тұрғындар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Бүгін біз сол байқауда жеңімпаз болған тұрғындармен сөйлесіп, олардың аула тазалығы мен көгалдандыру ісіндегі тәжірибесін тыңдадық.
Байқаудың басты мақсаты — тұрғындарды туған қаласын көркейтуге, өз ауласын таза ұстауға, жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ынталандыру.
Сонымен қатар бұл шара көршілер арасындағы татулықты нығайтып, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға, еңбектің қадірін түсінуге жол ашады.
Бес түп раушаннан басталған гүлзар
Биыл байқау бес аталым бойынша өтті. Соның бірі —жеке сектордағы ең көрікті аула номинациясы. Осы аталым бойынша өз ауласын гүлмен көмкеріп, ерекше көрік сыйлаған тұрғынның бірі — ақтөбелік Винера Шурина.
Ол бір кездері бес түп раушаннан бастаған шағын гүлзарын бүгінде көз сүйсіндірер көркем баққа айналдырған.
— Бала кезімнен ауламда раушан бағы болса деп армандайтынмын. 2000-ыншы жылдардың басында жұбайымның ағасы маған бес түп раушан көшетін сыйға тартқан еді. Уақыт өте келе ауламызда гүл мен ағаштың түр-түрі көбейді. Алғашында тек туя мен раушан гүлін егіп едім, қазір лалагүл, күнгейгүл, көкшегүл, түймедақ, гортензия, хоста, клематис, аквилегия, бадан, хризантема, флокс, лаванда сияқты гүлдер жайқалып өсіп тұр. Гүлдеріме қарасам, көңілім көтеріледі, бір тыныштық табамын, — дейді В.Раухатқызы.
Ағаш атаулыдан шетен, емен, шырша, қарағай, туяныңбірнеше сорты, сәндік алма ағаштары бар. Ал жеміс ағаштарынан алма, жүзім, таңқурай, қарақат пен қарлыған өнім береді.Бұл әсем баққа биыл жеті жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Винера әр бұтаны өз қолымен егіп, күтіп-баптап, ауласын нағыз гүлстанға айналдырған.
—Баққа күтімді өзім жасаймын. Көктемде жабуын ашып, раушан мен гортензияны қырқудан бастаймын. Тыңайтқыш сеуіп, зиянкестерді улаймын.
Раушан гүлін қысқа қалдырсаң, жаңа өркені мықты болып өседі. Ал гортензияның ескі сабақтарын тазартып, түбіне жылы су құямын. Содан кейін тыңайтқыш сеуіп, топырағын қопсытамын. Күн ыстық болса, екі мезгіл суарамын. Бұл жұмыс миыма тыныштық, жаныма рахат сыйлайды. Сонымен қатар әр гүлдің өз мінезі бар. Біреуіне жарық ұнайды, біреуіне көлеңке керек. Әрқайсысын тану үшін жылдар кетеді. Бірақ гүлге шын көңілмен қарасаң, ол да сені жақсы көріп, жайқалып өседі, — дейді ол.
Қазір Винера Шурина Алматы қаласында тұрады. Бірақ туған жеріне, әсіресе өзінің әсем бақшасына келіп, күтім жасауды әдетке айналдырған.

— Ақтөбедеге үлкен шаңырағымызда үлкен ұлыммен келінім тұрады. Баққа күнделікті күтімді солар жасайды. Біз де мамыр айында арнайы келіп, көмек береміз. Ауламызды көріп, таза ауасымен тыныстап қайтқан сайын ерекше күш-қуат аламыз. Болашақта бәріміз сүйікті қаламыз Ақтөбеге қайтаоралуды жоспарлап жүрміз, — дейді ол.
Бірлігі жарасқан көршілер
Ал қаладағы Қарасай батыр көшесіндегі №24 үйдің тұрғындары биылғы байқауда «Үздік аула» аталымымен марапатталды.
Мұндағы тұрғындар үшін тазалық пен тәртіп — ортақ жауапкершілікке айналған іс.Сол үйдің белсенді тұрғындарының бірі Әсемгүл Раушанованың айтуынша, байқауға қатысу туралы ұсыныс көршілерінің бастамасымен туындаған.
1972 жылы іргесі қаланған бұл үйде 90 пәтер бар. Тұрғындардың басым бөлігі — зейнет жасындағы адамдар.Соған қарамастан, аулада атқарылатын әр жұмысқа олардың бәрі белсене араласады.
—Байқауға қатысу туралы бастаманы осы үйдің тұрғыны Екатерина Буковская көтерді. Ол көршілердің WhatsApp чатына байқау жайлы хабарлама салып, «қатысайық, еңбегіміз еленсін» деп жазған еді. Сол сәттен бастап тұрғындардың бәрі бірігіп, ауланы тазалап, ағаштарды ретке келтірдік.
Біз тату көршілерміз. Біріміз бастасақ, екіншіміз қостаймыз. Мысалы, ауладағы аққайыңдар осыдан бірнеше жыл бұрын 5-қабатта тұратын тұрғын Валяның бастамасымен егілген. Ол кезде кішкентай баласы екеуі бесінші қабаттан шелектеп су тасып, ағаш еккен еді. Қазір сол аққайыңдар үйдің биіктігімен бірдей болып өсті, — дейді Әсемгүл Жарасқызы.
Әр подъезд алдында түрлі гүл егілген. Күн сайын тұрғындар ортақ чат арқылы бір-біріне «бүгін гүл суаратын күн» деп хабарласып, шелек, су құятын ыдысын алып шығады. Кейде тіпті қалада сирек кездесетін гүл тұқымын шетелге саяхаттап барған көршілер алып келеді екен.
—Ауланың тазалығы, көгалдандыру жалпыға ортақ іс. Ешкім ешкіммен санаспай, жұмысын атқара береді. Керек-жарағымызғақаражат жинаймыз. Кейін кім не алғанын, қанша қаражат жұмсалғанын айтып, көршілер чатында есеп береді. Бізде түрлі ұлт өкілдері тұрса да, бәріміз бір отбасындаймыз. Татулықтың арқасында ауламыз осылай көркейіп отыр, — дейді ол.
«Үздік аула» аталымымен марапатталған бұл үйдің тұрғындары сыйақыдан түскен қаражатқа үйдің суағар жүйесін (водосток) жөндеуді жоспарлап отыр.
Еңбекқор жан
Биыл байқауда алғаш рет «Үздік аула сыпырушы» номинациясы енгізілген болатын. Бұл марапат «Юнис Сити» қалашығының тұрғыны Жанпейіс Дүйсенбинге бұйырды.
Ол 2022 жылдан бері «Юнис Сити» тұрғын кешенінің тазалықшысы болып жұмыс істейді.Жанпейіс Аймекенұлы — үшінші топтағы мүгедек. Бірақ өмірге деген құлшынысы мен еңбекке деген құрметі талай адамға үлгі. Бір қолынан айырылғанына қарамастан, Жанпейістің еңбегі бір емес, он адамға татиды. Күн сайын ауа райының қолайсыздығына,жұмыстың ауырлығына қарамай, үй алдындағы тротуарды сыпырып, балалар алаңын тазалап, қоқыс жәшіктерін реттеп жүреді.

— Таңғы бес-алтыда жұмысқа шығамын. Аула таза болса, адамдардың да көңіл күйі жайлы болады.Еңбектен қашпаймын, —дейді ол.
Оның зайыбы да — мүмкіндігі шектеулі жан. Арбада отырса да, өмірге деген құштарлығы мен отбасына деген қамқорлығы ерекше. Екеуі тағдырдың сынына мойымай, қол ұстасып бірге келеді. Балаларын тәрбиелеп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған Жанпейіс пен жары Жанар өмірге ризашылықпен қарайды.
Оның өз ісіне деген жауапкершілігіне тұрғындар да ризашылығын білдіреді.
—Күнім көршілерімнің алғысын естумен басталады. Мереке сайын сыйлық табыстап, ризашылықтарын білдіреді. Мен үшін бастысы — өзім тұратын қаланың тазалығы мен тыныштығы. Тазалықты сақтау — әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Елім мен туған жерімнің көркеюіне аз да болса үлес қосып жүргенімді мақтан тұтамын, — дейді Жанпейіс Дүйсенбин.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



