«Жасыл ел» сарбаздары 40 түп көшет екті


Есет батыр тұрғын үй алабындағы №3 облыстық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің ауласына 40 түп жас терек егілді. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Менің атаулы ағашым» аталатын іс-шараға облыстық «Жасыл ел» штабының сарбаздары қатысты.
Жалпы, жасылелдіктер биыл көктем және күз маусымдарында облыс бойынша мыңнан астам көшет егуді жоспарлап отыр.
— Ел Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында спорт мектебі басшылығы бізге мектеп ауласына көшет егу туралы өтінішімен шыққан болатын. Соған орай «Жасыл елдің» белсенді жастары келіп, 40 түп ағаш егуді қолға алдық. Бұл іс-шараға жаңадан ашылған спорт мектебінің ұжымы мен тәрбиеленушілері де үлес қосып жатыр. Көшеттер мектеп балансына беріледі, өздері күтіп-баптайтын болады. Бұл — экологиялық шара ғана емес, өңірді көгалдандыру, жастарды экологиялық мәдениетке баулу және табиғатты қорғау ісіне тарту, отансүйгіштік рухын көтеруге бағытталған игі іс, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.
Облыстық «Жасыл ел» штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, бүгінгі егілген жас көшеттерді штаб сарбаздары өздері өсірген.
— Биыл 800-ден астам жас сарбаз орман шаруашылықтарында еңбек етті. Олар көктемнен күзге дейін тұқым себуден бастап, көшет өсіру мен күтім жасау жұмыстарын жүргізді. Енді сол көшеттерді қаламыздың әр ауданына егіп жатырмыз, — дейді штаб жетекшісі.
Көктем айларында «Жасыл ел» қозғалысы қала бойынша 500-ге жуық ағаш еккен. Күзгі маусымда тағы 500-ден астам ағаш егу жоспарланып отыр екен.
Акцияға қатысушылардың бірі, Ақтөбе автожол колледжінің білім алушысы Үміт Сағынғали мұндай акцияларға жиі қатысатынын айтады.
— Бұрын «Үміт» балалар үйі маңына ағаш көшеттерін егу акциясына қатыстым. Бүгін де болашақ спортшылардың өтініші бойынша спорт мектебінің ауласына терек егіп жатырмыз. Сүйікті қаламыздың көркеюіне үлес қосып жатқанымды мақтан тұтамын, — дейді ол.
Аталған колледждің тағы бір білім алушысы Нұргүл Үмбетжанова да қала экологиясының таза болуына үлес қосуды өзінің азаматтық борышы деп біледі.
— Өз қаламды көгалдандыруға, көркейтуге әрқашан дайынмын. Осындай пайдалы іске атсалысып, ағаш егу жұмыстарына қатысу — мен үшін қуаныш. Бұл — табиғатқа, туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі, — дейді ол.
Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, қаладағы саябақтар мен гүлзарларды көгалдандыру мақсатында «Жасыл ел» сарбаздарының қатысуымен тағы бірнеше акция ұйымдастырылмақ.
— Биыл «Жасыл ел» сарбаздарының саны едәуір артты. Былтыр мыңға жуық сарбаз болса, биыл облыс әкімінің қолдауымен 3200 жас жұмысқа тартылды. Сарбаздар жаз бойы Ақтөбе қаласы мен облыс аумағында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмысын жүргізді.
Облыстық штаб жақын күндері «Жасыл ел» маусымының жабылу рәсімін өткізуді жоспарлап отыр. Іс-шара барысында үздік жүз сарбазға Астана қаласына жолдама табысталмақ, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.









