Басты жаңалықтар

Жасанды интеллект — жаңа мүмкіндіктер

«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет».

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауынан.

Кейінгі кезде «Жасанды интеллект» тіркесін құлағыңыз жиі шалатын болар. Естіп қана қоймай, оны бүгінде кеңінен қолданып жүргендер де жетерлік.

Жасанды интеллект — әлемдік технологиялық дамудың алдыңғы қатарында тұрған қазіргі ғылымның жаңа бағыты. Экономиканың түрлі саласында  тиімділікті арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмай, жасанды интеллектіні енгізу мен дамыту бағытында нақты қадамдар жасап келеді.  Бұл тұрғыда оның мүмкіндіктері қандай? Қай салаларда кеңінен қолданылады? Біз осы сауалдар төңірегінде ЖИ қолданушылармен тілдескен едік…    

Тиімді көмекші құрал

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуді тапсырды. «Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек»,деді Президент.

Жасанды интеллект шарапаты тиген көп саланың бірі — білім беру саласы. Соңғы кезде оқытушылар мен мұғалімдер жасанды интеллектіні өз жұмысында еш қиындықсыз пайдаланып жүр. Бұрын күндік уақытын алған жұмысты бүгінде олар ЖИ көмегімен бір минутта орындайды. Виртуалды лаборатория  түрлі тақырыпты зерттеп, білім алушылардың оқуға деген ынтасын арттырады.

Нейрожеліні меңгеріп алған мұғалімнің бірі — Мөлдір Ындыбаева. Ол — Ақтөбедегі №51 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Бүгінде жасанды интеллект көмегімен қызықты видеолар жасайды.

— Әдетте мұғалім оқу материалын көрнекілікпен түсіндіреді. Бірақ оның бәрін жасап шығаруға бұрын көп уақыт керек болатын. Қазір қажетті тақырыпты енгізсем, Elsa speak, Learna AI компьютерлік бағдарламалары жылдам видео әзірлеп береді. Оны сабақ барысында көрнекілік ретінде қолданамын. Қазір осы бағдарламаларды тереңірек зерттеп, оқушыларымды «Зерде» республикалық зерттеу жобаларына қатысуға даярлап жатырмын, — дейді ол.

Ал Бану Өмірзақова — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, техника ғылымдарының магистрі. Банудың жасанды интеллектінің көмегімен сабақ беріп жүргеніне үш жылдай болған. Алдына келген студенттер дәрісті мейлінше ұғынып, олардың қызығушылығын арттыру мақсатында заманауи мүмкіндіктердің түр-түрін қолданады.

Президент жасанды интеллектіні өскелең ұрпақтың сауатты пайдалануының маңыздылығына ерекше назар аударады. Биылғы Жолдауында да жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Қазір нейрожелілер мұғалімдердің тиімді цифрлық көмекшісіне айналды. Тақырыпты пысықтау үшін тест пен ойын түріндегі тапсырмаларды да жылдам әрі оп-оңай дайындайды. Студенттермен бірге практикалық, лабораториялық тапсырмаларды орындауда, деректерді талдау мен визуализациялауда, нейрондық желілерді жасауда Google Colab, TensorFlow, PyTorch секілді көптеген платформада жұмыс істейміз.

Иә, шынында, уақытты үнемдейді, күрделі есептеулерді автоматтандырады, бірлесіп жұмыс істеуді жеңілдетеді, тәжірибе жасауды жылдамдатады. Яғни ақылды платформалардың «тілін»  білетін болсақ, білім беруде де, зерттеуде де, өндірісте де жұмысты әлдеқайда тиімді етер еді. Алайда ЖИ ұсынған кей ақпарат қате болуы мүмкін. Сол себепті алдымен деректердің дұрыстығына көз жеткізіп алуымыз керек, — дейді Бану Өмірзақова.

Оның айтуынша, сабақ берудің бұл заманауи тәсілі бүгінде өз жемісін беріп келеді. Студенттердің үлгерімі жақсарған. Мұндай мүмкіндік нейрожеліні пайдаланатын мұғалімдердің қатарын жылдан-жылға арттырары анық.

Хериот-Уатт университетінің Ақтөбе кампусындағы Computer Science оқытушысы Әйгерім Хайруллина да жасанды интеллектінің мүмкіндігі көп екенін айтады. Алайда зиянды тұстарына да тоқталып өтті.

Білім беру жүйесінде жасанды интеллект оқытушыларға бірсарынды, іш пыстыратын тапсырмаларды автоматтандыруға, ал студенттерге күрделі тақырыптарды түсінуге көмектеседі. Бір жыл бұрын жасанды интеллект құралдары қазақ тіліне «шорқақ» болатын. Қазір түзелген. Тіпті отандық нейрожелілер пайда болып, жұмысымыз біршама жеңілдеді.

Мәтінді, суретті немесе дауысты өңдейтін жүйелер де кең тарала бастады. Мәселен, аудиожазбаны мәтінге айналдыратын немесе мәтіннің мазмұнын талдай алатын құралдар — бәрі осы жасанды интеллект технологиясының арқасы.

Алайда оның пайдасымен қатар, бірқатар зиянды тұсын да айта кеткен жөн.  Кейде студенттер немесе қолданушылар жаңа құралға тым қатты сеніп, өз бетінше ойлануды екінші орынға ысырып қойды. Жасанды интеллект ақпаратты жылдам береді, бірақ әрдайым дұрыс бола бермейді. Ол қателесуі, тексерілмеген немесе бұрмаланған ақпарат ұсынуы ықтимал. Біржақты көзқарасты ұстанып, стереотиптерді күшейтуі мүмкін. Сол себепті қазір жаңа инструменттер  жауабын ой елегінен өткізу, тексеру маңызды.

Соған қарамастан, жасанды интеллект —  қазір әлемдегі ең қуатты әрі перспективасы зор құралдың бірі. Ең бастысы бұл технологияны ақылмен пайдалану керек. Егер жауапкершілікпен, сын тұрғысынан қолдансақ, ол болашақты жақсарту жолында нағыз серіктес бола алады, — дейді Әйгерім.

Мультфильм-анимациялар сұранысқа ие

Қазір әлеуметтік желіні ашсаңыз, жасанды интеллект курсын өткізіп жүргендер аз емес. Соның бірі — осы сала маманы Асылжан Қалмен. Ол жаңа инструменттерді толық меңгерген. Қазір басқаларға үйретіп, табыс тауып жүр.

— Қазіргі  тренд — мультфильм-анимациялар жасау. Көпшілігі осы арқылы YouTube платформасына видео жүктеп, табыс табады. Менің ақылы да, тегін де курстарым бар. Онда базалық деңгейде жасанды интеллектінің не екенін үйретіп, практика түрінде түсіндіремін. Түрлі чат-боттарды жасап, жасанды интеллект аватары (менің цифрлық көшірмем) арқылы әлеуметтік желілерде контент жасап, оқырман жинауды үйретемін.

Қазақстанда жасанды интеллект АҚШ пен Қытай елдерімен салыстырғанда, әлдеқайда кешірек дамыды. Аты әлемге танымал ірі компаниялар 20 жылдан астам уақыт бойы жасанды интеллект мүмкіндіктерін өздерінің алгоритмдерін құрастыруға қолданып келеді. Қазақстандықтардың  басым көпшілігі жасанды интеллект деген ұғымды өткен жылдан бастап ChatGPT арқылы ғана тани бастады, — дейді ол.

Жасанды интеллект және оның түрлері

Қазіргі таңда әлемде 3 жарым мыңнан астам компания жасанды интеллектіні дамытумен айналысып жатыр. Жасанды интеллект Қазақстанда да түрлі саланың бір бөлігіне айнала  бастады. Адамның ақыл-ойын қажет ететін тапсырмаларды орындауға арналған бірқатар бағдарламаға қысқаша тоқталып өтсек…

Оның ішінде көпшілігіміз жақсы білетін Apple компаниясының Siri немесе Google Assistant сияқты заманауи дауыс көмекшілері. Бүгінде көпшілік «Яндекс» компаниясының виртуалды көмекшісі Алисамен «жақын дос» болып кетті. Үлкені де, кішісі де бұл құрылғыға дауыстап тапсырма бере салады. «Алиса» сіздің сұранысыңызды іздеп, тапқанын ұсынады. Бұл көмекші қазір қазақша сөйлей бастағанын да айта кету керек. Сондай-ақ түрлі сұрақтарға жауап, кеңес беретін және күрделі тапсырмаларды орындай алатын Chat GPT желісі де кеңінен танымал. Ол диалог түрінде жұмыс істейді. Сценарий, хатқа жауап, тамақ рецептісін жаза алады, оқу бағдарламасын құрастыра алады, бизнес-жоспар жазып, жылдың негізгі оқиғалары туралы айта алады, сіз іздеген суретті тауып береді, бағдарлама кодын жаза алады немесе кодтағы қателерді табуға көмектеседі. Сонымен қатар Google Translate сияқты автоматтандырылған аударма платформалары да мәтінді әртүрлі тілге аударады. Жоғарыда айтқандарымыз біз күнделікті өмірде қолданып жүрген заманауи мүмкіндіктің бірқатары ғана.

P.S. Қазіргі таңда әлемдегі белгілі ғалымдар жасанды интеллектінің дамуына екі түрлі көзқараспен қарайды. Бір тобы жасанды интеллект адам баласына еш қауіп төндірмейді деп сенсе, екінші тобы өзіндік зияны барын алға тартуда. Әрине, көштен қалмау үшін жасанды интеллектіні іске асыру — заман талабы. Оны тиімді пайдалану елдің инновациялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Тек адам баласы ойлауды тоқтатпаса, сана-сезімін тоқырауға түсірмесе, жасанды интеллектіге құл болмайды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button