Мұхтар Шерім: Сахнада қазақ қызын, қазақ әйелін мазақ етпесек екен
Бүгінгі сұхбаттасымыз — Шымкент қаласының тұрғыны, 2009 жылы «Оңтүстік Қазақстанның ең үздік жазушысы» атанған адам. Бірақ Мұхтар Шерім — тек оңтүстік емес, барша қазаққа таныс есім. Жұртшылыққа ол алдымен «Тамаша» ойын-сауық отауының репертуарына енген шығармалары арқылы танылған болатын. Елімізде бірінші болып «Жұдырық» атты жеке әзіл-сықақ газетін ашты. «Қисық шеге», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Құдағи құшақтай береді», «Бюрократпен қоштасу», т.б. кітаптардың авторы.
Жуырда Ақтөбеге жолы түскен сатирик-жазушыны әңгімеге шақырдық:
Күлкі…
— Қазақ сатириктері арасынан кімдер жаныңызға жақын?
— Марқұм Оспанхан ағамызды, Оспанхан Әубәкіровті ерекше жақсы көремін. Кезінде ол кісінің батасын да алған едім. Кейінгі жастардың қадамдары да жақсы. Мысалы, Ермахан Шайқының жазғандары маған қатты ұнайды. Ал осы Ақтөбе топырағынан Үмбетбай Уайдин, Төрежан Мәндібай ағаларымыз бастаған мықты сатириктер шықты. Солардың ізін жалғастырып жүрген Нұрлыбек Жұбатқан ініміз «Екі езу» театрының іргесін қалады. Маған «Екі езудің» репертуары әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөлетіндігімен ұнайды.
— Өзіңіз айтқан Оспанхан, Үмбетбай ағалардың «күлкісі» нәзік, мәдениетті болатын, ал қазіргі «күлкі» дөрекіленіп кеткен сияқты көрінеді. Сіздіңше?..
— Бұл — жаны бар пікір. Әсіресе жаныма бататыны — қазір сахнада аналарымызды, қыздарымызды мазақ етуге айналдық. Жігіттер әйел болып боянып, киініп алады да, сахнаға шығып, «өсек» айтып, я «күйеуін беттен алып» тұрғандары… Мүмкін кейбір сондай қыз-келіншектер бар да шығар. Бірақ қазақ қызының бәрі ондай емес қой! Қазақ қызы, қазақ әйелі кім? Өз анамыз, жарымыз, қарындасымыз емес пе? Оның үстіне, бәріміз де қыз бала өсіріп отырмыз. Барлық кемшілік атаулыны қазақ қызының бойына «жапсырып», қаралай бермейік.
— Сахна туралы айттыңыз. Қазір сатира театрлары көбейіп кетті. Бұл неден? Қоғамның, халықтың арзан күлкінің соңында жүргендігінен бе?
— Әрине, сатира театрларының көп болғаны жақсы. Шымкенттің өзінде бірнеше сатира театры бар, олардың арасында ең танымалы — «Шаншар» болса, сол «Шаншардың» ашылуына менің тікелей қатысым бар. Бұл жөнінде Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораевтар өз сұхбаттарында айтып та жүр. Өз театрын ашатын кезде, Гүлжан Қалыбаева да мені әдейі іздеп келіп, «Театр ашайын деп едім, атын қойып беріңізші» — деп өтінген болатын. «Күлкі керуені» деген атты қойып берген мен едім. Сатира театрларының көптігіне үрке қарамау керек. Үркітетіні — олардың әдемі юморға, мағыналы дүниелерге емес, дөрекі, тіпті кей жерде анайы «күлкіге», тұрмыстық дәрежедегі әңгімелерге тым үйір болып кеткені. Театр ашып жүрген азаматтарымыз көп жағдайда бір ғана мақсатты көздейді — ақша табу. Ал сатираның жанр ретіндегі ерекшеліктеріне, күлкінің қоғамдағы роліне тереңдей бермейді. Керек десеңіз, қазір біздің әртістеріміз өздерін «сатирикпіз» деп жариялап жүр?! Сатирик дегеніміз — қаламгер. Ал әртістерді әзілкештер, өнер әлемінде жүрген күлдірімпаздар дейміз. Осы арасын айырып жатпайтыны қынжылтады. Сатира театрларының көпшілігіне тән кемшілік — олар автор тарта бермейді. Өздері «жазады», өздері қояды, өздері ойнайды… Бұл — эстрададағы сөзін де, сазын да өздері «жазып», әрі «ақын», әрі «сазгер», әрі биші болып жүрген әншілер тектес құбылыс. Әйгілі Петросянның бірде сахнаға бір жас жігітті шақырып, жұртқа: «Бұл — біздің авторымыз. Осындай жақсы жазатын жігіттер болмаса, біздің күніміз не болар еді?» — деп, таныстырғаны бар. Авторға сүйену, авторды қолдау жағынан біздің мәдениетіміз Ресейден төмен болып тұр. Театрлар тарапынан: «авторлар сахнаға лайықтап жаза алмайды» — деген әңгіме де айтылып жатады. Мықты деген сатириктеріміздің бұрынғы соқпақтан шыға алмағаны, ескі сарынмен жазатыны рас та шығар? Бірақ автормен жұмыс істеу керек. Бұл тұрғыда драматургиядан үлгі алу керек. Кейбір театрларда автормен жұмыс істеуге деген ұмтылыс бар екенін де айтқан жөн. Мысалы, «Екі езу». Автор тартуға деген ұмтылыс — өз деңгейін көтеруге деген ұмтылыс. Ондай қадамдарды құптап, көрсетіп отырған дұрыс.
Мен сахнада әлеуметтік мәселелердің көбірек айтылғанын қалаймын. Әдемі юмормен көп нәрсені жеткізуге болады. Ондай дүниелер кей театрлардың репертуарында бар. Тұрмыстық әңгімелер немесе қыз бен жігіттің арасындағы мағынасыз қалжыңнан гөрі, қоғамдағы өзекті мәселелерге жұрт назарын аударуға ден қойған дұрыс деп ойлаймын.
— Соңғы кезде: «Нақ бүгін бізде сатира жоқ» — деген пікірлер де айтылады. Әрине, бұған келісуге болмас. Алайда: Сіз не дейсіз?
— Жалпы, әдемі әзіл — біздің халықтың қанында бар қасиет. Әйтпесе, Қожанасыр мен Алдаркөсе ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жетер ме еді? Жоғарыда айтқанымдай, алдыңғы ағаларымыздың, мықты сатириктеріміздің заман ағымына ілесе алмай қалғаны рас та шығар. Бірақ қазір жастар жақсы көрініп келеді. Ал ауылдарда танылмаған қанша талант жатыр? Сатира театрлары соларды тауып, жазғандарын сахналап, жұртқа көрсетіп жатса — нұр үстіне нұр болар еді. Бізде сатира жоқ дегеннен гөрі, сатираға қолдау жоқ деген дұрыс болар. Айталық, Жазушылар одағы не жер-жерлердегі мәдениет бөлімдері мүшәйралар, жазушылар үшін байқаулар ұйымдастырып жатады. Ал сатирик ақындар да бар ғой? Олардың арасында неге мүшәйра өткізілмейді? Негізі, мұның бір себебі мынада сияқты: бізде сатириктер өздері-ақ күн көреді деген пікір қалыптасқан. Мысалы, Сіз өлең жазасыз дейік. Бірақ қанша жақсы өлең жазсаңыз да, оны жалпақ жұртқа жеткізе алмауыңыз мүмкін. Тек өлең оқитын адамдар ғана біледі де қояды. Ал сатириктің жақсы дүниесі тез таралады. Ол сахнада да, тойда да, отырыста да орындалады. Яғни, сатириктердің насихаттаушысы көп, қарындары тоқ сияқты көрінеді. Бірақ әңгіме күнкөрісте болмауы керек. Сатира — «тоқалдың баласы» емес, ол да — әдебиеттің бір жанры. Осы жағын ұмытпауға тиіспіз. Ат мінгізбесе де, мақтау қағазын неге қимасқа?
Айта кететін тағы бір жайт — бүгінде облыстық басылымдар беттерінен сатиралық мүйістер жоғалып кетті. Бұл жай да менің көңілімді алаңдатады.
…және Өмір
— Сатирадағы алғашқы қадамыңыз?
— Сегізінші класта оқып жүрген кезімде көршілерімізді қатты ренжітіп алғаным бар. Оқиға былай болды: ауылымызға Әлима деген науқас әйел келіп жүретіні бар еді. Науқас дегенде, есі кіресілі-шығасылы адам болатын. Бір күні алба-жұлбалау киініп алып, сол Әлиманы салып, көрші үйге бардым. Көрші үйде үлкен апай мен келіні шай ішіп отыр екен. Мені таныған жоқ, шын Әлима екен деп ойлады. Сол жердегі әңгімені түгел айтып жатпай-ақ қояйын, әйтеуір Әлиманың «ролін» «жақсы» ойнап, көршілерді бір-бірімен араз ғып кеттім. Балалық қой! Онымен қоймай, көрші үйден шыққан шаң-шұңға мәз болып, «мұны мен істедім» — деп, шешеме бастан-аяқ баяндап жатырмын. Бірақ менің әңгімем шешеме ұнаған жоқ. Бірден айғайға басып, бәрін әкеме айтып берді. Ал әкем ұрсып, бақырып-шақырып жатпады, дереу іске кірісті. Бір қойды сойып салып, көршілерді қонаққа шақырды. Дастарқан үстінде мән-жайды түсіндіріп, «бүгін бұл ауылға ешқандай Әлима келген жоқ. Бәрін бүлдірген — біздің бала» — деп еді, көршілер оған сене қоймады. Сосын әкем маған: «Қане, бар, Әлима болып киініп кел» — деп бұйырды. Айтқанын істеп, манағы «көріністерді» көршілердің алдына қайта шығара қойдым. Сөйтіп, мен кешірім сұрап, олар татуласып, бәрі жақсы аяқталды. Сол оқиғадан кейін бірер күн өткенде, ойланып отырдым да, «Әлиманың әлегі» деген әңгіме жазуға кірістім. Оны сол бойда аудандық газетке жолдадым. Бір аптадан кейін газетті ашып қалсам — әңгімем тұр! Қайта-қайта оқимын. Сенсеңіз, бір күннің ішінде 50-60 рет қайталап оқып шыққан шығармын. Жүрегім жарыла қуанып, апайыма, кластастарыма жүгірдім. Алғашқы қадамымыз осылай болған еді…
— Облыстық газетте жұмыс істегеніңізді білеміз. Журналистік өмірдің қызық-шыжығы көп. Ерекше есіңізде қалған оқиғалардың бірі?..
— Иә, біраз жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын-сықақ бөлімінде істедім. Күлкілі жағдайлар көп болды. Бірде мені сотқа шақырды. Ол кезде жаспын, қатты қобалжыдым. «Не болып қалды?» — деп алқынып жетсем, сотқа берген — бір балабақшаның меңгерушісі екен. Жасы менен әлдеқайда үлкен, әйел адам. Қазынаның ақшасын жеп қойған ғой. Сондықтан оны сынап жазғанда, «алақандары үнемі қышиды да жүреді» — деп, образды түрде келтіргенмін, (яғни, ақша тілеп деген мағынада екені түсінікті). Әлгі апай сол сөзге жармасып алыпты: «Менің алақандарым ешқашан қышыған емес. Неге білмейтін нәрсесін жазады?» — деп, үстел тоқпақтап қояды. «Бұл — әдеби тәсіл, образбен айтылған» — дегенге көнетін емес. «Маған моралдық шығын келтірді. Қазір жұрт мені: «Алақандары қышитын апай» — деп мазақтап жүр. Не менің алақандарымның қышитынын дәлелдесін, не шығынды өтесін» — талабы, міне, осы болды. Сол жолы сол апайға күлгенім есімнен кетпейді.
— Достарыңызбен мақтана аласыз ба?
— Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев менің қимас досым еді. Ол кісі менен 10 жастай үлкен болғанмен, екеуміз жақсы араластық. Айналасындағыларға балаша еркелеп, балаша мәз болып, ойнап жүретін адам болатын. Шымкентке келсе, міндетті түрде мені іздеп тауып алып, өзінің ыстық ықыласын көрсетіп жүретін. 90-жылдары мен «Тамашамен» тығыз шығармашылық байланыста болдым. Құдайберген Сұлтанбаев менің «Қайыршылар» деген интермедиямды сахнаға шығарған. «Сен бе, сен? Сен «Халық әртісін» қайыршы қылдың ғой!» — деп қоятын маған… Қазір соның бәрі — сағыныш.
Тағы бір мақтанышпен айтатын досым — Болат Сембаев. Қарапайым адам. Бірақ әдебиетке өте жүйрік. Арнайы білімі болмаса да, анау-мынау сыншыдан кем түспейді. Маған: «Сен билік адамдарын, мықтыларды не қыласың? Дос болсаң — шындықты бетке айтатын мына менімен дос бол» — деп, «сес көрсетіп» те қоятыны бар. Жазған-сызғандарымды сол кісіге оқытып, пікірін біліп тұрамын.
— Сіз тәуекелшіл адам сияқтысыз? Көп жазасыз және басқалар бара бермейтін тақырыптарға қарай «жүгіресіз»…
— Кейде тұрмыстағы ұсақ-түйектер де жазуға «сұранып тұрады». Бірақ әлеуметтік мәселелерді жазғанды жаным сүйеді. Рас, «қорықпайсың ба?» — деп қалатындар бар. Жаным қалаған тақырыптар болған соң ба, қалай жазғанымды да байқамай қаламын, қорыққан-қорықпағанымды да байқамай қаламын. (Күлді — ред.) Ешкімнің аты-жөнін атамасам да, халықтың көкейінде жүрген, халықтың көңілінен шығатын дүниелер жазсам деймін. Ал бос мылжың сатира бола алмайды.
Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.




