Басты жаңалықтар

«Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын қолдауда алдыңғы қатарда тұр»

Азаматтық форум

«Белсенді қоғам — берік болашақ». Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде осындай тақырыпта XII аймақтық азаматтық форум өтті.

Форумға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы, бизнес өкілдері және көршілес өңірлерден келген делегаттар қатысты.

Форумнан бұрын облыс әкімі Асхат Шахаров бастаған топ үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына арналған көрмемен танысты.

Форум азаматтық қоғамды дамыту, мемлекет пен үшінші сектордың өзара іс-қимылы, сондай-ақ жаңа әлеуметтік бастамаларды енгізу мәселелерін талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.

Форум жұмысында алдымен облыс басшысы Асхат Шахаров сөз алды. Ол өңірдің тұрақты дамуында азаматтық сектордың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінде еліміздегі азаматтық қоғам институттары мемлекеттің стратегиялық серіктесі және тірегі деп нақты айтуға болады. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтып отыр. Ортақ күш-жігердің арқасында азаматтардың мемлекеттік институттар мен заңға деген сенімі артып келеді, — деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақәкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы цифрландыру, адами капиталды дамыту, мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы өзара іс-қимылды арттыру сияқты міндеттерге назар аударды. Оның айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар бұл мақсаттарға қол жеткізуге қомақты үлес қосып жүр.

Форумда Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров баяндама жасады.

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көлемі2 есе өскен. Мысалы, 2020 жылы 17,1 млрд теңгеге бағаланған 1173 жоба жүзеге асырылса, биыл 2268 жобаны іске асыру үшін 32 миллиард теңге бөлінген.

Өңірлер арасында Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын қолдауда алдыңғы қатарда тұр. Биыл жалпы 86 жоба қолға алынды. Бұл мақсатта бөлінген қаражат —2,1 миллиард теңге. Әлеуметтік жобалардың тең жартысы аудандарда іске асырылып жатыр. Жалпы облыста ұзақ мерзімді 9 жоба бар, — деді Елдар Сапаров.

Жалпы елімізде 263 қоғамдық кеңес жұмыс жасайды.

Форумда «Қазақстан азаматтық альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының президенті Бану Нұрғазиеваның, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваның және т.б. баяндамасы тыңдалды.Олар да үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын қолдауды көздейтін шараларды сөз етті.

Басқосуда «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасының нәтижелері ұсынылды. 90 мыңнан астам еріктінің қатысуымен 15 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді.

Ләззат Шыңғысбаева «Қазақстан халқына» қорының ауылдағы шағын жинақты мектептерді цифрлық технологияларды пайдалана отырып дамыту, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту және заман талабына сай кабинеттермен жабдықтау бағытындағы жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.Қазақстан халқына қолдау қоры біздің облыста 5 сала бойынша (білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қолдау, мәдениет) жалпы құны 11 миллиард теңгеден астам жобаны жүзеге асырып жатыр. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларына көбірек қаржы бөлінген.Мысалы, денсаулық сақтау саласында 10 жоба іске асыру жоспарланған.

Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамытуда Қазақстан халқына қолдау қоры үлкен жұмыс тындырды. Жоба аясында Ақтөбе облысындағы 134 шағын жинақты мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

Облыстағы 12 ауданның орталығында бір-бірден тірек мектептер бекітілді. Сол тірек мектептердің бәрі біздің қордың қолдауымен жабдықталды. Оның әрқайсысына 250 миллион теңге бөлінді.

Сондай-ақ әлеуметтік осал топтардан шыққан ауыл балалары бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алу үшін Қордың гранттарына ие болды. Айта кету керек студенттерге 40 мың теңге көлемінде стипендия төленеді, — деді Ләззат Шыңғысбаева.

Талқылау барысында ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдерге арналған әлеуметтік маршрут әзірлеу, Ақтөбеде инновациялық ХАБ құру, гранттық қолдаумен хакатон ұйымдастыру, креативті индустрияларға арналған корпоративтік гранттарды енгізу, жастар ҮЕҰ-ына гранттық бағдарламаларды дамыту және басқа да бағыттар ұсынылды.

Жалпы, форумға қатысушылар Ақтөбе облысында азаматтық сектордың белсенді дамып келе жатқанын және өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарып отырғанын тілге тиек етті.

Іс-шара қорытындысы бойынша тұрақты әлеуметтік жобаларды үшжылдық қаржыландыруды енгізу, ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемін ұлғайту, қоғамдық бақылау мен мемлекеттік органдардың ашықтық тетіктерін дамыту, ҮЕҰ жобаларын мониторингтеу бойынша онлайн-портал құру, Ақтөбеде ғылыми-технологиялық инновациялық ХАБ ашу және басқа да міндеттерді қамтитын резолюция қабылданды.

Қабылданған резолюция билік органдары мен азаматтық сектордың әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру және аймақ игілігі үшін серіктестікті нығайту бойынша алдағы уақыттағы жұмысына негіз болады.

Форум азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдарды марапаттау рәсімімен аяқталды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button