Ұлттық өнердің жаңа тынысы

Шеберлер шеруі
Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында 200-ден астам шебердің қатысуымен «Шеберлер шеруі» мегафестивалі өтті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, әйелдерге арналған республикалық «Бақытты отбасы» ақпараттық кеңес-білім беру орталығының бастамасымен өткен мегафестивальдің басты мақсаты — ұлттық қолөнердің дәстүрлі техникасын сақтау ғана емес, оны жас ұрпаққа үйрету арқылы ұлт мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жалғау.
Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров ұлттық қолданбалы өнерді сақтау мен дәріптеудің маңыздылығына тоқталып: «Бұл — аймақтың және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлерін бір арнаға тоғыстырған, ұрпақтар сабақтастығының нағыз көрінісіне айналып, халықтық қолөнер мен заманауи үрдістерді біріктіретін шара. Қолөнер— халқымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасқан, ғасырлардан жеткен қазына. Әр оюдың, әр өрнектің өзіндік тарихы, тәрбиелік мәні бар. Бүгінде осы өнердің қайта жаңғырып, жаңа технологиялармен үндесіп дамуы — рухани байлығымыздың мерейі. Ал халқымыздың осындай өнері мен дәстүрін заманауи жаңашылдықпен, бүгінгінің ырғағына сай дамытып жүрген — қолынан бал тамған ісмерлер мен тігіншілер. Олар — тек бұйым жасаушы ғана емес, ұлт руханиятының жаршысы. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында мұндай шеберлердің еңбегі айрықша бағаланып, еңбек адамы ретінде құрметке ие болып отыр. «Шеберлер шеруі» фестивалі қазақ қолөнерін насихаттап қана қоймай, жастарды қанаттандырып, мәдениеттің сабақтастығының айқын үлгісіне айналып үлгерді», — деді.
Аймақ басшысы өз сөзінде қолөнер мен кәсіптің қадірін арттырып жүрген барлық шебер мен ісмерге қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіріп, «Шеберлер шеруі» Ақтөбенің жыл сайынғы игі дәстүріне, тіпті өңірдің өзіндік рухани брендіне айналарына сенім білдірді.
Қолөнер шебері, «Алтын Орда» сән үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзадабұл шараға ұлттық өнерді дамытудағы тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы шақырылған. Ол қазақ қолөнерін жаңғыртып, жас шебер қыз-келіншектерді оқытып, елдің қолданбалы өнерін әлемдік аренада насихаттап келеді.
— Ұлттық қолөнерді қайта түлету — біздің рухани борышымыз, жауапкершілігіміз. Қазақ халқының қолөнері — көздің жауын алатын, ғасырлар сүзгісінен өткен әсемдік пен шеберліктің тоғысы. Иә, бұл — оңай іс емес. Алайда бүгінгі технократия дәуірінде адамдардың жаны мен жүрегі қайтадан өз тамырына, рухани бастауына қарай бұрылып келеді.Қазіргі сән индустриясы маусым сайын жаңарып, жаңа топтамалармен жаһандық нарықты жаулап жатса, дәл сол тәрізді ұлттық қолөнер де үнемі жаңарып, заманауи трендтермен үндесіп отырса ғана өз орнын сақтап қала алады. Оның қай түрі, қай техникасы болмасын, заман талабына сай жаңаша нақышта, тың дизайнмен, батыл бояумен түрленуге тиіс. Сонда ғана ол нарықта сұранысқа ие өнімге айналады, — деді Ырза Тұрсынзада.
Шебер өз сөзінде Ақтөбе топырағына бірнеше рет келіп,семинар,тренингтермен шеберлік сабақтарын өткізгенін атап өтті.
— Осындай жұмыстарымның нақты жемісі — ақтөбелік шеберлердің, оның ішінде құрақшылардың республикалық байқауда топ жарып, бірінші орынды иеленуі — зор жетістік.Бұл — бірлескен істің берекелі нәтижесі. Қазір де мен Ақтөбе өңірінің шеберлеріне арнап онлайн курстар, YouTube арнам арқылы ақысыз сабақтар ұсынып жүрмін. Бірақ бұл аздық етеді. Ақтөбеде қолөнер бұйымдарын тұрақты түрде сатуға арналған алаң болуы керек. Шеберлерді, ісмерлерді, зергер мен тігіншілерді біріктіретін, басын қосатын ортақ шаңырақ — үлкен қолөнер орталығы қажет.Өйткені шебер — тек бұйым жасаушы емес, ол — ұлттық дәстүрдің, салт-сананың, болмыстың, ғұрыптың және тұтас қазақ мәдениетінің шырақшысы. Шебердің қолынан шыққан әрбір туынды — халқымыздың салты мен жоралғысына арналатын кәде. Өкінішке қарай, біз әлі де шеберлердің еңбегін толық бағалай алмай келеміз.Шебердің жағдайы жақсы болса, ұлттық өнер мен мәдениеттің тамыры тереңдейді, бойына қан жүгіреді. Осыны ұмытпауымыз керек, — деді ол.

Мегафестиваль аясында белгілі шеберлер құрақ құрау, киіз басу, терме тоқу, ши орау өнерінің қыр-сырымен бөлісті. Қатысушылар бұл үдерісті тек сырттай бақылап қана қоймай, өз қолымен бұйым жасап көруге де мүмкіндік алды. Қолдан жасалған бұйымдарға қала тұрғындарының да қызығушылығы жоғары болды.Оның ішінде киізден жасалған бұйымдар, ою-өрнекті көрпелер, зергерлік әшекейлер мен ұлттық нақыштағы кәдесыйлар көптің назарын бірден аударып, жылдам өтіп жатты.
Байқаудың қорытынды бөлімінде үздік деп танылған бұйымдар арнайы комиссия шешімімен облыс әкімдігіне де сатып алынды. Соның ішінде облыс әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік шебер Алмагүл Байдәулетованың ұлттық нақыштағы көрпе топтамасын сатып алып, қолөнершінің еңбегін жоғары бағалады.
— Бұл байқауға алғаш рет қатысып тұрмын. Осыдан бес жыл бұрын Ырза Тұрсынзаданың YouTube арнасынан тігін тігуді үйренген болатынмын. Пандемия кезінде осы іске ден қойып, бүгінде үйімнің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырдым. Арманым — үлкен шеберхана ашу. Байқау мен үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты, — дейді Алмагүл Байдәулетова.
Екі күн қатарынан өткізілген тегін шеберлік сағаты кезінде ісмерлер тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйрегені көп. Қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар оларға шабыт беріп, жаңа жобаларға жол ашады.
Қорытынды шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қатысушыларды құттықтап, шеберлер еңбегінің ел мәдениеті мен ұлттық өнерді дамытудағы маңызын атап өтті.
— Ел болашағы — өнерлі, кәсіпке бейім азаматтардың қолында. Бүгінгі «Шеберлер шеруі» — осының айқын дәлелі. Облыс әкімдігі алдағы уақытта да қолөнершілерге қолдау білдіріп, инфрақұрылымдық жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізетін болады, — деді Ж.Батырхан.
Марапатқа ие болған қатысушыларға облыс әкімдігінің қолдауымен арнайы жұмыс кабинеті жабдықталатыны айтылды. Бұл туралы белгілі дизайнер Ырза Тұрсынзада шара барысында мәлімдеп, қолөнер шеберлерін қолдайтын бұл бастама көпбалалы аналар мен үйде отырып кәсіп бастауға ниетті жандар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Шара аясындағы«Атакәсіп — бала нәсібі» атты балаларға арналған байқау да көрермен назарын аударды. Тоғыз бала қатысқан бұл байқауда ұлттық өнерге деген құштарлығы, шеберлігімен көзге түскен Уәлихан Әмірбаев І орынды жеңіп алды. Ол — Ақтөбе қаласындағы №48 орта мектептің 9-сынып оқушысы.
— Біз бұл байқауға отбасымызбен толық құрамда қатыстық. Атам, әжем, ата-анам және әпкем — бәріміз ұлттық қолөнермен айналысамыз. Өнер — отбасылық құндылығымыз. Байқау барысында берілген «Құдық құрақ» тапсырмасын уақытынан бұрын орындап, жеңімпаз атандым, — дейді жас шебер.
Фестиваль соңында қатысушылар Алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Үздік шеберлерге тігін машиналары табыс етілді.
Арайлым НҰРБАЕВА,



