Басты жаңалықтарМереке

Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өтті.

– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мемлекет экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын жүйелі түрде тарту жұмысына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.

– Осы ретте жақында өткен Қытайға сапарымды атап өткім келеді. Бұл сапар шын мәнінде өте жемісті болды. Екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікке мықты әрі тың серпін берді. Екіжақты келіссөздердің күн тәртібі ауқымды және ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, ең алдымен, экономика саласындағы мүдделеріне тікелей байланысты болды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде мәңгілік достық пен стратегиялық серіктестік рухындағы жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 миллиард доллар болатын жетпістен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ стратегиялық сипаттағы жаңа жобалар жоспарланған. Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде СNPC компаниясымен жасалған келісімді ерекше атап өткім келеді. Жоба құны 1 миллиард доллардан асады. Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистральді құбыр құрылысын қаржыландыру бойынша Қытай даму банкімен жасалған уағдаластықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 миллион долларға жуық. Біз барлық халықаралық инвесторлармен ықпалдастықты тереңдетуге әрдайым баса мән береміз. Мұнай-газ саласында америкалық, ресейлік, еуропалық және қытайлық корпорациялармен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестік – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button