Жаңа оқу жылы: ақтөбеліктерді қандай өзгерістер күтіп тұр?

«2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп ашылды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл — барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі».
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
биылғы тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінен.
Ресми деректерге сүйенсек, биыл қазақстандық 27 оқушы әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан жүлделі оралған. Ал халықаралық олимпиадаларда медаль иеленгендердің саны мыңға жуықтайды. Мұнда ақтөбеліктердің де үлесі бар.
Ақтөбенің жас дарындары қай мектепте оқиды? Білім саласында бұдан басқа қандай сүйінші жаңалықтар бар? Ал осал тұсымыз қайсы? Биыл қандай жобалар қолға алынатынын, басқа да жұмыстардың жай-жапсарын облыстың бас педагогінен білген едік…

26 мың педагог. 190 мың оқушы. Ортақ жеңіс
Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, өңірде 441 мектеп бар. Оқушыларға 26054 педагог сабақ береді. Ал жаңа оқу жылына қадам басқан оқушы саны — 190 мыңға тарта. Соның тура он пайызы, яғни 19 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр.
— Өңірде дарынды балалармен жұмыс істеудің қалыптасқан жүйесі бар. Қазақстанның беделді Ұлттық ТОП-100 олимпиадалық мектептер рейтингісінде облыстың 6 мектебі —облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернат, №19 және №25 орта мектептер, Ақтөбе орта мектебі, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі енді. Облыстың құрама командасы үздік нәтиже көрсетіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды.
Осы жылы ақтөбелік екі оқушы халықаралық деңгейдегі беделді олимпиадада жеңімпаз атанып, Мемлекет басшысының қолынан марапат алды. Бұл —өңіріміздің білім беру саласындағы үлкен жетістік.
Биылдың өзінде ақтөбелік оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадаларда 162 медаль еншіледі: 32 алтын, 59 күміс және 71 қола. Өңірдің олимпиадалық қозғалысын алға жетелеп жүрген, облыстың тарихына алтын әріппен жазылатын ұстаздарымыздың қатарында Аян Сәбитов, Ибраһим Бақдәулетұлы, Арайлым Бахрадинова, Анна Задворная сынды педагогтер бар. Олар өз шәкірттерінің табыстарымен өңірдің ғана емес, елдің білім беру саласындағы беделін арттыруға зор үлес қосып келеді, — дейдіБ.Күзембаева.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Жаңа оқу жылында облыстың 405 мемлекеттік білім мекемесінде оқушыларға тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл игілікке 70176 бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік санаттағы 5-11 сыныптарда оқитын 8560 бала қамтылмақ.
Оқушылардытасымалдау үшін 145 автобус қызмет көрсетеді, оның 53-і білім беру ұйымдарының балансында болса, 92-сі жалға алынған. Нәтижесінде мектептен үш шақырымнан алыс тұратын 12514 оқушы және мектебі жоқ елді мекендердетұратын 199 бала ақысыз негізде қатынайды.
«Жаратылыстану-математика бағыты ақсап тұр»
Жыл сайын әр пән бойынша оқушылардың білім сапасына талдау жүргізілетіні белгілі. Соның негізінде пәндер арасында айқын айырмашылық бары, атап айтсақ, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім сапасының нашар екені анықталды. Ал гуманитарлық пәндер бойынша нәтиже көңіл көншітерлік.
— Орта білім берудегі мәселеге кеңінен тоқталсам, облыс бойынша ең нашар көрсеткіш физика және химия пәндерінің үлесінде. Бұл бағыттағы білім сапасына әсер етуші негізгі себептер: педагогтердің біліктілігі, оқушылардың функционалдық сауаттылығының жеткіліксіздігі, нәтижеге қол жеткізудегі кемшіліктер, оқу жетістіктерін бағалау мен мониторинг жүргізуде жүйеліліктің жетіспеуі.
Білім сапасындағы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өңірдегі орта білім берудің негізгі проблемаларын анықтай отыра «Облыс мектептеріне «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы қолға алынатын болады. Жоба аясында физика, химия, биология пәндері бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру, жаратылыстану-математика пәндері бойынша оқыту моделін STEM-тәсілдер мен педагогтердің тәлімгерлігі негізінде пробациялау жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде педагогтердің кәсіби деңгейі, оқушылардың функционалдық сауаты, пәнге қызығушылығы артады, тиісінше жаратылыстану пәндері бойынша білім сапасы кемінде 7-10 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Меморандум жасалды, 50 мектеп қамтылатын болады, — дейді басқарма басшысы.
Жасанды интеллектіденинклюзия кабинетіне дейін…
PISA халықаралық зерттеуі әр циклде жаңа құзыреттерге басымдық береді. Айталық, 2025 жылы негізгі назар «Цифрлық әлемде оқыту» дағдыларына аударылса, 2029 жылы оқушылардың «Жасанды интеллект сауаттылығы» негізге алынатын болады. Мемлекет басшысы тамыз кеңесінде де заманауи технология, өркениет игіліктерін пайдалануды күшейту керегін ерекше тапсырғаны мәлім.
— Облыстың білім беру жүйесін осы өзгерістерге бейімдеу мақсатында жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленеді. Сондай-ақ жаңа оқу жылында халықаралық олимпиада жеңімпаздарын даярлаған педагогтерді ынталандыру, 5 мың педагогтің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне озық технологияларды тиімді енгізген педагогтер мен білім беру мекемелерін қолдау, «Педагогтерге мобильді көмек» облыстық жобасын жалғастыру, мұғалімдердің сапалық құрамын 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Инклюзивті білім беру осы саланың барлық деңгейінде балаларды қолдау сүйемелдеудің бірыңғай моделі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл — жай ғана уақыт талабы емес, мемлекеттің нақты ұстанымы: бірде-бір ерекше бала назардан тыс қалмауға тиіс. 2025-2026 оқу жылында 18 мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылады.
Облыста бірыңғай психологиялық қызмет жүйесі қалыптастырылды. Жаңа оқу жылында психологиялық қызмет сапасы арттырылып, педагог-психологтердің жалақысы 30 пайызға өседі, — дейді облыстың бас педагогі.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН МҰҒАЛІМ
Өткен аптада ақтөбелік екі педагог Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін иемденгені белгілі. Соның бірі — Шалқар ауданындағы №4 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Күнжәмила Еңсепова.
Білім саласында 42 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман:
— Алматыдағы мемлекеттік университетті тәмамдаған 1987 жылдан бері білім беру саласында қызмет етіп жүрмін. Биология пәні бойынша оқып-білгенімді оқушыларыма үйретіп, бүгінге дейін талай ұл-қыздың ұстазы болдым. Шүкір, жолымды қуған, түрлі деңгейдегі олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен шәкірттерім аз емес. Осындай балаларыммен мақтанамын. Енді, міне, еңбегім ескеріліп, «Құрмет» орденіне ие болдым. Өзімді бақытты ұстазбын деп есептеймін. Кейінгі ұрпаққа жолымды берсін, — деп лебізін білдірді.
Әріптестері арасында үлкен беделге ие, шәкірт жүрегінен орын тапқан педагог бірнеше буын түлектің сапалы білім алуына үлес қосып келеді. Оның мол тәжірибесі мен адамгершілігі — ұжымдастары үшін үлгі.
Білім саласында 42 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман:


