Басты жаңалықтар

Өткен мен бүгіннің үндестігі

Киелі тарихпен көмкерілген қазақ даласының әр өңірі — ұлттың рухани темірқазығы. Соның бірі — Ырғыз ауданы. Биыл бұл өңірдің іргетасы қаланғанына 180 жыл толып отыр. Мерейтой аясында аудан халқы жан-жақты дайындық жүргізіп, ауылдың еңсесін тіктеп, тарихын түгендеуге ерекше көңіл бөлуде. Осыған орай Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергеновпен сұхбаттасқан едік…

— Ырғыздың 180 жылдық мерейтойы аясында қандай жұмыстар қолға алынды?

— Биыл еліміз үшін маңыздытарихи оқиғалар қатар келіп отыр. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 30 жылдығы — бұның бәрі ел тарихындағы айтулы кезеңдер. Осындай игі даталар аясында Қазақстандағы алғашқы қалалардың бірі — Ырғыздың іргетасының қаланғанына 180 жыл толуын атап өтуіміз  орынды әрі тағылымды бастама. Мерейтойды өткізу жөнінде арнайы қаулы қабылданып, ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Бұл тек той-думан  емес, ұрпаққа рухани серпіліс сыйлайтын, өткенге тағзым етіп, келешекке бағдар ұсынатын маңызды шара болмақ.Аталған датаға орай 2010 жылы жарық көрген «Ырғыз» энциклопедиясы жаңартылып, толықтырылған нұсқада қайта басып шығарылды. Бұл — жас ұрпаққа таптырмас рухани мұра.

— Ырғыз топырағында қазақ тарихындағы тағдыршешті оқиғалар болғанын білеміз. Мәселен, Ресеймен одақтасу туралы келісімнің дәл осы өңірде жасалуы тегін емес болар?

— Дұрыс айтасыз. Қазақ даласында қастерлі мекен көп. Соның бірі — шежіреге толы Ырғыз жері. 1731 жылдың 10 қазанында Әбілқайыр хан Ресеймен одақтасу туралы шешім қабылдап, осы Ырғыз аумағында тарихи келісімге келді. Бұл —қазақ халқының тағдырына ықпал еткен бетбұрысты кезеңнің бірі. Келер жылы бұл тарихи оқиғаға 295 жыл толады. Ырғыздың осындай тағдырлы кезеңдердің куәсі болуы оның елдік деңгейдегі тарихи орнын айқындай түседі.

— Ырғыз күнінің 11 қыркүйекке белгіленуінің өзіндік тарихы бар екен…

— Ырғыз — талай тарихи оқиғаны бастан өткерген мекен. 1845 жылдың жазында Орал әскери бекінісі ретінде алғаш іргесі қаланған Ырғыз мекенінің ресми ашылуы сол жылы 30 тамызда, яғни қазіргі күнтізбемен 11 қыркүйектеөткен. Осы тарихи күнге байланысты 2014 жылдан бері 11 қыркүйек — «Ырғыз күні» ретінде кең көлемде тойланып келеді. Биылғы 180 жылдық мерейтойды да дәл осы күнге орайластырып отырмыз.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, 1868 жылдан бастап қала мәртебесін алып, елу жылдан астам уақыт уезд орталығы болған Ырғыз сол кезде білім, мәдениет, сауда және саяси өмірдің маңызды ордасына айналды.1864 жылы Шахмұрат Құлыбеков ашқан мектеп — өңірдегі қазақ балаларына арналған алғашқы оқу орны. Ал халқымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин дәл осы Ырғызда қазақ қыздарына арналған тұңғыш училище мен халық кітапханасын ашқанын бәріміз білеміз. Қазақтың алғашқы дәрігері Мұхамбетжан Қарабаев та дәл осы жердегі ауруханада еңбек еткен.Сол секілді, кезінде дүбірі алысқа жеткен Жармола жәрмеңкесі сауданың күретамырына айналды. Биыл жәрмеңкенің ашылғанына 155 жыл толады.

Кезінде Ыбырай мектебінен тәлім алған қазақ жастары халқымыздың алғашқы зиялыларының қатарында өз заманынан оза шапты. Ырғыздан түлеп ұшқан тұлғалар қатарында — мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетов, мәдениет негізін қалаушылардың бірі Темірбек Жүргенов, ағартушы-ғалым Телжан Шонанов, қоғам қайраткерлері — Тел Жаманмұрынов, Бәймен Алманов, Мұхамедияр Тұңғашин сияқты азаматтар бар. Сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдары ел еңсесін тіктеуге үлес қосқан 23 ырғыздық азаматқа Алтын Жұлдыз тағылды.

— Бүгінгі Ырғыздың тыныс-тіршілігі қандай?

—Ырғыз —  тарихтың талай белестерінен өтіп, бүгінде жаңару жолындағы, келешекке сеніммен қадам басқан заманауи мекен. Соңғы жылдары халық саны артып, елдімекеннің аумағы кеңеюде. Жаңадан бой көтерген шағын аудан, салынған тұрғын үйлер, ойын алаңдары, саябақтар — бәрі де ауыл көркіне көрік қосып отыр.2016 жылдан бері ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Барлық көше жарықпен қамтамасыз етілген, жолдар асфальтталып жатыр. Ескі бөлікті толық жаңғырту келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Мұның бәрі — аға буын мен бүгінгі ұрпақтың еңселі еңбегінің нәтижесі.

— Мерейтой аясында қандай ауқымды іс-шаралар өткізілмек? Шараға кімдер арнайы шақырылды?

— 11 қыркүйекте «Аймақты әнмен тербетіп» атты ХХVІ республикалық өнер мерекесімен мерейтой шымылдығы ашылады. Бұл шара дәстүрлі және эстрадалық ән өнерін қамтиды. Қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, ән мен жырдың думанын жасамақ. Ал 12 қыркүйекте 24 шақырымдық аламан бәйге және «Түйе палуан» атағы үшін қазақша күрес өтеді. Қонақтар ауданның тарихи-мәдени нысандарын, аудандық музейді және Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватын аралайды. Сол күні «Арай» мәдениет үйінде ғылыми-танымдық конференция өтеді. Бұл жерде Ырғыз тарихына қатысты тың деректер айтылып, қайта басылған «Ырғыз» энциклопедиясының тұсаукесері де осы күнге жоспарланған.

Мерейтой қонақтары қатарында елімізге белгілі тұлғалар бар. Атап айтсам,  мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша Қарабалина, ақын, публицист, Ырғыз ауданының құрметті азаматы Мейірхан Ақдәулетұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Ералин және басқа да жерлестерімізді той төрінен көреміз деген ойдамыз. Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарихшы ғалым Светлана Смағұлова, сондай-ақ көршілес өңірлердің — Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары мен аймақтың бірнеше ауданынан делегацияшақырылды.

— Мерейтойдың негізгі мәні мен түпкі мақсаты қандай?

— Бұл шара — атақ пен абырой үшін емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып,рухани жадымызды жаңғыртуға арналған. «Өткенсіз — бүгін жоқ, бүгінсіз — ертең жоқ» дейді халық даналығы. Біз тарихты жаңғырта отырып, жастарға бағыт-бағдар көрсеткіміз келеді.Аға буынның елге сіңірген еңбегін еске алып, жас ұрпаққа еңбек пен елге қызмет етудің маңызын ұғындыру — басты мақсат. Ырғыздың 180 жылдық мерейтойы тарихқа тағзым мен болашаққа сенімнің тоғысы болмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

ТҰҢҒЫШТАРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН ТОПЫРАҚ

Ырғыз — тарих қойнауында тұнып жатқан, сан салада алғаш қадам жасаған киелі өңір. Бұл мекен — тұңғыштардың ордасы.

  • 1856 жылы Ырғызда метеорологиялық станса ашылып, күні бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп келеді.
  • 1864 жылы 25 қазанда Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық миссиясымен қазіргі Ақтөбе өңіріндегі ең алғашқы бастауыш қазақ мектебі дәл осы Ырғызда ашылды.
  • 1868 жылы Ырғызға ресми түрде қала мәртебесі берілді. Бұл өңір қала статусын 1925 жылға дейін иеленіп келді.
  • 1879 жылы Ы.Алтынсариннің тікелей ықпалымен Ырғызда екі кластық орыс-қазақ училищесі ашылды.
  • 1882 жылы облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып Ырғызда пошта бөлімшесі ашылып, 1886 жылы ол пошта-телеграф кеңсесіне айналды.
  • 1883 жылы дәл осы қалада ағартушы ұстаз Ы.Алтынсарин қазақ даласындағы алғашқы халықтық кітапхананы ашты.
  • 1887 жылы Ырғыз тағы бір тарихи бастаманың көшін бастады — мұнда Қазақстандағы тұңғыш қазақ қыздар училищесі ашылды. Сол жылы тұрғындарға арналған 10 төсектік аурухана да өз жұмысын бастады. Мұнда қазақтың алғашқы кәсіби дәрігері Мұхамбетжан Қарабаев еңбек етті.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button