«Таза Қазақстан»

Ақтөбеліктер «Таза бейсенбі» акциясына атсалысуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы елдің барлық аймағында қолдау тауып келеді. Осы бастаманың аясында «Amanat» партиясы тұрақты түрде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын ұйымдастыруда.

«Жастар рухы» ЖҚ мүшелері Қарғалы ауданындағы «Нұрбұлақ» бұлағының маңын тазаратты. Экологиялық акцияға 40-ға жуық ерікті қатысып, тоннаға жуық қалдық шығарды. Сондай-ақ олар темір қоршауларды сырлап, жолаушылар аялдайтын орынды ретке келтірді.

– Қарғалы ауданы көрікті табиғаты, тарихи-мәдени мұрасы және табиғи ландшафттарымен ерекшеленіп, туризмді дамытуға айтарлықтай әлеуетке ие.Мәселен, «Қасқыр» сарқырамасы және Qargaly Eco Resort туристік кешеніне байланысты маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Нұрбұлақ» бұлағы да туристер ағынын арттыруға үлес қосуда. Мұнда автокөлік жүргізушілері жиі тоқтайды. Сондықтан да табиғи бұлаққа қамқорлық жасау маңызды, – деді партияның Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова.

Қобда ауданындағы партия мүшелері Қобда өзенінің оң жақ бөлігі мен ауылдық округке баратын жол маңын тазартты. Игі іске 100-ден артық адам қатысып, 3 тонна қоқыс шығарылды.

-Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың балалық шағы өткен Қобда өзенін жиі тазартып тұрамыз. Өткен аптада сол жақ бөлігін жинастырсақ, осы жолы оң жағын тұрмыстық қалдықтардан тазарттық. Акцияға қатысушылар командаларға бөлініп, неғұрлым көп қоқыс жинаған команда марапатқа ие болды, – деді партияның Қобда аудандық филиалының консультанты Нұргүл Ыбраева.

Партияның Ырғыз аудандық филиалы жалғызбасты қарияға көмек ұйымдастырды. Онға жуық ерікті мен филиал қызметкерлері 80 жастағы зейнеткер Оспан Прмағанбетовтың ауласын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, бау-бақшасын ретке келтірді.

Меңтай Бектұрсынова

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button