Адал еңбектің салтанаты


Елімізде тамыздың соңғы жексенбісі —Шахтерлер күні. Хромтау қаласында Конституцияның 30 жылдығы және шахтерлердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекеге облыс әкімі Асхат Шахаров пен ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов қатысты.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі еңбек адамдарын құттықтап, тау-кен саласындағы жетістіктерге тоқталды.
—Қазіргі таңда тау-кен саласы облысымыздың өнеркәсіптік өндірісінің шамамен 53 пайызын құрайды. Өндірістік секторда металлургиялық рудаларды өндірудің маңызы ерекше, ол барлық өндірістік өнімнің 25 пайызын құрап отыр.Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар әрқашан құрметке лайық екенін атап өтіп, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жұмысшы мамандығының қоғамдағы беделін көтеру, еңбек адамына лайықты ілтипат білдіру — әрдайым назарымызда. Сіздерге табандылықтарыңыз, өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біз сіздермен мақтанамыз, — деді облыс әкімі.
ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов те әріптестерін құттықтап, еңбектері үшін алғыс білдірді.
— Соңғы жылдары біз бірлесіп үлкен нәтижелерге жеттік. ERG Green фабрикасын іске қостық. Бұл — әлемде тұңғыш рет хром қалдықтарын гравитациялық әдіспен өңдейтін бірегей жоба. Бұл — тек технологиялық жетістік қана емес, аймақтың экологиялық болашағына әрі саланың тұрақты дамуына қосқан зор үлес. Былтыр «Болашақ» шахтасы пайдалануға берілді. Ол — әлемдегі ең терең шахталардың бірі, қуаты жылына 7,5 миллион тонна. 2024 жылы хром кенінің өндірісі 6 миллион тоннадан асып, ферроқорытпа өндірісі тарихи ең жоғары көрсеткіш — 1,864 миллион тоннаға жетті. Мұның бәрі — сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Әсіресе Хромтау тұрғындарына, кеншілердің отбасыларына алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз бізге күш-қуат береді, — деді Шухрат Ибрагимов.
Салтанатты іс-шарада Асхат Шахаров тау-кен саласының ардагерлері мен шахтерлерге «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі сияқты мемлекеттік наградалар табыстап, «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» атағымен марапаттады. Марапат иелері «Қазхром» ТҰК» АҚ, Ақтөбе мыс және Восход-Oriel компанияларында жұмыс істейді. Еңбегі еленген азаматтар қуанышымен бөлісті.
— Еңбегіміздің бағаланғанына қуаныштымын. Бұл — менің ғана емес, бүкіл бригадамның еңбегі. Әрқайсысымыз өз жұмысымызды жан-тәнімізбен істейміз. Нағыз шахтер көп сөйлей бермейді, бірақ біздің қуанышымыз жүрегімізден шығады. Компанияға, әріптестеріме, отбасымa ризамын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын,— деді Дөң тау-кен байыту комбинатының Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасында жұмыс істейтін ұңғылаушылар бригадирі, «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық кавалері Исмағұл Бажақанов.
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, сахнада кәсіпорын қызметкерлері мен эстрада жұлдыздары ән салды. Мерекелік кеште Роза Рымбаева, «Ұлытау» тобы, Қазбек Құрайыш, Айқын Төлепберген, Kalifarniya өнер көрсетті. Дөң тау-кен комбинатының «Молодежная» шахтасының ұңғылаушысы Нұрболат Қазақбаев «Ұлытау» тобымен бірге домбыра тартып, тау-кен инженері Гүлзат Жанәділова Қазбек Құрайышпен қосылып ән шырқады. Іс-шара лазерлік шоу мен мерекелік отшашуға ұласты.
Мерекеде шахтерлер туралы арнайы фильм көрсетіліп, «Қазхромның» өндірістік жетістіктері мен әлеуметтік жобалары таныстырылды. Биыл Хромтауда жаңа Мәдениет орталығы пайдалануға берілді. Компанияның қолдауымен мектептер жөнделіп, аула-аймақ абаттандырылып, инженерлік желілер жаңартылып жатыр.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



